«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨҢІЛІ БАЛАДАЙ ДӘРІГЕР

Көршілерінің өзінен анағұрлым кішкентай балаларымен ойнап жүрген оған ата-анасы күнде кеюші еді. “Жұрттың балалары сияқты өзіңмен қатарластармен неге ойнамайсың? Өңкей бала-шағаны жинап алып, үп-үлкен болып ортасында отырасың”, – деп ұрысатын анасы Аугениясының болашақта балалар дәрігері болатынын қайдан білсін?!

Осылай ішкі түйсігі балалармен тіл таба білуді мектеп жасынан үйрете бастағанын өзі де таңғала мойындайды.

– Мен – Мамлют ауданындағы Белое ауылының тумасымын. Мектепті тамамдағаннан кейін үлкен әпкемнің жолын қуып, ауыл шаруашылығы институтына түспек болдым. Бірақ бала күнгі арманым сол кездегі Целиноград медициналық институтына жетелеп әкелді. Ойланбастан педиатрлықты таңдадым, – деген Аугения Гальдикайте сол арманына 28 жылдан бері адал еңбек етіп келеді.

1986 жылы жоғары оқу орнын тамамдап, Петропавлдағы №3 қалалық ауруханадан интернатурадан өткеннен кейін, жергілікті мамандардың қатарына қосылды. Тіпті, талай сала мамандары нәпақа табу үшін басқа жұмысқа ауысып, қоныстарын өзгерткен 90-жылдары да ол өз қалауынан бас тартпады. Сол кезде жігерлілік танытқанына әлі күнге дейін қуанады. Әйтпесе, көшемін десе барар жері – тарихи Отаны бар еді. Ата-анасы Қазақстанға тың игеру жылдары келген екен. Шаңырақ көтеріп, балалары дүниеге келгеннен кейін осы жерге түбегейлі қоныстанған. Қалған туыс-туғандары әлі күнге дейін Литвада тұрады.

– Әке-шешем осы жерге жерленді. Бауырларым да осында өмір сүріп жатыр. Басқа елге көшу деген ойдың өзі бізге ерсі естіледі. Қазақстан – менің Отаным! Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары болашаққа деген сенім аздау болғандықтан, қаншама маман шетелге кетті. Қазір сол кездегі қиыншылықтарды емес, жағымды сәттерді ғана еске аламын. Оған бүгінгі жағдайдың да әсері бар шығар. Себебі, елімізде денсаулық сақтау саласы жылдан-жылға дамуда. Біздің емханада сапалы қызмет көрсетуге қажетті қондырғылардың барлығы бар. Балам кішкентай кезінде ауырғанда еш қиналған емеспін. Қандай ем-дом қолдану керектігін жақсы білемін. Мен өзгенің баласы ауырғанда қатты уайымдаймын. Себебі, кейбір ата-аналар, көптеген ата-әжелер тез емдейміз деп дәріні мөлшерден тыс беріп жатады. Соны ойлаған кезде ауырған баланың қасынан алыстамай, оның жағдайын үнемі бақылауда ұстағым келеді. Алайда, бұл мүмкін емес, – дейді Аугения Антанасовна.

Жоспарлы тексеруден өтуге, ауырып, ем-дом алуға келген балалардың әрқайсысын бар ынтасымен тексеріп, дұрыс диагноз қоюға тырысатын балалар дәрігері қалжыраған кезде сәбилердің тәтті қылықтары бар шаршағанын ұмыттырады екен. Адам ретінде де, маман ретінде де осы өмірде өз орнын тапқан Аугения Гальдикайтенің жүріп өткен жолы, міне, осындай.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp