«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨҢІЛІМДІ ТОЛҚЫТҚАН БІР ЕСТЕЛІК

1. “Көтер басты!..”

Ғасырлар тоғысында Ұлы дала төсін еркін жайлаған қазақтың “қара домалағының” терезесін өзге жұртпен теңестіру туралы ой-арман Алаш зиялыларының көңіл түкпірінде теңіздей толқып жатты. 

Нақ осы кезеңде қараңғылықтың шеменіне шегенделген халықтың рухани бостандығын, сана сілкінісін баспасөз ғана оята алатынына сенген олар: “Сал малды, сал жанды. Аянба!” – деп бұқаралық үнжариялар шығаруға білек сыбана кіріскен еді. Осылай “Айқап”, “Тіршілік”, “Жас азамат”, “Қазақ” сияқты қазақ баспасөзінің қарлығаштары өмірге қанат қағып, ел-жұртының көкірегіне сәуле шашты. Алдағы жылдың ақпан айында жүзжылдық тойын атап өтетін “Soltústik Qazaqstan” газетінің шежіресі де осындай ұлы рухани ұмтылыстан бастау алатынын айту біз үшін зор ғанибет. Біздің газетіміздің алғашқы саны 1920 жылдың 22 ақпанында “Кедей сөзі” деген атаумен Омбы қаласында жарық көрді. “Көтер басты! Аш көзді! Таста керенау жалқаулықты! Қайраттан, сілкін! Жармасыңдар бос шашылып жатқан ғылым-білім жемістеріне! Хат білмегенің білуге, тануға қам қылып, түпке жеткен надандықтан құтылуға кірісіңдер!”. Жас басылым бесігінде бұлқынып, осылай саңқылдады. Оның лапылдаған ыстық демі түнекте тұншыққан кедей-кепшікті елең еткізді. Осылай заман үніне айналған “Кедей сөзі” өз өңірінің шежіресін жазуға кірісіп кетті.
Сол жылдардан бері де небір айшықты кезеңдер артта қалды. Жақсы дәстүр әлі жалғасып келеді. “Кедей сөзінің” атауы “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы”, “Soltústik Qazaqstan” болып өзгергенде де басылым өз бағытынан жаңылған жоқ, жерлестерін жасампаз істерге жұмылдырды, сөзді қару етіп есею күресіне шыққан қазақ қаламгерлерінің қатарын қалыптастыруға қызмет етті және осы мақсатына жетті де. Ол үшін әр жылдары Смағұл Сәдуақасов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгеров, Әбдірахман Айсарин, Сәбит Мұқанов, Сабыр Айтқожин, Жиенғали Тілепбергенов, Асқар Тоқмағамбетов, Мәжит Дәулетбаев, Елжас Бекенов, Шахмет Құсайынов, Есіркеп Қалымбетов, Зәйтүн Сыздықов, Әлжаппар Әбішев, Әбділда Тәжібаев, Дихан Әбілев, Ғалым Малдыбаев, Сейітжан Омаров, Жақан Сыздықов, Балтабек Асанов, Құрмантай Меңдіғожин сынды, оларды санамалап шығу мүмкін емес, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің мақтанышына айналған саңлақтардың біздің басылымның мектебінен өткенін айтсақ та жеткілікті. Осы қатарда, әрине, қазақ әдебиетінен өзінің орнын ойып алған біздің атақты жерлесіміз, жазушы Сафуан Шәймерденов те бар.


2. “Солтүстіктің” төл перзенті

Артық-кемі жоқ, Сафуан Шәймерденов – қазақ тіліндегі жалғыз облыстық басылымның төл перзенті. Жазушының газетіміздің 60 жылдығы аталып өткен кездегі толғанысы да (“Газет шарапаты” “Ленин туы”, 6 наурыз 1980 ж.) осы ойды діттейді. “Әдебиетке құмарлық бар да, сол құмарлықты шын талантқа айналдыру жолы бір бөлек. Бабы табылмаған талант – қабілет қанатсыз құс секілді. Қияға самғамақ түгіл, бауырын жазып жерден көтеріле де алмайды.
Мен әдебиетке бала күнімнен-ақ құмар едім. Әу баста осы құмарлық отын кім тұтатты? Алты жасымда өздігімнен хат танып (мектепке колхоз құрылған жылы сегізге қараған кезімде барғанмын), сықсима шам немесе пештегі от жарығымен үй толы тыңдаушыларыма заулата оқып беретін “Алпамыс” пен “Ер Тарғын”, “Ер Сайын” мен “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” қисса жырлары ма? Жә, болмаса, өз ауылымдағы Бәри секілді сұңғыла әңгімешілердің ұзақ түн келістіре айтатын ертегілері болар ма? Әлде Майбалық орта мектебіндегі алғашқы әдеби ұстазым Ғазез Әбішевтің әсері ме? Мүмкін, ата-бабаларымның, ана-әжелерімнің қанымен ауысып келген қасиет шығар? Қайтсе де дөп басып жауап бере алмаймын. Ал әдебиетке деген сол құмарлықты баптап, жазушылық ұлы өнердің додасына салып жіберген не күш десеңіз, жауабым дайын: ол – өзім ұшқан ұям – “Ленин туы” газеті”, – деп жазыпты Сафекең.
Жазушы ағамыз сол кездің өзінде біздің газетпен қырық жылдай сырлас екенін, тілшілік өмірінің қайталанбас сәттерін, қызметтес болған, “жүрегінен орын алған” сыпайы, іскер, әзілкеш Өміржан Оспанов, “аңқылдақ, адал да көпшіл” Ғалым Мұхамеджанов, “қой аузынан шөп алмас момын” Ғазез Нұрмолдин, “әпенделеу” Сейтен, “сыпайы сұлу” Кенжеболат Шалабаев, “қалтарысы жоқ” Қабдолла Әбілханов, “салмақты да білімді” Нияз Сыздықов сынды әріптестерін ерекше бір жылы сезіммен еске алады.
Белгілі қайраткер, жазушы Шерхан Мұртаза “Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын” деп бекер айтпаған ғой, өзінің естелігінде 1944-1945 жылдары Преснов, Октябрь аудандары бойынша тілші болған Сафекең де бұл қызметтің азаматқа артар салмағы қашанда жеңіл болмағанын ойға арқау етеді. “Тапсырма көп пе, әлде сапарға әуес өз қасиетім бе, әйтеуір, елді көп аралайтынмын. Жаяулап-жалпылап, кейде ат, кейде өгіз демей, әйтеуір, жүре беруші едім. Соның арқасында көршілес жатқан сол екі ауданның сол кездегі бала-шағасына дейін білетінмін десем, артық айтпағаным. Қисапсыз көп адамдармен таныстым. Қисапсыз көп мінез-құлықтарды жадыма түйдім… Осы кезде жаяулап-жалпылап жүрген сол күндерімді сағынамын да. Сондағы сапарларымның бар мехнат, азабын көтеріп қайта жүрсем деймін. Өйткені, сені онда ешкім қарсы алмайды, ешкім шығарып та салмайды. Күнделікті ел өмірі ешбір сыр-бояусыз, жалғандығы, көлгірсуі жоқ шынайы қалпында… Жетімсіздік, кемістік көп. Ақсап жатқан жұмыс… Орындалмай жатқан науқан… Боздағы майданнан қайтпай жатқан қаралы үйлер… Соның өзінде де қаламымды қара басымның қамына пайдаланған жерім жоқ”.
Жазушы өзінің туған топырағына ат басын бұрған кездері “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) газетінің редакциясына соқпай кетпейтін. Сафекең келе жатыр деген сөз құлағымызға тиісімен бізден маза кетеді, елеңдеп, жазушы редакцияның табалдырығынан аттайтын күнді асыға күтеміз.
Сафекең – біз үшін аңыз адам! 1953 жылы жарық көрген алғашқы еңбегі – “Болашаққа жол” романымен ұстазы, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің назарына іліккен дарын иесі. Мұхаң Мәскеу ауруханасында операцияға жатар алдында жазып кеткен өсиет хатында оны бола­шағынан үміт күтетін санаулы ғана жас жазушылардың қатарында атаған. Кейін Сафекең “Болашаққа жолды” қайта өңдеп, “Инеш” деген атпен басып шығарады. Біздің оқырман ретіндегі тұсауымыз осы “Инешпен” кесілді-ау, сірә. “Мез­гіл”, “Қарғаш”, “Өмір нұры”, “Ит ашуы”, “Мәжнүн тал”, “Марғау” атты хикаяттарын да жата жастана оқыдық. Міне, сондықтан да Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сафекеңмен кездесу қаламгерлік жолды қалаған біз үшін үлкен оқиға, жүзеге асқан арманымыздай ұмытылмас сәт еді.
Бағымызға қарай дейінші, Сафуан ағамыз кейбіреулер сияқты басшыларға ғана кіріп шықпайды, журналистердің басын қосып, әрқайсысымен танысып, кәдімгідей сұхбат құрып ұзақ отыратын. Осындай бір кездесуге менің де қатысқаным бар. Бас редакторымыз Уәп Рақымжановтың кабинетінде болған әңгімеден кейін Бақыт Мұстафин, Байтұяқ Жанымбетов, Мәлік Мұқанов, Болат Қожахметов, Зейнолла Әкімжанов, тағы бір топ жас жазушыны айналшықтап, тарай қоймадық. Әңгіме қайта жалғасты. Сонда Сафекең біздің өңір тарихының, әдеби шежіресінің бай екенін айта келіп, соңғы жылдары қатарға қосылып жатқан жас жазушылардың аз екеніне қынжылыс білдірген. “Қалам ұстағаннан, осы жолды таңдағаннан кейін көркем жазуға тырысу керек. Дарындыларды іздеуіміз керек. Газет жас таланттарды үнемі бақылап, көтермелеп, жазғандарын жиі-жиі жариялап отыруға тиісті. Өйткені, аудан, облыстағы баспа орны жас дарындардың алғашқы ақ бесігі болып табылады. Солтүстіктен шыққан ірі талант иелері Сәбит, Ғабиттерді мақтан ететіндеріңізді білемін. Бірақ басқа облыстарға қарағанда Солтүстік өлкесі талантқа сараңдау екенін де ұмытпау керек. Мен өзім өз артымнан жиырма жылдан кейін ғана ерген жалғыз-ақ інімнің барын (талантты прозашы Ермек Қонарбаевты айтамын) ойлап азырқана қынжыламын. “Жазушы” баспасы “Жүздесу” деген атпен тамаша әңгімелер жинағын шығарды. Онда 1935-1945 жылдар арасында дүниеге келген, қазіргі халыққа танымал жиырма бір автор бар. Солардың ішінде Солтүстік пен Көкшетаудан шыққан бір жазушы жоқ. Республика деңгейінде көріне алмай жатырмыз”, – деген ол.
Сафекеңмен кейін де бірнеше рет кездестік. Мәселен, 1992 жылы жазушының 70 жылдығын бүкіл ел тойлады. Алматыда басталған той дүбірі жаз шыға жазушының туған топырағы Жамбыл ауданына да жетті. Сафекең қасында жазушылар – Қабдеш Жұмаділов, Төлен Әбдіков, әдебиетші Сауытбек Абдрахманов бар, елге келді. Ол сол сапарында ең алдымен Ғабеңнің Елтінжалына, Сәбең ауылына соқты. Әйтеуір, күнде кездесу. Жерлестері де жазушыны сағынып қалыпты. Қайда барса да қалың нөпір халық. Біз де қалмаймыз, жазушылардың әңгімесіне құлақ түре жүріп, көп жайға қанықтық.
Қорытынды кездесу Сафекеңнің туған ауылы – Амангелдіде өтті. Ол кезде мен Қазақ радиосының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі едім, бір топ әріптестерімізбен бірге біз де жазушының туған ауылына жеттік.
Сафуан Шәймерденов ту­ра­­шыл, шыншыл, кім­нің алдында болсын өз пікірін бетке айтатын батыл деп еститінбіз. Шынында да, Сафуан ағамыздың тұлғасынан бір тектілік, сүйекке біткен сері­лік пен ірілік байқалып тұрады екен. “Қа­шан көрсең, сол сырбаз да сал­қын, салмақты қалпы. Сындардай сұң­ғақ бойы қандай?! Иілмей-бүгіл­мей, тіп-тік болып жүретін еді” (Қабдеш Жұмаділов). Қазақтың көрнекті ақындарының бірі торғайлық Ғафу Қа­йырбеков арнау өлеңінде Сафекеңді “сорайған сол­түстіктің қара­ғайына” теңепті. Ерекше бір сүйсінгендіктен айтылған осы сөздер кейін қаламгерлердің арасына тарап кетті.

3. Ұмытылмайтын бейне

Сафуан ағамыздың мен оқымаған еңбегі жоқ шығар. Ол кісі өткен күндер, өңір шежіресі, шығармашылық жолында өзі кездескен, сырласқан жерлестеріміз жайлы кестелі ой өрудің нағыз шебері. Оның артында қалған әдеби мұраларына зер салсаңыз, жазушының әр кез руханиятқа жанашырлық танытып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүргенін аңғарасыз. Ол жоғарыда өзіміз келтірген естелігінде бұрынғы Октябрь (қазіргі Шал ақын) ауданына қарасты Ленин атындағы ұжымшарда өткен ақындар айтысына да тоқталады. “Бұл ауданда айтыс өткізу газет редакторы Өміржан Оспанов пен оның орынбасары Ғалым Мұхаметжановтың ұсынысы бойынша облыстық партия комитетінде маған тапсырылған-ды. Кім мен кім айтысады? Және кіммін деп айтысады? Әуелі осыны шешіп алу керек. Белгілі ақын Тырбидың Молдахметі, әрине, шаппай бер. Ал оның қарсыласы кім болмақ? Ұйымдастырушылар ақылдаса келе Өрнектегі әнші мұғалім Әзікенге тоқтайды. “Әзікенге өзіне деген бір түрлі сенім пайда болғанын аңғардым. Ақын келіншегім құлпыра шабыттанып, даусы да ашылып кетті. Кәрі тарлан Молдахмет пен өз елінде қадірлі әнші келіншек Әзікеңнің айтысы көпке дейін жұрт аузынан тастамай айтып жүрерлік той болып өтті”.
1945 жылдың ақпан айының орта шенінде ұйымдастырылған бұл айтыстың толық мәтіні “Ленин туында” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) жарияланыпты.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, көзі тірісінде “жыр әлемінің жезкиігі” атанған жерлесіміз Кәкімбек Салықов “Біржан сал, Ақан сері қиялындай, Үкілі Ыбырайдың тұяғындай” деп жырлаған Молдахмет Тырбиевтың кім екенін әдебиет пен мәдениетке жақын адамдардың бәрі біледі деп ойлаймын. Ол кісі домбырасын қолға алып шаршы топқа шыққанда өзін:

“Ақан сері, Біржан сал,
Орынбай, Тоқжан, ақын Шал,
Арыстан сөзін жаттаған,
Ыбырай әнін сақтаған
Артындағы шәкірті
Тарлан жүйрік мен едім”, – деп таныстырады екен.
Молдекең екі мәрте республикалық доданың төріне көтеріледі. 1943 жылдың желтоқсан айында өткен алғашқы айтыста қостанайлық Нұрқан Ахметбековпен сөз жарыстырады. Сонда Молдекең:
“Уа, Нұрқан, Сарыарқадай белің бар ма,
Ақандайын серің бар ма,
Құлагердей керің бар ма,
Көкшетаудай жерің бар ма?..” – деп төкпелеген екен.

Нұрқан ақын да сөзден тосылмаса керек, әйтеуір, екеуі жиналған халықтың айызын қандырыпты.
Оны осы айтысты жырға қосқан белгілі ақын Омар Шипиннен қалған мына бір жолдардан да аңғаруға болады:
“Айтысқан Нұрқан ақын, Молдахмет,
Тыңдады сөздеріңді көп әлеумет.
Аспанға мұнарлатып шықты түйдек,
Әндерің Алатаудан шырқап салған,
Балқытты қара тасты саздай илеп”.
Міне, осындай өз заманының бұлбұлы атанған арқалы ақынмен сөз сайысына түскен Әзікен кім? Тағы да Сафекеңе жүгінейікші. Жазушы ағамыз ол кісі туралы “Ағалардың алақаны” (А. “Жазушы”, 1990, 87- 88- б.) атты эсселер, әңгімелер, повестер жинағында жазған екен. Автор кейіпкеріне өз қолымен сыйлаған сол кітабына мынадай қолтаңба қалдырыпты: “Үлкен өнер иесі, аяулы апамыз Әзікеңе, інілік көңілден Сафуан!”.
“Үлкен өнер иесі”. Бұл екінің біріне айтыла беретін сөз емес қой. Және ондай сөз Сафекең сияқты айтулы тұлғаның аузынан шықса, оның салмағы, тіпті, артып тұр емес пе?!
Есіл ауданындағы Өрнек ауылында ұзақ жылдар мұғалім болған марқұм Әлкен Шалабаев (жас кезімізде редакцияға жиі келіп жүруші еді) ұстазы туралы ой толғапты. Кезінде “Ленин туы” газетінде (№137, 15 шілде 1989 ж.) жарияланған сол мақалада мынадай жолдар бар: “Сіз де әуелбастан ибалы келін, сүйкімді де сүйікті жар бола білдіңіз. Бүкіл ауылдың кәрі-жасы сізге жылы-жылы тіл қатып, ардақтап, сыйлап, есіміңізді еркелете айта жөнелді.
Сіз соншалық құрметке бөленетіндей не істеп едіңіз?
Өзіміз тұрған ауылға мәдениет әкелуші сіз емес пе едіңіз? Жан жолдасыңыз Мәжит ағаймен Өрнекті өнерлі ауылға айналдырып, әр үйдің шаңырағынан ән құсын қалықтатуға мұрындық болдыңыз ғой… Сіз бейнелеген тұлғалар әлі де тұнық мөлдір қалпында есте жүр. Мысалы, “Қыз Жібектегі” Жібегіңіз. “Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы” Баяныңыз… ұмытылмас мүсіндер болып қашалған жоқ па еді. Сол қойылымдарды көрген Ленин, Сергеев аудандарының бірнеше қазақ, орыс ауыл-селоларының тұрғындары сізге талай сүйсіне қол соғып, қошемет көрсетті емес пе?.. Сіз, Әзікен апа, Мәжит ағаймен бүтін бір шаңыраққа ғана емес, барша ауылға аяулы адамсыз”.
Одан әрі автор Әзікен Бекенқызының ауылда мұғалім болып бала оқытқанын, талай қыз-жігітті қанаттандырып, өмір атты биік шыңның қиясына самғатқанын, сөйтіп қайнаған өмірдің белортасында жүріп, бала-шағасын да мәпелей білгенін, әр ісіне “дем беріп, тынысына тыныс қосқанын” тілге тиек етеді. Айтса айтқандай, бұл отбасынан шыққандардың бәрі дерлік өнер деген ұлы мұхиттың төрінде желкен керген, есімдері елге аяулы азаматтар. Мен де солардың бәрін білемін: Әзікен апайдың тұңғышы – Гүлбаршын Алматыда тұрды. Жолдасы Рабат Қазақ радиосы мен теледидарының шолушысы болды. Сайран, Роза, Риза ана жолын қуып, ұстаздықты қалады. Мереке өнер жолына түсті, консерваторяны тамамдап, Қызылжар – Көкше өңірінің сүйікті әншісіне айналды.
Ал Бүркіт туралы әңгіме бөлек. Біз екеуіміз сонау кеңес заманында азаматтық борышымызды бірге атқардық. Елге оралғаннан кейін бір ұжымда бірге қызмет істедік. Бүркіттің бойындағы ана сүтімен дарыған асыл қасиеттерге тәнті болмау мүмкін емес. Ол – нағыз сегіз қырлы азамат – әнші, ақын, сазгер…
Кеңес заманында қазақ өнерінің жетімнің күйін кешкені жасырын сыр емес. Егер Бүркіт сияқты өнерді құлай сүйген азаматтар болмаса, қазақтың ән мен жыры да, айтысы да бүгінгі биігіне көтеріле алмас еді. Ол облыстық халық шығармашылығы үйінде қызмет істеген жылдары қанатымен су тасыған қарлығаштай шырылдап жүріп, ұлттық өнердің дамуына өз үлесін қосты. Ел арасынан айтысқа бейімі бар азаматтарды іздеп тауып, республика сахнасына шығарғаны ұмытыла қойған жоқ. Айта берсек, Бүркіт Мәжитұлының елге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Мұның бәрін жерлестеріміз білмейді деп айтып отырған жоқпын. Біледі. Бағалайды. Бертін өткен шығармашылық кешінде Бүркітті көреміз, өнерін тамашалаймыз деп жиналған халықтың Н.Погодин атындағы театрдың кең залына сыймағаны, кейбіреулерінің оның әнін екі жарым сағат түрегеліп тұрып тыңдағаны осының көрінісі емес пе?! Айта берсем, жаза берсем, Бүркіт туралы әңгімем таусылмайды. Бірақ осымен тізгінді сәл тартқалы отырмын. Өйткені, менің жан дүниесі сұлу, болмысы бөлек досым мақтануды білмейді, мақтағанды ұнатпайды. Әйтпесе, осы күнге дейін анасы жайлы біраз әңгіменің шетін шығарар еді ғой.
Осы арада бір оқиға ойға оралып отыр. 1993 жылдың жазы болуы керек, ол кезде Бүркіт Алматыда Қазақ радиосының дикторы болып қызмет істеп жүрген. Жұмыс күні басталар-басталмаста кабинетке кіріп келе жатқан досымды көріп, таңданғанымды жасыра алмадым. “Алдын ала хабарласпай келіп қалғанына қарағанда шұғыл шаруасы бар-ау?”. “Анам қатты ауырып, ауруханаға түскен екен, сол кісіні үйге апармақпын”, – деді ол.
Көп кешікпей екеуіміз Бүркіттің анасын алып ауылға бет түзедік. Бүркіттің өзінің айтуына қарағанда, анасының сырқаты ауыр. Бірақ, байқаймын, Әзікең оны сездіргісі келмейді. Сырқаты жанына қанша батса да, ауылдың, балалардың жайын сұрап, өткен-кеткенді әңгімелеп отырды.
Балалар, ауылдағысы бар, сыртта жүргендері бар, аналарын күтіп, қала жаққа көз тігіп, елеңдеп отыр екен. Қуаныштарында шек жоқ, аналарының аман-есен қарашаңырақтың табалдырығынан аттағанына шүкіршілік ететін сияқты. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылған жоқ. Кешікпей Өрнек жақтан асыл ана – Әзікең өмірден өтті деген қаралы хабар да жетті.
Жоғарыда “Қазақ радиосының алтын даусы” атанған досымның тұла бойы тұнған өнер екенін айттым ғой. Қазақ жігіттің сұлтанын мақтағанда сегіз қырлы деп жатады, ал менің досымның қырлары одан да көп. Әсіресе, мен оның оқыған жанды терең ойымен баурайтын өлеңдеріне тәнті боламын. Бүркіт – бірнеше жыр жинақтарының авторы. Солардың бәрі шаңырағымның төрінде тұр. Досымды, ауылды сағынғанда сол кітаптарды қолыма алып, парақтайтын әдетім бар.
Ауылым десем, түсетін еске кісі еді,
шіркін, ол қандай!
Біз жетеу едік, жетеумізге де бола
білген қорғандай.
Келер ме екен деп, немерелерім мен
шөберелерім шұбалып,
Қалқалап қолын күн жаққа қарап ауылда
әне тұрғандай.

Қазақпыз ғой біз, көңілі қалған
насыбайға да бір атым,
Шілдехана мен сүндет тойда
сауық-сайран құратын.
Ауылым десем, бауырым десем,
түседі анам есіме,
Қалқалап көзін күн жаққа қарап, мен
жаққа қарап тұратын.

Барады елге, барады елге қалалық
болған бір балаң,
Шығармай жатыр, шыжғырып мені,
мұндағы тірлік, шырғалаң.
Бармас та едім, салмас та едім,
ауылым – әнім өзіңе,
Қалқалап көзін күн жаққа қарап
анам болмаса тұрмаған.

…Барғанда сонау Қызылжар жаққа
білмейтін сені жан жоқ па?
Көргендер көңіл айтқанда тұрдым,
толғанып әрі таң боп та,
Ауылым десем, бауырым десем,
қауымым десем, шіркін-ай,
Қалқалап көзді қарап тұрғандай боласың
ылғи мен жаққа.

Дос жүрегінен өрілген осы бір шумақтар тағы да ұмытылмайтын Ана бейнесін, абыз басылым – “Soltústik Qazaqstannyń” кейіпкерін көз алдыма алып келді.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp