Қарбаласқа толы оқу жылы артта қалып, үш айлық жазғы демалыс басталды. Жаз – тек ойнауға, серуендеуге ғана емес, күтпеген қауіп-қатерлерге де жол ашатын уақыт. Сондықтан ата-аналар мен тәртіп сақшыларының міндеті – балалардың демалысын қызықты әрі ең бастысы, қауіпсіз етіп ұйымдастыру.
Биылғы жазда балаларды қамтитын демалыс түрлерінің мазмұны кеңейіп, түрлі әлеуметтік санаттағы оқушылардың ерекшеліктері ескеріліп, олардың қызығушылығы мен қабілетіне қарай бағытталған бағдарламалар даярланған. Облыс бойынша қала сыртындағы лагерьлерге 6200 бала, ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін мектеп жанындағы лагерьлерге 12 200 оқушы, ал тамақсыз жұмыс істейтін лагерьлерге 28 700 бала барады деп күтілуде. Сонымен қатар 4100 оқушы шатырлы лагерьлерде, 2750 оқушы киіз үй форматындағы демалыс орындарында демалады. Жазғы спорттық секцияларға 10 820 бала қатысып, бос уақыттарын белсенді әрі қызықты өткізеді.
Облыстық білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, жаз айларында тек көңілді ойын ғана емес, танымдық, шығармашылық және патриоттық бағыттағы жобалар да іске қосылады. Мәселен, облыс орталығындағы Оқушылар сарайының базасында 2000 балаға арналған «Жазғы академия» атты танымдық-шығар машылық бағдарлама жүзеге асады. Сондай-ақ «Бір күн қалада» жобасы аясында ауыл мектептерінің оқушылары қаладағы мәдени және тарихи орындармен танысу мүмкіндігіне ие болады. Әскери-патриоттық бағыттағы «Жас сарбаз» лагері мен су спортына арналған «Нептун» жобасы балалардың спорттық және патриоттық рухын нығайтуды көздейді. Ал «Қауіпсіз жаз» жобасы балалар мен ата-аналар арасында қауіпсіздік ережелерін кеңінен насихаттауға бағытталған.
Жазғы демалыс барлық бала үшін қолжетімді болуы тиіс. Әсіресе әлеуметтік осал санаттағы оқушылар ескерусіз қалмайды. Осы мақсатта облыста ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан және ерекше білім беру қажеттіліктері бар 18 294 бала жазғы демалыспен қамтылады. Сонымен қатар 96 бала – «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына, 20 бала – «Бөбек» орталығына, 180 оқушы – Ақмола облысындағы «Чайка» лагеріне, ал 210 ауыл оқушысы – Алматы облысындағы «Парус» лагерінде тегін демалып қайтады. Бұл жолдамалар «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы беріледі.
Жаз мезгілімен қатар қауіп- қатер де қатар жүреді. Су айдындарындағы жазатайым оқиғалар, күн өту, тағамнан улану, инфекциялық аурулар сияқты қауіптерге бейжай қарауға болмайды. Сондықтан жазғы лагерьлерде құтқарушы мамандардың, медицина қызметкерлерінің, білікті тәрбиешілердің болуы – басты талап. «Демалыс маусымы басталмай тұрып-ақ лагерьлердің қауіпсіздігіне қатысты барлық санитарлық, техникалық талаптар тексеріледі. Әсіресе өрт қауіпсіздігі, тағам сапасы, медициналық қызмет көрсету мен тәрбиешілер құрамына қойылатын талаптар күшейтілді», – деді облыстық білім басқармасының басшысы Айна гүл Сұрағанова.
Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру үшін облыста арнайы ведомствоаралық комиссия құрылып, лагерьлерге қатысты ауқымды тексерістер жүргізілу үстінде. Комиссия құрамына білім басқармасы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, төтенше жағдайлар департаменті, құқық қорғау органдары мен өрт сөндіру қызметкерлері енеді. Жоспарға сәйкес, 30 мамырға дейін барлық қала сыртындағы лагерьлерде дератизация, дезинфекция, өртке қарсы өңдеу жұмыстары аяқталуы тиіс.
Мектеп ұжымы мен жергілікті білім бөлімдері де өз кезегінде балалар үшін қауіпсіз әрі тиімді демалыс орындарын таңдауға, бағдарламалар дайындауға және лагерь қызметкерлерін арнайы оқытудан өткізуге мүдделі болуы керек. Осы орайда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 6000-нан астам педагог пен тәрбиеші жұмылдырылады. Олардың әрқайсысы тексерістен өтеді. Сонымен қатар мектепішілік лагерьлерге жауапты қызметкерлер мен лагерь басшылары үшін арнайы біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылуда.
Сондай-ақ мамандардың айтуынша, жазғы демалыстың қауіпсіз әрі тиімді өтуі тек мектептер мен демалыс орталықтарының ғана емес, сонымен бірге ата-аналардың да белсенді қатысуына байланысты. Ата-аналар баласын демалысқа жіберерде оның жағдайына сай киім, жеке гигиена құралдары мен дәрі- дәрмектер дайындап беруі тиіс. Сонымен қатар қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, баламен үнемі байланыста болып, оның жағдайын қадағалап отыру – ата- ананың негізгі міндеті. Яғни балалардың жазғы демалысын қызықты әрі қауіпсіз ету үшін тек жауапты мекемелердің жұмысы жеткіліксіз, ата-аналардың қырағылығы мен қамқорлығы да шешуші рөл атқарады.
Осы орайда, Оқу-ағарту министрлігі демалысқа шығатын оқушыларға арналған арнайы кітапшалар дайындады. «Сенің қуанышқа толы жазғы демалысың» деп аталатын бұл кітапшада қауіпсіздік ережелері мен төтенше жағдайларда не істеу керектігі жайлы пайдалы кеңестер берілген. Мысалы, жаяу жүрсең – тротуармен жүр, велосипедпен жүрсең – көлікке жақын жүрме, орманда болсаң – алысқа кетпе және ашық түсті киім ки деген сияқты қарапайым, бірақ маңызды ережелер түсіндіріледі. Қиындық туындағанда 102 – полиция, 101 – өрт сөндіру, 103 – «Жедел жәрдем», 104 – апаттық газ қызметі, 111 – бірыңғай байланыс орталығы, 112 – төтенше жағдайлар қызметіне жүгінуге болатыны көрсетілген. Кітапша соңында: «Қымбатты дос, өз қауіпсіздігің үшін біліп жүр. Бұл кеңестер саған пайдалы болады», – деген ізгі тілек жазылған. Ата-ана мен бала осы кітапшаны бірге оқып, «қауіпсіздік картасы» ретінде баланың қалтасына салып берсе, жазғы демалыстың сәтті әрі қауіпсіз өтуіне жол ашылады. Осылайша жазғы демалыстың қауіпсіздігі мен сәтті өтуі – қоғамның, мектеп пен ата-ананың бірлескен жауапкершілігі екенін айқын көрсетеді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».