
Халқымызда “Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол” деген ұлағатты сөз бар. Сондықтан кейінгі буын өкілдері бірде-бір зейнеткердің ұмыт қалмауын әрдайым назарда ұстаулары керек. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің әскери қызметшілері ардагерлерді төл мерекелерімен құттықтады.
Халықаралық қарттар күні – алдыңғы толқын өкілдерінің ғана емес, олардың қадірін білетін жақын адамдарға ортақ мереке. Бұл күні қарияларға көрсетілетін қошемет – ғұмырдың кемел шағына деген сый-құрмет. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің әскери қызметшілері жергілікті әскери басқару органдарында қызмет еткен және Қарулы Күштер ардагерлерінің үйлеріне барып, сый-сияпат көрсетті. Ардагерлерді осылайша құрметтеу – кейінгі буынның міндеті.
Еліміздің Қарулы Күштерінің дамуына, мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін арттыруға үлес қосқан ардақты жандардың бірі – отставкадағы полковник Қалиолла Сауытбеков. Ол жергілікті әскери басқару органдары жүйесін нығайту жолында 30 жылдан астам қызмет етті. Бүгіндері Қалиолла Нұрланұлы құрметті зейнет жасына толса да, Қорғаныс министрлігіне қарасты Петропавл әскери-техникалық мектебін басқаруда. Осылайша, жерлестерімізге патриоттық тәрбие беріп, олардың отансүйгіш ұлан болулары үшін аянбай еңбек етіп жүр.
Айман ӘБЖАПБАРОВА,
облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті
баспасөз қызметінің бастығы, лейтенант.