Қазақтың еркіндігі жолында асқақ жырының күшімен қызмет еткен әйгілі Махамбет Өтемісұлы бір өлеңінде: «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім», – деп жырлапты. Қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын алып даланың төсіне ел қондыру, ата-бабаларымыздың аяулы арманы еді. Сол ақық арман ұзақ уақыт орындалмай келді. Негізгі себебі – Тәуелсіздік деп аталатын киелі бақтың басымызға кеш қонуы.
Жұмыс күші тапшы
Тәубе, егемен ел атандық. Бабалар аманаты орындалды. Алмағайып заманда әлемнің әр тарабына тарыдай шашырап кеткен қазақтың құшағы атажұртта қайта айқасты. Ішкі көші-қонды жүйелеу, жұмыс күші тапшы өңірлерді қолдау бағытында қыруар шаруа атқарылуда. Қызылжар – елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан өңір. Басқа облыстармен салыстырғанда халықтың саны сирек. Туу көрсеткіші де төмен. Облыстық статистика департаментінің дерегінше, өңіріміздегі тұрғындар саны былтыр 4015 адамға азайып, үстіміздегі жылдың басында небәрі 530 089 адам қалған. Әр бесінші тұрғын – зейнеткер. Өңірде өткен жылы дүниеден озғандар саны өмірге келген сәбилер санынан 359 адамға көп болған. Ал көші-қонның теріс сальдосы 3 656 адамды құрап отыр. Ауыл тұрғындарының саны жылдан-жылға кеміп барады. 152 елді мекен болашағы бұлыңғыр ауылдардың тізіміне енген. Түрлі салада маман жетіспейтіні тағы бар. 600-ге жуық дәрігердің, 500-ден астам мұғалімнің, 318 ауыл шаруашылығы маманының орны бос тұр.
Қоныс аударушыларды қолдау
2016 жылы қабылданған «Оңтүстіктен – Солтүстікке» бағдарламасының негізгі мақсаты – Қызылжар халқын молайту, жақын болашақта тарағалы тұрған ауылдарды, шекара маңындағы елді мекендерді селдіретпеу, кадр тапшылығы мәселесін бір жақты ету. Облыстық еңбек мобильдігі орталығының басшысы Аман Төрегелдин игі бастама жүзеге асырыла бастаған кезден бүгінгі күнге дейін Қызылжарға барлығы 17 234 адамның көшіп келгенін айтты. Былтырдың өзінде облысымызға жұмыс күші көп өңірлерден 710 отбасы (2340 адам) және Өзбекстан, Моңғолия, Қытайдан 207 қандас қоныс аударған.
«Мемлекет қоныс аударушылардың отбасы мүшелеріне көшу, тұрғын үйді жалдау, ұтқырлық сертификаты түрінде көмектер көрсетеді. Оған қоса қосымша мамандық игеріп, сертификат алуға мүмкіндік бар. Төртжақты келісім негізінде арнайы орталықтар адамдарды оқытады, жұмыс беруші қызметке алады, мемлекет оқу құны мен шәкіртақыны өтейді», – дейді Аман Жақсыбайұлы.
Сапасыз салынған үйлер
Мемлекет тарапынан жасалып отырған оң жағдайға қарамастан өңірде тұрақтамай, өскен өлкелеріне кетіп қалатындар да бар. Соңғы жылдары көшіп келген отбасылар арасында туған жерлеріне қайта бет түзегендер бар. Облысымызға соңғы сегіз жылда 14 мыңнан астам адам қоныс аударса, солардың мыңнан астамы жаңа мекенге үйренісе алмай кері қайтқан. «Олар әртүрлі себептермен кетеді. Кей отбасылардың тек бөлінетін қаражатты алу үшін келетіні жалған емес. Ал жұмыс істеуге, осында тұрақтап қалуға ынтасы барлардың тұрмысы түзеліп кетіп жатыр», – дейді Аман Төрегелдин.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайролла Ғалеев қоныс аударушылар көп жағдайда кәріз желілерінің тартылмағанына, сондай-ақ, шаруашылыққа қажетті қора-қопсының салынбағанына реніш білдіріп жататынын айтады.
«Мен Астанадан отбасыммен Мамлют ауданының орталығына көшіп бардым. Келіншегім бау-бақша өсірумен, мен болсам мал шаруашылығымен айналысқым келді. Қайтарымсыз грантқа мал сатып алдық. Оларды бағатын жер болмады. Ауылға қоныс аударуды да ойладық. Бізге ұсынылған елді мекендерден қазақ мектебін таппадық. Амалсыз Астанаға қайтуға тура келді. Осы әрекетім үшін жергілікті билік өкілдері мені сотқа берді. Қазіргі уақытта банк карточкаларымның барлығы бұғатталған. Қақаған қыста бізге берген үйдің қабырғалары көгеріп, терезеден жел улеп тұрды», – дейді елорда іргесіндегі Қосшы ауылына қайта көшкен Бектұрған Лақадыл.
Сарапшылардың айтуынша, ішкі көші-қонға ауа райының қолайсыздығы, коммуналдық шығындардың көптігі, денсаулық жағдайы, орташа жалақы, жұмыс табу мүмкіндігі сияқты факторлардың бәрі әсер етеді. Облыстық әкімдік мамандары берген деректе пайдалануға берілуі тиіс үйлердің 158-інің бос тұрғаны жазылған. Оның ішінде Айыртау ауданында – 36, Мамлютте 25, Шал ақында 21 шаңыраққа әлі ешкім орналаспапты.
Мақсатсыз жұмсалған қаржы
Өңірге қоныс аударғандардың барлығының жергілікті тұрғындармен сіңісіп кетуіне атқарушы билік қана емес қызылжарлықтар да мүдделі. Елге ел қосылса – құт. Тарих дөңгелегі мен тағдыр дауылының кесірінен ала бағанның арғы жағында қалған ағайынның Қызылжарға қоныстанған алғашқы легі бүгінде осындағы қайманамен біте қайнасып кетті. Шекара шебіндегі өңірді көркейтейін, мұндағы тілдік ортаны жақсартайын, теріскейдің дамуына өз үлесімді қосайын деген перзенттік парызбен қолды-аяққа тұрмай, ұршықша иірілудің орнына орынсыз кеуде қағатын, ойдан құрап алған талап-арыздарымен зығырданды қайнатып, жүйкеге тиетіндердің кездесетінін де бүгіп қала алмаймыз.
Жыл басында Бас прокуратураның баспасөз қызметі азаматтарды оңтүстіктен солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасын іске асыруға бөлінген бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуына тексеріс жүргізіп, көші- қонға қатысты жалған құжаттар жасау арқылы 1 млрд. теңгеден астам қаражаттың жымқырылғанын анықтаған. Өздерінің туып-өскен өңірлерінде тұрып жатқан адамдар қоныс аударушы ретінде заңсыз есепке алынған. Кей азаматтар өздерінің қағаз жүзінде қоныс аударғанын білмеген де болып шықты.
«Мамлют ауданында бір қоныс аударушы сатып алған үйінің нақты бағасы мен мемлекет төлеген қаражаттың арасындағы айырмашылықты қалтасына басқан. Ол кінәлі деп танылып, бас бостандығы бір жылға шектелді. Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы және Жамбыл аудандарында қоныстанушылар тұрғын үй шығындарын өтеу үшін мемлекеттік өтемақыны барынша арттыру мақсатында олардың нақты құнын жасанды жолмен көтермелеген. Сот үш қоныс аударушыны бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырды», – дейді облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар.
Еңбек еткеннің еңсесі биік
Адамдықтың бір анықтамасы – еңбек. Қоғамның қоғам, адамның адам болуы еңбекпен тікелей байланысты. «Оңтүстіктен – Солтүстікке» бағдарламасының да мақсаты осы идеямен сабақтасады. Өңірге көшіп келгендердің қатарында түрлі салада өнікті жұмыс істеп, еңбек көрігін қыздырып жүргендер де, кәсіп ашып, нәпақасын адалынан тауып отырғандар да аз емес. Солардың арасында ерлі-зайыпты Сейтхан Таженов пен Қарлығаш Сауытбаева да бар. Бес баласымен бірге Жамбыл облысының Талас ауданынан көшіп келген. Бүгінде Бескөл ауылында (Қызылжар ауданы) тұрып жатыр. Олар жергілікті «Сұлтан кондитерлік өнімдері» акционерлік қоғамына жұмысқа орналасқан. «Балаларымыз «Парасат» мектеп- лицейінде білім алуда. Үлкеніміз Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіби-педагогикалық колледжінде оқып жатыр. Мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлықтарға ризамыз. Жергілікті әкімдікке қол жая беруді ар санаймыз. Үйіміздің кем-кетігін өз күші- мізбен жөндеп жатырмыз», – дейді Қарлығаш Сауытбаева.
Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылының әкімі Нұрсұлтан Тұңғышбай да табиғаты таза, ауасы жұпар теріскейге қоныс аударғанына өкінген емес. «Kasym Barbershop» шаштаразының иесі Қасым Амангелдин де өңірге «Ерікті қоныс аудару» бағдарламасы бойынша Шымкенттен көшіп келген. Ол ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Адам қолымен жасалған жұмыстың бәрі – өнер» деген сөзін өмірлік бағдар етіп алған. Ал Айыртау ауданындағы Новосветловка ауылына Жамбыл облысынан қоныс аударған Мария Ибраймова көп өтпей өзі тұрып жатқан елді мекенге оңтүстіктен 70 адамды көшіріп әкеліпті. Кейуана 18 мың гектар жерге дән сіңіруде. 4 млрд. теңгеге заманауи техникалар сатып алған. «Күнгейде жұмыссыз қыз-келіншектер көп. Солардың біразын көшіріп әкеліп, қаз-үйрек өсіру кәсібіне баулысам деген ниетім бар», – дейді кәсіпкер.
Өңіріміздегі демографиялық ахуалдың жылдан-жылға шиеленісіп отырғаны шындық. Ұлттың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселенің оңтайлы шешілуіне атсалысу қазақтың әр баласы үшін абыройлы іс саналса керек. Өйткені, бұл – еріккеннен емес, ұлт қамын күйттеуден туған идея.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
«Soltüstık Qazaqstan».