Жамал АХМЕТОВА,
кәсіподақтардың облыстық кеңесінің төрайымы.
30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 18 жыл толады.
Біздің Конституциямыздағы: “Біз, Қазақстан халқы” деп басталатын жолдардың өзі-ақ оның әлеуметтік сипатын аңғартады. Бұл сөздерде қазақстандықтардың жаңа әділетті қоғамды құруға ұмтылған көптеген ұрпақтарының тарихи сабақтастығының бүкіл мән-мағынасы тоғысқан.
Конституцияда биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот жүйесі сынды үш тармағы белгіленіп, демократиялық саяси жүйенің берік іргетасы қаланған. Уақыт барлық конституциялық қағидалардың дұрыстығын дәлелдеді. Біздің Конституциямыз бен заңдарымыз адамға қызмет етіп қана қоймайды, сонымен бірге экономика мен әлеуметтік өмірдің барлық салаларында оның шығармашылық, жасампаздық әлеуетін күшейте түседі.
Қазіргі қолданыстағы Негізгі Заңымыз қабылданғаннан бастап елімізде сапалы жаңа кеңістік қалыптасты. Ол азаматтардың өмірлік белсенділіктерін күшейтуге барлық жағдайды жасайды, қоғамды одан әрі демократияландыруға жол ашылған. Экономикалық еркіндік, идеологиялық және саяси әр алуандық, баршаның заң алдындағы теңдігі Қазақстанның құқықтық дамуының негізгі басымдықтары болып табылады. Азаматтық институттардың қоғамдық және саяси өмірімізге қатысуы жөніндегі конституциялық нормалары – жұмылдырушы күш. Сондықтан Конституция күні қазақстандықтар үшін айрықша маңызды.
Еліміздің кәсіподақтары республикамыздың Конституциясына, заңдарына және басқа да нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес қызмет атқарады. Қазақстан Конституциясының бесінші бабында біздің ұйымымыздың құқықтық мәртебесі айқындалған. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың 28 қаңтарында Қазақстан кәсіподақтары Федерациясының Бас кеңесінің жиынында сөйлеген сөзінде кәсіподақтар тұрақтылықтың тірегі, әлеуметтік еңбек қатынастарының қайнары екенін атап көрсетті. Еліміздің Конституциясында бекітілген адамға деген құрмет пен оның құқықтарын сақтау, лайықты тұрмыс және қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, еңбекпен қамтылу мүмкіндіктерін жасау, экономикалық тұрақтылықты арттыру – осының бәрі біздің кәсіподақтар еліміздің барлық азаматтарын қамтамасыз етуге ұмтылатын әлеуметтік әділеттіктің негізгі тетіктері.
Елбасымыз: “Біз әрқашан қиындықтарға қарамастан, әрбір қызметкердің, әрбір қазақстандықтың әлеуметтік көңіл күйіне барынша зейінмен назар аудардық”, – деп атап көрсетті. Бұл орайда мемлекет пен кәсіподақтардың мақсаттары толығымен тоғысады. Кәсіподақтардың басты міндеті – кәсіподақтар мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтарын іс жүзінде тиімді қорғау, әрбір еңбек ұжымында тұрақтылық пен берекені нығайту үшін өз мүшелерінің күш-жігерін біріктіру. Елбасымыздың “Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламасында қойылған міндеттерді басшылыққа ала отырып, кәсіподақ ұйымдары әлеуметтік әріптестері болып табылатын атқарушы органдармен, жұмыс берушілермен бірлесе, еліміз Парламентінің депутаттар қауымымен, “Нұр Отан” ХДП-мен, Қазақстанның Азаматтық альянсымен, “Атамекен одағы” ұлттық экономикалық палатасымен өзара іс-қимыл жасай отырып, әлеуметтік жаңғырту үдерісіне белсенділікпен қосылды. Президентіміз ұсынған еңбек қатынастарының жаңа идеологиясы жаһандық дағдарысқа қарсы тұрудың сенімді жолы болып табылады. Ол маңызды қоғамдық күш саналатын кәсіподақтардың қызметін және оны реформалауды күшейтуге бағытталған.
Негізгі құндылық бағдарларының жаңа жүйесі ең алдымен еңбек адамының қажеттіліктері мен сұраныстарына байланысты. Біз жетістіктерімізді халықтың, қарапайым адамдардың тұрмысын жақсартуға бағыттауға тиіспіз. Елімізде барлық қажетті бағдарламалар жасалған, оларды жүзеге асыруға қаржы бөлінген. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды тиянақты орындау азаматтарды жалпыға ортақ еңбек қоғамын құрып, қалыптастыруға бастайды. Адамдармен үнемі жұмыс ортасында болу, олардың еңбектегі орнын бағалау, ой-пікірлеріне құлақ асу, күш-қуатын белсенді еңбекке бағыттай білу, еңбек өнімділігін арттыру, сапалы өнім өндіруге қол жеткізу, міне, кәсіподақ жетекшісінің жаңа әлеуметтік саясат жағдайындағы міндеті осындай.
Ұжымдық шарттарға кәсіподақтардың белсенді қатысуымен кадрларды даярлау, оқыту, біліктілігін арттыру туралы ережелер енгізілді. Осы арқылы кәсіподақтар азаматтардың кәсіп таңдаудағы конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға жағдай жасайды. Кәсіподақ ұйымдарының Конституцияның қағидалары мен баптарын сақтаудағы жұмысы Қазақстан Республикасы Үкіметімен, қызметкерлердің республикалық бірлестіктерімен және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерімен 2012-2014 жылдарға арналған бас келісімін орындауға, сондай-ақ, жергілікті атқарушы, өкілетті органдармен және жұмыс берушілермен, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен және жұмыс берушілер бірлестігімен арадағы 2012-2014 жылдарға арналған облыстық келісімді жүзеге асыруға негізделген.
Атап айтқанда, 2013 жылдың алғашқы жартыжылдығының барысында облыстық үшжақты комиссияның отырыстарында облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуының кешенді бағдарламаларын жүзеге асыру, әлеуметтік-еңбек қарым-қатынастарында қызметкерлерді қорғау, әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Мәселен, үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне облыстың кәсіподақтар құрылған ұйымдарында ұжымдық шарттар толығымен бекітілген. Кәсіподақтардың Солтүстік Қазақстан облыстық кеңесі әлеуметтік әріптестікті жетілдіру және дамыту мақсатымен кәсіпорындарының, мекемелердің кәсіподақ комитеттерімен бірге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында баянды етілген негізгі бағыттарды, Мемлекет басшысының қоғамды әлеуметтік жаңғырту туралы мақалаларын басшылыққа ала отырып, мемлекеттік және облыстық бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша кеңес беру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгіндері облыс кәсіподақтары еңбек жетістіктерін қоғамдық тану жүйесін құрумен айналысуда. Еңбек заңнамаларын ұстану, лайықты және әділетті еңбекті насихаттау, жұмысшы мамандықтарына деген құрмет, ұстаздықты дамыту және ынталандыру бізге мүше ұйымдардың ұдайы жүзеге асырып отырған басым бағыттарының қатарына жатады.
Кәсіподақтардың облыстық кеңесінің заң қызметі жыл сайын мыңнан аса өтініштерді қарастырады. Олардың барлығы бойынша нақты заң көмегі көрсетіледі және қолданыстағы заңнамалардың нормаларына сәйкес түсініктер беріледі. Кәсіпорындардағы еңбек дауларының алдын алу үшін кәсіподақтардың облыстық кеңесі түсінік және кеңес беру жұмыстарын жүргізеді. Бұл жұмыстар еңбек қызметіндегі даулардың және келіспеушіліктердің алдын алу үшін жасалған облыстық кешенді жоспарға негізделеді.
Кәсіподақ ұйымдарын еліміздегі, облыстағы, қаладағы әлеуметтік-экономикалық жағдаймен ақпарат күндері, облыстық атқарушы органдардың басшыларымен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен, насихатшы-лекторлармен кездесулер арқылы ұдайы хабардар ету, бастауыш кәсіподақ ұйымдарын әдістемелік материалдармен және әлеуметтік еңбек қарым-қатынастарының келелі мәселелері бойынша нұсқаулықтармен қамтамасыз ету ұжымдардағы өзара түсіністіктер мен әлеуметтік үнқатысулардың, тұрақтылықты сақтаудың және еңбек тәртібін нығайтудың негізі болып табылады. Кәсіподақтардың облыстық кеңесі және оған мүше ұйымдар қоғамдық инспекторлар институты арқылы облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында еңбек заңнамаларының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру бойынша ұдайы жұмыс жүргізеді. Кәсіподақтардың облыстық кеңесіне мүше ұйымдарда 873 қоғамдық инспектор сайланып, жұмыс істеуде. Олар өндірісте еңбекті қорғауды және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс атқарады.
Біз “Кәсіптік одақтар туралы” жаңа заңның қабылдануына айрықша әлеуметтік үміт артамыз. Ол біздің сан алуан жұмысымызда жаңа серпіліс туғызары сөзсіз.
Конституциямыз қызмет атқарып келген 18 жыл еліміздің Ата Заңының негізгі қағидаларының орнықтылығын, демократиялық маңыздылығын көз жеткізе дәлелдеді.