«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЛАЙЫҚТЫЛАР ІРІКТЕЛЕДІ

Жақын күндері елімізде мемлекеттік күзет мамандары мерзімді әскери қызмет қатарына шақырылатындарды іріктейтін болады. Офицерлер үміткерлермен қорғаныс істер жөніндегі департаментте әңгімелеседі. Олардың оқу және жұмыс орындарынан мінездеме, әскерге шақырылатын үміткердің өз ортасы жайлы мағлұмат, оның қызығушылығы, басқа да жеке қасиеттері анықталады. Сонымен қатар, азаматтың бойы 180 см. кем болмауы тиіс, медициналық тексеріс деректеріне де назар аударылады.

Алдымен үміткердің Отанға деген адалдығына, батылдығына, шыншылдығына және тәртібіне, қырағылығына назар аударылады. Моральдық жағынан орнықты, шыдамды, әскери қызметке психологиялық жағынан дайындалған бозбалалар әскери қызметке алынады. Болашақ жауынгер Қазақстан Республикасының азаматы және оның ел аумағында тұрып жатқанына бес жылдан кем болмауы тиіс. Әскери қызмет үшін іріктелгендер бұдан кейін жеке арнайы тексеруден өтеді. Үміткердің моральдық-іскерлік қасиеттеріне, әскерге шақыруға дейінгі оның өмірінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы да есепке алынады. Өйткені, “Айбын” және “Батыр” президенттік полктерінің әскери қызметшілеріне хаттамалық іс-шаралар, мәртебелі қонақтарды күтіп алу салтанатты рәсімдерін өткізу және олардың жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді маңызды міндеттер жүктелген. Олардың мінсіз қызметіне біздің елімізге келген шетелдік мәртебелі меймандар жоғары баға беріп жүр.

Жылына екі рет мемлекеттік күзет қызметінің қатары еліміздің қайратты, денсаулығы мықты және болашаққа үміті зор азаматтармен толығады. Әскерге шақырылған сарбаздар алдымен жас жауынгер курсынан өтеді. Оқыту бағдарламасына әскери қызметшіні жан-жақты дайындауға бағытталған әскери дайындықтың негізгі пәндері кіреді. Ал ант қабылдау рәсімінен кейін мерзімді қызметтің әскери қызметшілері бөлімдер бойынша бөлінеді. Бұдан кейін, яғни өткеру кезеңінде әскери қызметшілердің шыдамдылығы тексеріледі. Өйткені, күзетілетін лауазымды тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен біздің мемлекетіміздің стратегиялық нысандарын күзету міндеттері ерекше жауапкершілікті талап етеді. Мерзімді қызметті өткергеннен кейін запастағы әскери қызметшілердің көпшілігі келісімшарт бойынша әскери қызмет атқаруға ниет білдіретіні қуантады. Олардың қызмет сатысымен өсуіне де мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, тұрғын үй, тегін медициналық қызметтер, жоғары оқу орындарында оқуға 50 пайыз жеңілдік сияқты әлеуметтік көмектер де беріледі.

Бұл жерде олар кәсіби спортпен айналысып, өздерінің білімі мен қабілеттерін дамыта алады. Бөлімдерде спорт пен өнер үйірмелері жұмыс істейді. Жауынгерлердің театрлар мен мұражайларға саяхаты ұйымдастырылады, әдебиет-музыкалық кештерге және басқа да мәдени іс-шараларға қатысады. Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімдерінде өтетін әскери қызметтің бір жылы – жастардың өміріндегі елеулі кезең. Осы уақытта олар білімдерін шыңдап, тәжірибе жинақтайды. Ең бастысы, Отан алдындағы азаматтық борышын элиталық бөлімшенің қатарында атқарады.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Президенттің Күзет қызметі мен республикалық ұланды қосу жолымен құрылған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі – Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштердің бірі. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне Елбасының, басқа да күзетілетін адамдар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының, Елтаңбасының эталондарын күзету, рәсімдік және хаттамалық іс-шараларды, Мемлекет басшысы айқындаған өзге де міндеттерді орындауға қатысу миссиясы жүктелген.

Қазақстан Республикасының мамандандырылған

күзет қызметінің жедел басқармасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp