«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«КӨШІ-ҚОНДЫ БӘСЕҢДЕТУГЕ БОЛМАЙДЫ»

– Бурахан Нұржанұлы, берісі республика жұртшылығы, әрісі шетелдегі қандастарымыз сізді көші-қон мәселесімен айналы­сып, талмай насихаттап жүрген белсенді азамат ретінде жақсы біледі. Бұл идея қалай туды?

– Әке-шешем қызмет бабы­мен мекенжайды жиі ауысты­рып жүргендіктен бе, көшіп-қо­нуға кішкентай кезімнен дағды­ланып, етім үйреніп кетті. Ес жиып, ақыл тоқтатқан шағымда теріскей өңірлерді аралай жүріп, байырғы жұрттың аздығы, ана тіліміздің өз дәрежесінде қолда­нылмайтыны қабырғама қатты батты. Содан мемлекеттік дең­гейде шешімін табуы тиіс қадау-қадау проблемаларды ой елегі­нен өткізе келіп, шама-шар­қымша өз үлесімді қосуға бекіндім. Оның үстіне Үкімет тарапынан көші-қон үдерісін жандандыру мақсатында арна­йы бағдарламалар қабылданып, жақсы тәжірибелердің өріс алуы осы бағытты түбегейлі таңдауы­ма әсер етті.

– Таңдау неге Мағжан еліне түсті?

– 2017 жылдан бері Қазақстанның біраз жеріне табаным тиді. Қазақтың небір марқасқа тұлғалары туып-өскен Қызыл­жар өңірі ерекше ұнады. Өзім­мен бірге оншақты отбасыны ерте келдім. Орналастық, отбасының әр мүшесіне 204 мың теңге мөлшерінде бірреттік жәрдемақы берілді. Тұрғын үй­мен, жұмыспен қамтамасыз етті.

Теріскейді қазақтандыру жайы қалай?

– Соңғы жылдары 2400-дей адам орнықты. Квота тапсырма­сы орындалып келеді. Тұтастай алғанда, бағыт айқын, көңіл то­лады. Десек те демографиялық ахуал әрқилы. Оның бір ұшы еңбекақының аздығына келіп тіреледі. «Болашағы бұлыңғыр» ауылдардың, шағын жинақты мектептердің үлесі басым. Ты­ғырықтан шығудың бірден-бір жолы – солтүстік пен оңтүстіктің халқын теңестіру.

Қызылжар өңірінде жұмыс күшінің тапшылығы әлі де өзекті. Негізінен жер мен мал шаруашылығы жақсы дамыған­дықтан, көбіне агроном, мал дәрігері, механизатор, малшы мамандықтары жетіспейді. Оны айтамыз, кейбір ауылдарда мек­теп директорларының орны бос тұр.

Көшіп келушілерге қандай жеңілдіктер жасалады?

– Бір отбасында қанша жан болса, соның әрбіріне 270 мың теңгеден бірреттік төлемақы беріледі. Бұрындары олар үшін баспана салынатын. Енді «Ұт­қырлық сертификаты» жобасы енгізілді. Ол бойынша қоныс ау­дарушы үй сатып алса, оның құ­нының 50 пайызын ғана төлейді, қалғанын үкімет өтейді. Егер келісімшарттағы бес жылдық мерзімді толтырмай кетіп қалса, қаржы сот арқылы өндіріп алы­нады.

Ондай фактілер тіркелді ме?

– Өкінішке қарай, кездеседі. Оңтүстіктен Ақжар ауданына қоныс аударған отбасы мемле­кеттік бағдарлама аясында 5 млн. теңге алған. Кейін белгісіз себептермен кері оралған. Алай­да 60 ай ішінде республикалық қазынаға қайтарылуы тиіс суб­сидия түспеген. Талапкер сотқа жүгінген. Сот ұйғарымымен бітімгершілік келісім негізінде қаражатты бюджетке қайтару міндеттелді.

Әрине, кіндік қаны тамған мекеннен еліміздің алыс түкпірі­не көшу, тонның ішкі бауындай біте қайнасып кету–айтуға ғана оңай. Бірі қытымыр қысы мен үскірік аязына шыдай алмаса, енді бірінің денсаулығы сыр бе­руі болмаса қалыпты әлеуметтік жағдайдың жасалмауы мүмкін. Қалай десек те, жан қиналмай іс бітпейді демекші, шындап ниет қойса, алынбайтын асу болмай­ды. Оған осында түпкілікті ор­нығып, еселі еңбегімен ел ыры­сын молайтып жүрген кәсіпкер­лер, отбасылар дәлел.

Сөзіңізге қарағанда, көшіқон процесінде кедергілер бар сияқты. Сырттағы ағайында­рымызды жалғыз отаныҚа­зақстанға мейлінше көбірек тарту үшін не істеу керек?

– Шетелдегі ағайынның атажұртқа оралуы әлі баяу жүру­де. Қытайдан келгендер–Жеті­суды, Түркіменстаннан келген­дер Маңғыстауды таңдайды. Ал солтүстік өңірлерді бетке алған­дар аз. Қынжылтатыны, кей республикалық ведомство өкіл­дері оларды қоныстандырып, үй-жайы мен аздаған субсидия­сын берсек, бәрі жақсы болып кетеді деп жаңсақ ойлайды. Материалдық жағынан көтер­мелеу – өз алдына, рухани және әлеуметтік бейімдеу – өте күр­делі үдеріс. Нақтырақ айтсам, көшіп келген адамның адапта­ция, интеграция, социализация мәселелері бағдарламада қарастырылмаған. Жергілікті жерде тіркеуге қоюда да қағазбасты­лық, бюрократия аз ұшырас­пайды.

Мынандай бір келеңсіз оқи­ғаға куәмін. Қытайда тұратын ағаларымызды Қазақстанға көшіп келсек, қандай жағдайлар жасалады, жер бере ала ма деген сияқты сұрақтар мазалаған. Олар 1,5 млрд. халықтың ішінде отырып, мал баққан, қыста – қыстауы, жазда – жайлауы, күз­де – күздеуі, болып, төрт түлік түлеткен. Елге жүректерін қолға ұстап, сағынышпен жеткенде «Жер жоқ!» деп қарсы алып, кері шығарып салған. Меніңше, атамекенге көшіп келгісі ке­летін азаматтарды Солтүстік Қазақстанға қарай бағыттап, олар­ға жер беру жүйесін бір ретке келтіру керек. Өйткені Қытай­дағы, Өзбекстандағы, Моңғо­лиядағы қандастарымыздың көбі жер, мал шаруашылығына өте бейім. Сонымен бірге арала­рында басқа да мамандық ие­лері бар. Сонда Қазақстанның экономикалық, мәдени өркендеуіне өз үлестерін қосары сөзсіз. Әлі күнге дейін үлкен әлеуметтік топ, саяси күш екені мойындалмай келеді. Еге­мендіктің елең-алаң шағынан бері бір жарым миллионнан ас­там ағайын көшіп келіп, табиғи өсімі төрт миллионнан асты. Бұл – Қазақстан халқының төрттен бір бөлігін құрайды деген сөз. Осы үлкен қауымның белсенділігін, жауапкершілігін арттырып, ел игілігі жолында еселі еңбек етулеріне жол ашуы­мыз қажет.

Әлеуметтік желілердің бірі­нен қазір этникалық қазақтарды тарихи Отанына тарту саябыр­сып қалды деген жазбаңызды оқыдық. Ойыңызды тарқата айт­саңыз?

– Оған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандас­тар» қорының бір-бірімен келіс­пеушілігі негіз болып тұр. Бұл екеуі бір құрылым болғанымен, бөлек жұмыс істейді. Тіпті «Отандастар» қоры былтырдан бастап елге сырттағы бауырла­рымызды шақырудан өздерінің жауапкершілігін алып тастады. Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығының ісінен сөзі көп. Сон­дықтан әлемдегі қазақтардың атажұртқа қарай ат басын бұ­руына қозғау салатын, үгіт-на­сихат, түсіндіру, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу мақсатын­да бір дербес мекеме ауадай қа­жет. Солтүстікке көшу – негізгі бір бағыт, сала екені белгілі, бі­рақ жалпы ішкі, сыртқы көші-қонға жауап беретін жеке бір құрылым керек-ақ! Кезінде он­дай ұйым болған. Бүгінде оның өкілеттіктерін министрліктерге бөліп тастаған. Мысалы, құжат рәсімдеуде проблемалар шаш-етектен. Көші-қон саясаты жа­ңаша тұрғыдан ұйымдастырыл­са, идеологиялық, экономика­лық, демографиялық тұрғыдан да өте тиімді. «Елге ел қосылса – құт» дегендей, шешімін таба­тын бір мәселе – осы. Сонда қандастардың құжаттарын, кво­таны, қандас мәртебесін алу жайы әлдеқайда жеңілдейді, түрлі кедергілерден арылады.

Кезінде кеңшар директоры Игібай Шалов «Елімай» бағдар­ламасы аясында Тимирязев ауда­нының Белоградовкка ауылына 68, Есіл ауданы Амангелді ауыл­дық округінің әкімі Мұхтар Сә­дуов 20 отбасыны топтастыра қоныстандырып, нәтижесінде қа­зақша мектептер ашылып, ұлт­тық салтдәстүрлеріміз кеңінен өркен жайған еді. Үзіліп қалған осы дәстүрді неге қайтадан жан­дандырмасқа?

– Ойымды дөп бастыңыз. Бұл – ауылдарды сақтап қалу­дың ең ықтималды жолы. Қауымдасып, шоғырландырып орналастырудың ұтымдылығы тәжірибеде әлдеқашан дәлел­денген. Мәселен, Моңғолиядан келген 10-20 отбасыны быты­ратпай, керісінше бір ауылға орналастырсақ, ана тіліміздің қолдану аясы кеңіп, білім оша­ғы оқушылармен толығар еді. Сосын облыс, аудан орталықта­рының маңына көптеп тарту керек. Аудан деген дардай аты бар Тимирязев тұрғындарының саны әрі кетсе 10 мыңнан ғана асып жығылады. Осыған орай «Қазақи белдеу» атты бағдарла­ма түзіп жатырмыз.

Ашық әңгімеңізге рахмет!

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp