Әйел заты үшін сұлулық қашан да маңызды. Ал сымбатты болудың сыры күтімде. Материалдық және психологиялық жағдайларға, жас пен дәрежеге қарамастан, кез келген қыз-келіншек алдымен осыны есте ұстауы керек. Күтім дегеніміз – сырт келбет, дене бітімінің және жан дүниенің әдемілігі.
Осылардың ішінде соңғысына ерекше мән берген дұрыс. Яғни, сұлулыққа ұмтылған нәзік жандылар өздерін рухани тоқыраудан сақтау керек. Ол үшін мұражайға, театрға жиі барып, күнделікті кітап оқып, сүйікті іспен айналысқан дұрыс болады. Осы аталғандар – әйел ағзасы үшін рухани азық болатын құнды дүниелер. Өне бойыңыздан олар табылып жатса, жан дүниеңіз жадырап, айналаңызға жылулық пен махаббат сыйлайтын боласыз.
Дегенмен, сұлулық әлемінен өз орнын алғысы келген бойжеткендеріміз мұнымен шектелмеулері керек. Рухани азықпен қатар, сырт келбеттің де әдемілігіне көңіл аудару қажет. Ол үшін әр қыз-келіншек жасына сәйкес косметика қолданып, шаш, тырнақ, қас күтімін басты назарда ұстауы керек.
Ең бастысы, әр жастың өзіне ғана қолдануға болатын косметикасы болады. Міне, осыны естен шығармаған дұрыс. Жан мен тәннің сұлулығы үйлескен кезде ғана әдемілік пен әдептілік тең дәрежеде болады. Ал бұл – әр әйелге қажет дүние.
Гүлхан ӘБУ,
косметолог-маман.