«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨҢІЛДЕН ШЫҚҚАН КӘРІС ТАҒАМЫ

Жетпіс жыл бойы ұлттық құндылықтары мен өмір сүру дағдысы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып, тұтасып кеткен Қазақстанның кәрістері ел жұртшылығына өзіндік бірегей де ерекше асханасымен белгілі. Сонау кеңес кезеңінен бері қазақ халқының да, жалпы қазақ елінде тұратын басқа ұлт өкілдерінің де мерекелік дастарқанынан кәріс салаттарын көруге болады.

Бәрімізге белгілі, кәрістердің ұлттық тағамдары – қышқыл дәмді, ащы тұздық қосқан балық пен көкөністер қосып даярланады. Кәрістердің Қазақстан халқына кеңінен тараған, кез келген шағын дүкендерден табылатын ұлттық тағамдарының қатарына чимчи, кокси, хе, тағы басқа секілді ащы салаттар кіреді. Кәрістер шай орнына жеміс және көкөніс шырындарын, шөптің тұнбаларын пайдаланады. Қазіргі кәрістерде папты дайындаудың шамамен 40 түрлі әдісі бар және олардың атауы да тиісінше әртүрлі. Кәрістердің дастарқан мәзіріндегі куксу, үзбе кеспе – сучэби негізгі тағамдар болып табылады. Ет тағамдарынан сиыр, шошқа, тауық еттері көп қолданылады. Ет пен балықты шикі (хвэ), тұздалған, қақталған, бұқтырылған, қуырылған күйінде тамаққа пайдаланады. Кәрістердің тамақтарында бұршақ тұқымдас: соя, жасыл бұршақ және фасоль ерекше орын алады. Соядан кәрістер соя сүтін, соя ірімшігін, соя пастасын және соя тұздығын алады. Сусындардың ішінен күріш арағының түрлі сорттарын, брага, сонымен қатар, лимон мен жеміс-жидектен, жаңғақ, зімбір, кептірілген құрма, корица және бал-қарағай жаңғағынан жасалған әртүрлі сусындарды айтуға болады.

Кәріс асханасында ең танымал тағамдардың бірі – кимбап. “Ким” – теңіз орамжапырағы (“нори” деген атпен таралған) және “бап” – корей тілінен аударғанда “күріш” деген мағынаны білдіреді. Негізі жапондардың ұлттық тағамы – сушиден шыққан, айырмашылығы тек піскен өнімдерді қосатындығы.

Құрамы: 2 кесе күріш, 300 гр. шұжық, кішкене бума жусай, консервіленген тунец балығы, өсімдік майы, 3-4 дана қияр, 2-3 дана жұмыртқа, 2-3 дана теңіз орамжапырағы (нори). Қиярды жіңішке әрі ұзын қылып тураймыз. Шұжық пен жусайды өсімдік майына қуырып аламыз. Жұмыртқаны омлет сияқты қуырамыз. Күрішті езіліп кетпейтіндей етіп қайнатып, пісіреміз. Норидің бір жағы жылтыр, екінші жағы бұдыр болып келеді. Біз күрішті бұдыр бетіне жаямыз. Күрішті норидің бетіне түгел жаймаймыз. Ораған кезде артық жерін сулап, жабыстыруға ыңғайлы болу керек. Енді қалған өнімдерімізді кезекпен орналастырып шығамыз. Консервіленген балықты езіп, жұмыртқамен бірге қосып, ораймыз. Астына арнайы кимбапты орауға арналған төсеніш болса, орау оңай болады. Кимбап дайын болғаннан кейін оны жіңішкелеп кесіп, дастарқанға қоямыз.

Мария ТЭН,

аспазшы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp