«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ

Еңбек ардагері, облысымыздың құрметті азаматы Жақсылық Ысқақов 85 жасқа толды. Мерейтой иесін облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтап, құрмет көрсетті. Бұл күні ардагер әріптестерінің де жылы лебізіне бөленді.

Мерейтойға жиналған қауым өңіріміздің партия және қоғамдық ұйымдарында көптеген жылдар бойы қызмет атқарып, өзінің біліктілігі мен білгірлігінің, талапшылдығы мен еңбекқорлығының арқасында еліне танылған Жақсылық Ғабдоллаұлының өмірі мен еңбек жолы, адамгершілік қасиеттері жайында кеңінен сөз қозғады.

– Жақсылық Ғабдоллаұлының есімі облысқа жақсы танымал. Ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосты. Өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында қарапайым агрономнан жоғары лауазымды қызметке дейін көтерілді. Сіздің басшылығыңызбен мал шаруашылығында жаңа технологиялар енгізілді. Соның арқасында ет пен сүт өндірісі 2 есеге, егіннің шығымдылығы гектарына 5 центнерге дейін артқан. Біз Сізді іскер басшы, жастардың ақылшысы ретінде білеміз. Облыс жұртшылығының атынан Сізді осы мерейтойыңызбен құттықтаймын! – деді облыс әкімі Құмар Іргебайұлы.

Облыс әкімі Жақсылық Ғабдоллаұлының қандай қызмет атқарса да жоғары кәсіби шеберлігімен, өз ісіне шынайы берілгендігімен және жауапкершілігімен ерекшеленгендігін атап көрсетіп, мерейтой иесіне тарту-таралғы жасады.

Жақсылық Ысқақов 1932 жылы Есіл ауданының Бұлақ ауылында дүниеге келген. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын және Ресейдің Мәскеу қаласындағы К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын, жоғары партия мектебін тамамдаған. Еңбек жолын Полудино машина-трактор станциясында агроном болып бастаған. Әр жылдары түрлі жауапты қызметтерді абыройлы атқарып, Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы лауазымына дейін көтерілген. Өңіріміздің өркендеуіне мол үлес қосқан жерлесіміз 2005 жылдан зейнет демалысында. Оның еселі еңбегі бірнеше ордендермен, медальдармен атап өтілген.

Әр жылдары қызметтес болған, оның ағалық қамқорлығын, жолдастық мейірімін, ұстаздық шапағатын көрген еңбек ардагерлері Құдайберген Қалиев, Зинаида Беева, Евгений Викторов, Валерий Маслов және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов мерейтой иесінің атына жылы лебіз білдіріп, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тіледі. Шараға қатысушылар бірге еңбек еткен ұмытылмас жылдарын тебірене еске алды.

Жиын соңында Жақсылық Ысқақов өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp