Еркетай ТҰТҚЫШЕВ,
Көші-қон полициясы басқармасының бастығы,
полиция подполковнигі.
Қазақстан Республикасындағы көші-қон полициясының қызметі ҚР-ның “Халықтың көші-қоны туралы”, “Қазақстан Республикасындағы шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы”, “Ішкі істер органдары туралы” Заңдарымен, елімізде ратификацияланған халықаралық шарттармен, “Қазақстан Республикасына қоныс аударушылардың келуі және болуы, сол сияқты, Қазақстан Республикасынан кетуі” ережелерімен реттеледі.
Заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін қоныс аударған шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар көшіп келушілер болып саналады. Шетелдік дегеніміз – Қазақстан Республикасының азаматы болып есептелмейтін, басқа мемлекеттің азаматтығын иеленетін адамдар, ал еліміздің азаматына жатпайтын және басқа мемлекеттің азаматы болып саналмайтын шетелдіктер азаматтығы жоқ адамдар деп танылады.
Көшіп келушілер Қазақстан Республикасына қолданыстағы шетелдік төлқұжатымен немесе оларды ауыстыратын құжаттарымен Қазақстан Республикасының көшіп келу және болу туралы рұқсаты болған жағдайда, ҚР-ның заңнамалық актілерімен басқа тәртіп белгіленбесе, халықаралық жолаушылар қатынасы үшін ашылған мемлекеттік шекараның өткізу қосыны арқылы кіреді және кетеді.
Қазақстан Республикасының көшіп келу және тұру рұқсатын (визасын) беру және оны ұзарту ережесі ҚР-ның жеке нормативтік-құқықтық актілерімен реттеледі.
Визасыз кіру және болу тәртібі туралы келісім жасалған мемлекеттердің азаматтары халықаралық келісімдермен белгіленген ережелерді сақтап, қолданыстағы құжатымен немесе оларды ауыстыратын құжаттарымен кіре алады.
Үстіміздегі жылдың үш айында облыстың ішкі істер органдарында 3860 шетелдік уақытша тіркелді. Олардың негізгі бөлігі – 3758 адам ТМД елдерінен келген, алыс шетелдерден келгені – 102. Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің келісімі аясында еңбек ететін көшіп келушілер ретінде Ресей Федерациясының 11 азаматы тіркелген.
Қазақстан Республикасы аумағында болу ережесін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 394-бабы бойынша ішкі істер органдары 608 шетелдікті әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде 26 адамды елден кетірді. Мысалы, Израильдің 1976 жылы туған Л. деген азаматы бір жыл ішінде екінші рет ҚР аумағында болу ережесін бұзғаны үшін екі тәулікке әкімшілік қамауға алынып, ҚР аумағынан шығарылды. Қазақстанда шетелдіктердің болу ережесін бұзғаны үшін еліміздің 132 азаматы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 395-бабы бойынша жауапқа тартылды.
Шығарып жіберу туралы сот шешімін орындамағаны үшін шетелдіктерге қылмыстық жаза да қолданылады. Мысалы, ТМД елінің 2 азаматы ҚР Қылмыстық кодексінің 330-1-бабы бойынша сот шешімін орындамағаны үшін жауапқа тартылып, сотталды.
Қазақстанға уақытша келгендердің тиісті рұқсатсыз еңбек қызметімен айналысуға заң жүзінде тыйым салынғанына қарамастан, облыс аумағында ережені бұзған 10 шетелдік пен 8 жұмыс беруші анықталып, жауапқа тартылды.
М.Жұмабаев ауданының ІІБ қызметкерлері ЖШС-де рұқсатсыз еңбек етіп жүрген Қырғызстан республикасының азаматтарын анықтады. Аудандық соттың шешімі бойынша аталмыш шетелдіктерге 25 АЕК көлемінде айыппұл салынып, ел аумағынан шығарылды. Ал жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз шетелдік жұмыс күшін пайдаланған жұмыс беруші – ҚР азаматы 200 АЕК көлемінде сомасы 370 400 теңгенің айыппұлын төледі.
Ішкі істер органдарының қызметкерлері құжатсыз және тіркеусіз тұруға жол бермес үшін ҚР азаматтарына қатысты жұмысты тұрақты түрде жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде құжатсыз және тіркеусіз жүрген Қазақстан Республикасының 1094 азаматы анықталды.
Қолданылған шаралардың арқасында көші-қон заңын бұзған адамдарға сомасы 10 926 800 теңгенің айыппұлы салынып, олардан 9 828 500 теңге өндіріліп алынды. Облыс бойынша айыппұлдың өндіріліп алуы 90,5 пайыз болды.
Көші-қон полициясы қарызгерлер мен алимент төлеуден жалтаратындарды іздестіру жұмысымен де айналысады. Біздің басқарманың бөлімшелеріне барлығы 341 сот ұйғарымы түсіп, соның негізінде қарызгерлерге байланысты 297 және алимент төлемейтіндерге байланысты 44 іздестіру ісі қолға алынды. Көші-қон полициясы қызметкерлерінің қолданған шараларының арқасында 40 алимент төлемеушінің және 269 қарызгердің тұрғылықты мекенжайы анықталды. Шал ақын ауданындағы ІІБ-нің көші-қон полициясы қызметкерлері 1961 жылы туған, алимент төлеуден жалтарып жүрген және қарызы 548 230 теңгені құрайтын Б. деген азаматты жауапқа тартты.
Жоғарыда келтірілген деректер Қазақстан Республикасының аумағына келген адамдар сол елдің заңын сақтауы және оны құрметтеуі қажет екендігін дәлелдей түседі.