– Бурахан Нұржанұлы, берісі республика жұртшылығы, әрісі шетелдегі қандастарымыз сізді көші-қон мәселесімен айналысып, талмай насихаттап жүрген белсенді азамат ретінде жақсы біледі. Бұл идея қалай туды?
– Әке-шешем қызмет бабымен мекенжайды жиі ауыстырып жүргендіктен бе, көшіп-қонуға кішкентай кезімнен дағдыланып, етім үйреніп кетті. Ес жиып, ақыл тоқтатқан шағымда теріскей өңірлерді аралай жүріп, байырғы жұрттың аздығы, ана тіліміздің өз дәрежесінде қолданылмайтыны қабырғама қатты батты. Содан мемлекеттік деңгейде шешімін табуы тиіс қадау-қадау проблемаларды ой елегінен өткізе келіп, шама-шарқымша өз үлесімді қосуға бекіндім. Оның үстіне Үкімет тарапынан көші-қон үдерісін жандандыру мақсатында арнайы бағдарламалар қабылданып, жақсы тәжірибелердің өріс алуы осы бағытты түбегейлі таңдауыма әсер етті.
– Таңдау неге Мағжан еліне түсті?
– 2017 жылдан бері Қазақстанның біраз жеріне табаным тиді. Қазақтың небір марқасқа тұлғалары туып-өскен Қызылжар өңірі ерекше ұнады. Өзіммен бірге оншақты отбасыны ерте келдім. Орналастық, отбасының әр мүшесіне 204 мың теңге мөлшерінде бірреттік жәрдемақы берілді. Тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етті.
– Теріскейді қазақтандыру жайы қалай?
– Соңғы жылдары 2400-дей адам орнықты. Квота тапсырмасы орындалып келеді. Тұтастай алғанда, бағыт айқын, көңіл толады. Десек те демографиялық ахуал әрқилы. Оның бір ұшы еңбекақының аздығына келіп тіреледі. «Болашағы бұлыңғыр» ауылдардың, шағын жинақты мектептердің үлесі басым. Тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – солтүстік пен оңтүстіктің халқын теңестіру.
Қызылжар өңірінде жұмыс күшінің тапшылығы әлі де өзекті. Негізінен жер мен мал шаруашылығы жақсы дамығандықтан, көбіне агроном, мал дәрігері, механизатор, малшы мамандықтары жетіспейді. Оны айтамыз, кейбір ауылдарда мектеп директорларының орны бос тұр.
– Көшіп келушілерге қандай жеңілдіктер жасалады?
– Бір отбасында қанша жан болса, соның әрбіріне 270 мың теңгеден бірреттік төлемақы беріледі. Бұрындары олар үшін баспана салынатын. Енді «Ұтқырлық сертификаты» жобасы енгізілді. Ол бойынша қоныс аударушы үй сатып алса, оның құнының 50 пайызын ғана төлейді, қалғанын үкімет өтейді. Егер келісімшарттағы бес жылдық мерзімді толтырмай кетіп қалса, қаржы сот арқылы өндіріп алынады.
– Ондай фактілер тіркелді ме?
– Өкінішке қарай, кездеседі. Оңтүстіктен Ақжар ауданына қоныс аударған отбасы мемлекеттік бағдарлама аясында 5 млн. теңге алған. Кейін белгісіз себептермен кері оралған. Алайда 60 ай ішінде республикалық қазынаға қайтарылуы тиіс субсидия түспеген. Талапкер сотқа жүгінген. Сот ұйғарымымен бітімгершілік келісім негізінде қаражатты бюджетке қайтару міндеттелді.
Әрине, кіндік қаны тамған мекеннен еліміздің алыс түкпіріне көшу, тонның ішкі бауындай біте қайнасып кету–айтуға ғана оңай. Бірі қытымыр қысы мен үскірік аязына шыдай алмаса, енді бірінің денсаулығы сыр беруі болмаса қалыпты әлеуметтік жағдайдың жасалмауы мүмкін. Қалай десек те, жан қиналмай іс бітпейді демекші, шындап ниет қойса, алынбайтын асу болмайды. Оған осында түпкілікті орнығып, еселі еңбегімен ел ырысын молайтып жүрген кәсіпкерлер, отбасылар дәлел.
– Сөзіңізге қарағанда, көші–қон процесінде кедергілер бар сияқты. Сырттағы ағайындарымызды жалғыз отаны – Қазақстанға мейлінше көбірек тарту үшін не істеу керек?
– Шетелдегі ағайынның атажұртқа оралуы әлі баяу жүруде. Қытайдан келгендер–Жетісуды, Түркіменстаннан келгендер Маңғыстауды таңдайды. Ал солтүстік өңірлерді бетке алғандар аз. Қынжылтатыны, кей республикалық ведомство өкілдері оларды қоныстандырып, үй-жайы мен аздаған субсидиясын берсек, бәрі жақсы болып кетеді деп жаңсақ ойлайды. Материалдық жағынан көтермелеу – өз алдына, рухани және әлеуметтік бейімдеу – өте күрделі үдеріс. Нақтырақ айтсам, көшіп келген адамның адаптация, интеграция, социализация мәселелері бағдарламада қарастырылмаған. Жергілікті жерде тіркеуге қоюда да қағазбастылық, бюрократия аз ұшыраспайды.
Мынандай бір келеңсіз оқиғаға куәмін. Қытайда тұратын ағаларымызды Қазақстанға көшіп келсек, қандай жағдайлар жасалады, жер бере ала ма деген сияқты сұрақтар мазалаған. Олар 1,5 млрд. халықтың ішінде отырып, мал баққан, қыста – қыстауы, жазда – жайлауы, күзде – күздеуі, болып, төрт түлік түлеткен. Елге жүректерін қолға ұстап, сағынышпен жеткенде «Жер жоқ!» деп қарсы алып, кері шығарып салған. Меніңше, атамекенге көшіп келгісі келетін азаматтарды Солтүстік Қазақстанға қарай бағыттап, оларға жер беру жүйесін бір ретке келтіру керек. Өйткені Қытайдағы, Өзбекстандағы, Моңғолиядағы қандастарымыздың көбі жер, мал шаруашылығына өте бейім. Сонымен бірге араларында басқа да мамандық иелері бар. Сонда Қазақстанның экономикалық, мәдени өркендеуіне өз үлестерін қосары сөзсіз. Әлі күнге дейін үлкен әлеуметтік топ, саяси күш екені мойындалмай келеді. Егемендіктің елең-алаң шағынан бері бір жарым миллионнан астам ағайын көшіп келіп, табиғи өсімі төрт миллионнан асты. Бұл – Қазақстан халқының төрттен бір бөлігін құрайды деген сөз. Осы үлкен қауымның белсенділігін, жауапкершілігін арттырып, ел игілігі жолында еселі еңбек етулеріне жол ашуымыз қажет.
– Әлеуметтік желілердің бірінен қазір этникалық қазақтарды тарихи Отанына тарту саябырсып қалды деген жазбаңызды оқыдық. Ойыңызды тарқата айтсаңыз?
– Оған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қорының бір-бірімен келіспеушілігі негіз болып тұр. Бұл екеуі бір құрылым болғанымен, бөлек жұмыс істейді. Тіпті «Отандастар» қоры былтырдан бастап елге сырттағы бауырларымызды шақырудан өздерінің жауапкершілігін алып тастады. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ісінен сөзі көп. Сондықтан әлемдегі қазақтардың атажұртқа қарай ат басын бұруына қозғау салатын, үгіт-насихат, түсіндіру, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу мақсатында бір дербес мекеме ауадай қажет. Солтүстікке көшу – негізгі бір бағыт, сала екені белгілі, бірақ жалпы ішкі, сыртқы көші-қонға жауап беретін жеке бір құрылым керек-ақ! Кезінде ондай ұйым болған. Бүгінде оның өкілеттіктерін министрліктерге бөліп тастаған. Мысалы, құжат рәсімдеуде проблемалар шаш-етектен. Көші-қон саясаты жаңаша тұрғыдан ұйымдастырылса, идеологиялық, экономикалық, демографиялық тұрғыдан да өте тиімді. «Елге ел қосылса – құт» дегендей, шешімін табатын бір мәселе – осы. Сонда қандастардың құжаттарын, квотаны, қандас мәртебесін алу жайы әлдеқайда жеңілдейді, түрлі кедергілерден арылады.
– Кезінде кеңшар директоры Игібай Шалов «Елім–ай» бағдарламасы аясында Тимирязев ауданының Белоградовкка ауылына 68, Есіл ауданы Амангелді ауылдық округінің әкімі Мұхтар Сәдуов 20 отбасыны топтастыра қоныстандырып, нәтижесінде қазақша мектептер ашылып, ұлттық салт–дәстүрлеріміз кеңінен өркен жайған еді. Үзіліп қалған осы дәстүрді неге қайтадан жандандырмасқа?
– Ойымды дөп бастыңыз. Бұл – ауылдарды сақтап қалудың ең ықтималды жолы. Қауымдасып, шоғырландырып орналастырудың ұтымдылығы тәжірибеде әлдеқашан дәлелденген. Мәселен, Моңғолиядан келген 10-20 отбасыны бытыратпай, керісінше бір ауылға орналастырсақ, ана тіліміздің қолдану аясы кеңіп, білім ошағы оқушылармен толығар еді. Сосын облыс, аудан орталықтарының маңына көптеп тарту керек. Аудан деген дардай аты бар Тимирязев тұрғындарының саны әрі кетсе 10 мыңнан ғана асып жығылады. Осыған орай «Қазақи белдеу» атты бағдарлама түзіп жатырмыз.
– Ашық әңгімеңізге рахмет!
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».