Ұлттық код дегеніміз – халықтың ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан дәстүр-салты, мінез-құлқы, арман-мұраты, тілі мен ділі. ХХ ғасырдың басында: “Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі”, – деген Алаш зиялыларының көсемі Ахмет Байтұрсынұлының осы пікірі әлі күнге дейін өзекті.
Кеңес одағы тұсында ұлтсыздандыру саясатының салдарынан 98 тіл мүлдем жойылып кетті. Қазақ тілі де құрып кетудің сәл алдында қалды. Бүгінгі күннің өзінде қазақ балаларының ана тілінен безіп, бір-бірімен орысша сөйлегендеріне қарап, сол саясаттың салқынын байқауға болады. Бұл жымысқы әрекет XVI ғасырда басталғаны белгілі. Соның салдарынан Сібір мен Орал өңірі халықтарының көпшілігі христиандықты қабылдауға мәжбүр болды. Орыстандыруды күштеп жүргізу халық наразылығын өршіте түсетіндігін түсінген патша өкіметі ХІХ ғасырдан бастап жаңа әдіс қолдана бастады. Орыс миссионері, кириллица негізінде ең алғашқы қазақ әліпбиінің жобасын құрушы Николай Ильминский 1883 жылы Қазан қаласында басылып шыққан еңбегінде былай деп жазады: “Түркі халықтарының жазуына орыс алфавитін енгізу арқылы “екі қоянды бір оқпен өлтіруге болады”: біріншіден, оларды мұсылман дінінен айыруға болады, екіншіден, орыс графикасы арқылы оларды біртіндеп тілінен, дінінен айырып, православие дініне көшіруге болады. Түркітілдес халықтардың кітаптары араб әрпімен жазылса, бұл келешекте орыс жазуының үстемдік алуына кедергі жасайды”. Осылайша, отаршыл ел кирилл жазуы арқылы қазақты шоқындырып, жұтып жібергісі келді. Татар, башқұрт, ноғай, қарашай, хақас, саха, тува, тағы басқа ұлттардың басындағы қазіргі жағдай сол саясаттың кесірі.
Тың игеру жылдары республикада қазақ мектептерінің саны күрт кеміді. Әсіресе, біздің өңірімізде қазақтар балаларын ана тілінде оқыта алмай, амалсыздан орыс мектептеріне берді. Осының салдарынан халық арасында “қазақ тілінде оқыған бала болашақта күнін көре алмайды” деген ұғым калыптасты.
Әсіресе, 1940 жылы ұлттық әліпбиімізге енгізілген кирилл графикасы ана тілімізді ұлттық реңінен айырды. Әліпбиге 28 төл дыбыстан басқа тілімізге жат 14 таңба қосылды. Осылайша, күштеп енгізілген әліпбиден кейін қазақ тілінің ішкі заңдылығы ғана емес, сөйлеу тазалығы да ластана бастады. Орфоэпияға негізделген қазақ тілі орфографияның жетегіне еріп, қазақ тілінің үндестігі сақталмай, қазақ сөзінің табиғи әуезділігі, айтылу мәнері, акустика-артикуляциялық заңдылығы бұзылды. Жылдар өте келе, қазақтың төл дыбыстарына тілі келмейтін, орысша еркін сөйлейтін, ұлттық акцентінен айырылған халыққа айналды.
Ұлттық әліпбиімізді ретке келтіретін кез жетті. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында: “Латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады”, – деген сөзі ойға оралады.
Бүгінгі күні әлем халқының 80 пайызы латын графикасын пайдаланады. Әлемдік ақпараттың 75 пайызынан астамы осы таңбамен таратылады. Латын әліпбиін пайдаланатын халықтар саны 2 жарым миллиардтан асса, кириллицаны ұстанып отырғандардың саны 300 миллионды құрайды. Дамыған 30 мемлекеттің 25-і кәсібін латын әріптерімен жүргізгенді жөн санайды. Өйткені, латын – білімнің, ғылымның, IT-технологияның төріне, өркениеттің өріне жетелейтін графика.
Жаһандық жаңғыру ісінен тыс қалмауды ойлаған ежелгі көршіміз Қытайдың өзі 1958 жылы иероглифін осы заманға икемдеу мақсатымен латын әріптерімен жазудың халықаралық стандартын қалыптастырған болатын. Жер шарының әрбір бесінші тұрғыны немесе 1,2 миллиард қытайлықтың латын графикасын қолдана бастауы кім-кімді де ойландырса керек.
Сонымен бірге физикадағы бірліктер, химиядағы элементтердің периодтық жүйесі, математикадағы, географиядағы, биологиядағы және тағы да басқа ғылымдардағы таңбалар, шартты белгілер осы латын әліпбиінде екені белгілі. Ендеше, қазіргі оқушылар мен студенттер бұл әліпбиді жақсы біледі. Мектептің өзінде оқушы латын әліпбиінің таңбаларын күнделікті бірнеше пәнде кездестіреді. Аға буын да кезінде химия, физика, математика пәндерін оқығандықтан, бұл әліпби бізге де бейтаныс емес. Оған қоса, латын әліпбиі көшелер мен дүкендердегі жарнамаларда, тауарларда кеңінен қолданылады. Тұрмысымызда тұтынатын техникалық заттардың барлығы шетелдікі болғандықтан, олар да латын графикасымен жазылған. Айналып келгенде, латын таңбалары біздің тұрмыстық және қоғамдық өмірімізге әлдеқашан енген. Сондықтан ол қазаққа жат, тосын жазу емес.
Қазір әлемдегі түркі халықтарының саны шамамен 200 млн. дейтін болсақ, солардың 55 пайыздан астамы – латын әліпбиін, 25 пайызы – араб жазуын, 17 пайызы ғана кирилл таңбасын, қалғандары әртүрлі әліпбилерді қолданады екен. Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан сияқты мемлекеттер латын әліпбиін бұрыннан пайдаланады.
Әлбетте, қоғамдағы мемлекет тарапынан жасалатын реформаның қайсысы болсын көпшілікті ойландырады. Бұл – табиғи, қалыпты жағдай. Жаңа әліпбиде 32 әріп бар. Солардың жиырма төрті – бәрімізге белгілі әріптер. Сегізі ғана белгісіз болуы мүмкін. Кезінде ұлы бабамыз әл-Фараби: “Дүниені өзгерткің келсе, алдымен өзің өзгер”, – деген екен. Латын графикасын өз бетімен үйренемін дегендерге “Qaz-latyn.kz” ұлттық порталы көмекші бола алады. Ол жерден қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру барысы жайындағы барлық деректі табуға болады. Емле-ереже, жаңа әліпбидегі әріптердің таңбалануы мен жазылуы, дұрыс дыбысталуын тыңдау секілді айдарлары бар бұл портал латын графикасын үйренуге арналған қосымшаларды жүктеу жолдарын да көрсетеді.
Биыл қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жоспарының бірінші кезеңі аяқталуда. Бұл кезеңде жалпықазақстандық насихаттау-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жаңа әліпби және жаңа емле ережелері бекітілді. Орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктер әзірленіп жатыр. Екінші кезеңде, яғни келесі жылы жоспар бойынша қызметкерлерді латын әліпбиіне оқыту жұмыстары басталады. Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап облыстағы тілдерді дамыту орталығында “Латын графикасын үйрену” курсы ашылып, оған 23 қала тұрғыны қатысып жүр. Бір жарым айлық курстан кейін алған білімдері бойынша тестілеуді жақсы тапсырған тыңдаушыларға сертификат табыс етіледі. Ал келесі жылдың ақпан айынан бастап ересек тұрғындарды латын негізіндегі жаңа әліпбимен жазуға, оқуға үйрету үшін әр ауданда топ ашылатын болады. Орталықтың әдіскерлері Нұр-Сұлтан қаласында өткен арнайы курстарға қатысып, біліктіліктерін арттырып, тәжірибе жинап қайтқан болатын.
Биыл тілдерді оқыту орталығының жеті әдіскерімен бірге Ш.Шаяхметов атындағы “Тіл-Қазына” республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған “Жаңа емлені оқыту әдістемесі” тренерлерді даярлаудың республикалық курсынан өтіп, сертификатқа ие болдық. Сонымен қатар М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де “Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны” тақырыбында өткен екікүндік республикалық семинарға қатысқан 60 оқытушыға республикалық деңгейдегі сертификат табыс етілді. Тілдерді оқыту орталығының оқытушылары үшін өзара тәжірибе алмасу мақсатында қосымша курс та ұйымдастырылды. Ал мамыр-маусым айларында Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Жамбыл, Есіл, Тимирязев, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда латын графикасына негізделген қазақ тілінің ерекшеліктері мен жаңалықтары жайында мағлұмат беру мақсатында семинар-практикумдар өтті. Аталған шараны қараша айында басқа аудандарда да өткізу жоспарланып отыр.
Жаңа әліпбиді жай ғана таңбалардың жиынтығы емес, өмірді танудың, оны бағалаудың жаңаша қатынасы деп ұғыну керек. Латын әліпбиіне көшу қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосатынына сенімдіміз. Мұны әлемдік тәжірибеден аңғарып жүрміз. Мемлекетіміздің елдігін сипаттауға, ешкімге еліктемей, ұлттық кодымызды одан әрі нық қалыптастыруға да септігін тигізері кәміл.
Орал ЖАНАТОВ,
облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары.