«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨҢІЛІ ДАЛАДАЙ ДАРҚАН ХАЛЫҚ

Қазақ жеріне табаным тиген сәт әлі күнге дейін есімде. Ол кез­де мен он тоғызда ғана едім. Бұ­рын көріп-білмеген елге аттанар­да жүрексіндім. “Қалай қарсы ала­ды?” деген ойдан мазам кетіп, қол сөмкеден жолдаманы бірнеше рет алып шығып оқыдым. Оның да өз себебі бар. Бұған дейін мені жұмыс істеуге Украинаға жіберген болатын. Ол жерде бір айдай ғана еңбек еттім де, Ресейге орал­дым. Себебі, жерсіне алмай қинал­дым, олар маған тосырқай қара­ды. Бұлай өмір сүрмек түгіл, жұ­мыс істеу де мүмкін емес қой. Үйге келгенім сол еді, қолыма Қазақстанға жолдама ұстатты. Жапырақтай бір тілім қағаз мені- берекелі елдің ортасына, қонақжай халықтың төріне апа­ратынын кім білген?!

Мен Қызылжар өңіріне тамыл­жыған тамыз айында келдім. Бір­ден табиғатына ғашық болдым. Самал желі қандай аялы еді! Ақ қайыңдары көзіме оттай басыл­ды. Бойыма сенім ұялады. Ішкі түйсігім алдамапты. Осы жерде өмірлік серігім Анатолий Нико­лаевичпен танысып, отбасын құр­дық. Содан бері сынаптай сырғып өткен 61 жылдың ішінде елмен етене араласып, жергілікті халық­тың болмысын танып, бұл жерге адал еңбек еттім. Еңбек жолым­ды агроном болып бастадым. Кейін аудандық ауыл шаруашы­лығы бас­қармасының аға экономи­сі бол­дым. Сол кездегі Мәскеу және Совет аудандарында “Ле­нинский” және “Корнеевка” кең­шарларын­да экономист болып қызмет ат­қар­дым. 1973 жылы Мәскеу ауда­нына партиялық жұмысқа шақы­рылып, партиялық кабинет бөлі­мі­нің меңгерушісі, насихат жә­не үгіт бөлімінің меңгерушісі, осы аудандық пар­тия комитетінің идеология жөнін­дегі хатшысы болдым. Ал 1985 жылдан бастап Жамбыл аудан­дық атқару коми­тетінің төрайы­мы, одан кейін бұ­рынғы Соколов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы бол­дым.
Ол кезде қызу жұмыстың қар­қынымен күн-түн демей жолда жү­реміз. Шаршаған кезде қонатын жер іздейміз, сол кезде тек қа­зақтар ғана үйіне шақырып, төрі­не шығаратын. Бес-алты кісі жүр­сек те, “Құдайы қонақ келді” деп қабақ шытпай қарсы алып, жылы-жұм­сағын аузымызға тосты. Мен қа­зақ халқының кеңдігін сан мәрте көрген, тәнті болған адам­мын. Қазақ тегі мықты, сөзі ке­лісті, пікірі кесімді, парасатты халық қой. Жер­гілікті халықтың осы кеңдігінің арқасында тота­литарлық ре­жім­нің қатал үкімімен Қазақстанға жер аударылған мыңдаған адам өлімнен аман қалды. Қазақтар құшақ жая қарсы алып, өздері арып-ашып отырса да, жазықсыздан қуғынға түскен­дерді рухани күйзелістен, кемсі­тушілік пен аштықтан аман алып қалып, сорпа-суымен, на­ны­­мен бө­­лісті.
Қиын-қыстау жағ­дайда бір-біріне қол ұшын созып, иық ті­ресе көмек көрсеткен сол ағайын бүгінгі күні еліміздің то­лыққанды азаматтарына айнал­ды. Осы күні қазақ жеріне тағ­дырдың ауырт­палығымен келген қай этнос өкі­лінің болмасын, жергілікті халық­қа айтар алғысы шексіз. Сол бір қиын уақытта ба­уырына басқан қазақтардың кең пейіл, бауырмал қасиеті болмаса, бұл жер біздің мәңгілік мекені­мізге айналар ма еді?!
Қазақта “қара­шаңырақ” де­ген қасиетті сөз бар. Қа­раша­ңы­рақ – бір әулеттің та­раған түпта­мыры. Біздің қара­ша­ңырағымыз Қазақстан болса, қазақ – сол ел­дің иесі. Сонау 1959 жылы пейілі кең, көңілі дарқан, қонақжай да бауырмал қазақтың көркем міне­зіне қалай тәнті болсам, содан бері осы пікірімнен бір ауытқыған емеспін. Жүзін күн қаққан бұрым­ды қыз күнімде келіп, қазір бір әу­леттің анасы болып отырған мен үшін қара­ша­ңырағым – Қазақ­станның бірлігі мен тыныштығы аса қымбат. Жал­пы алғыс айту дегенде сөзбен шектеліп қалмай, оны іс-әрекеті­мізбен көрсете бі­луіміз керек. Яғни, әр жасаған жақсылықтың қайтарымы болға­ны дұрыс деп есептеймін. Сол­түс­тік Қазақстан облысының, Қы­зылжар ауданы­ның құрметті аза­маты, орталық, облыстық, аудан­дық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде түрлі шараларға қаты­сып, халықтың, өскелең ұрпақтың алдында жиі сөз сөйлеймін. Аға буынның міндеті – жастарға ақыл айту, түзу жолды көрсету. Осы тұр­ғыда бізге артылған жауапкер­шілік зор. Елдегі ынтымақ пен бірлікті нығайту үшін бәріміз атсалысуымыз қажет.

 

Мария БАТАЕВА,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp