“Мен сенемін жастарға
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бір таңда.
Мен жастарға сенемін!” – деп алты алаштың ардақтысы, жыр пайғамбары Мағжан Жұмабаев бүгінгі өрендерге үлкен міндет пен жауапкершілік жүктеп, зор сенім артып кетті. Ақынның шығармалары – таусылмас кен, ортаймас қазына. Әлемдік стандартқа сай білім беретін еліміздегі іргелі оқу орны – Назарбаев Университетінің қабырғасында “Мағжан Жұмабаев рухы және XXI ғасыр жастары” тақырыбында әдеби шаралар өтті.
Оған “Мағжан” журналының бас редакторы, жазушы Жарасбай Сүлейменов, Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры, жалпы білім беретін мектептерде пайдаланылатын “Қазақ тілі” оқулықтарының авторы Жанат Дәулетбекова бастаған зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен студенттер қатысты.
Мағжан Жұмабаев – қазақтың ғана маңдайына біткен жарық жұлдыз емес, ол бүкіл түркі әлемінің асыл перзенті. Биыл барша түркі жұрты ақиық ақынның 125 жылдық мерейтойын кең көлемде дүркіретіп атап өтуде. Мерекелік шаралар ақпан айында “ТҮРКСОЙ” ұйымының ұйымдастыруымен Түркияның Кастамону қаласынан бастау алып, Анкарада, одан кейін Франция, Өзбекстан мен Қырғызстанда да жалғасын тапқан болатын. Ақынның кіндік қаны тамған Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар ауылында да ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлан-асыр той болғаны есімізде. Енді Астана қаласындағы Назарбаев Университетінің “Рухани жаңғыру” орталығы ұйымдастырған шара барысында бүгінгі жастардың Мағжан өлеңдеріндегі азаматтық рухты, еліне, жеріне, Алаш жұртына деген сүйіспеншілікті терең түсініп, зерттеп жүргендеріне көзіміз жетті.
Шараның алғашқы күні білім ордасының студенттері екі кезеңнен тұратын Мағжан оқуларында бақтарын сынады. Бұл шараның ерекшелігі сол – сайысқа әдеттегідей, филология мамандығын таңдаған студенттер емес, инженерия, экономика, математика, география сияқты әдебиетпен байланысы жоқ факультеттерде білім алып жүрген жастар қатысты. Алайда, олардың жоғары деңгейде өнер көрсеткені соншалық, таңдай қағып, бас шайқадық. Мұның қаншалықты маңызды екенін сайысқа төрелік еткен қазылар алқасы да атап көрсетті. Талапты жастардың өнерін Жарасбай Қабдоллаұлы, Жанат Тұрарбекқызы мен Назарбаев Университетінің профессоры, “Рухани жаңғыру” орталығының директоры Гүлтас Құрманбай бағалады.
Алдымен жастар жиналғандар назарына Мағжан Жұмабаевтың шығармалары, олардың аудармалары мен тағы басқа қызықты әрі маңызды тақырыптардағы ғылыми-зерттеу еңбектерін ұсынды. Бұл кезеңде бақтарын сынаған студенттердің тың ізденістері қуантты. Қазылар алқасының көңілінен шыққан жұмыстың бірі – болашақ инженер Дәурен Биназаровтың еңбегі. Ол Мағжан Жұмабаев өлеңдерін өзге тілдерде сөйлету мәселесіне тоқталды. Дәурен, алдымен, аудиторияға: “Қазақ тіліндегі өлеңдерді басқа тілдерге аудару неліктен маңызды?” деген сұрақ қоя отырып, тыңдаушылардың назарын өзіне аударып әрі тақырыптың маңыздылығын түсіндіргендей болды. “Мағжан шығармаларын орыс тіліне аударған қаламгерлердің қатарында Бақытжан Қанапиянов, Әуезхан Қодар, Қайрат Бақбергенов, Валерий Антонов, тағы басқа аудармашылар бар. Олардың жұмыстарын талдай отырып, әр аудармашының өзіне тән стилистикалық мінездемесін табуға болады деп есептеймін”, – дейді Дәурен Биназаров. Оның айтуынша, Мағжан ақынды орысша сөйлеткен қаламгерлер оның туындыларын жақын елдерге танытқанымен, өлеңдерді ағылшын тіліне аударудың маңызы айрықша. Өйткені, көптеген елдер ағылшын тілінде сөйлейді.
Биылғы жылдың сәуір айында Францияның Париж қаласында Мағжан Жұмабаевқа арналған шара барысында АҚШ-тың Мичиган штаты университетінің профессоры Тимур Қожаоғлының “Мағжан – оттың, еркіндік пен махаббаттың ақыны” атты кітабы таныстырылған болатын. Профессор онда Мағжанның он алты өлеңін аударғаны және 40-қа жуық жауһар жырын тәржімалауға ниетті екенін тілге тиек етіп еді. Алайда, Дәурен, өкінішке қарай, ғаламтордан бұл кітап пен аудармаларды таба алмағанын айта келіп, ақын шығармаларының қолжетімділігі жөніндегі мәселені қозғады. “Кез келген туындыны басқа тілге аударудың басты мақсаты оны әлем жұртына ұсынып, насихаттау емес пе?! Сондықтан бұл аудармалардың қолжетімді болмауы еңбектің зая кеткендігімен тең”, – деді ол.
Мағжан оқуларында бірінші орынды ақынды саяси қайраткер ретінде көрсеткен биология ғылымдары факультетінің екінші курс студенті Бексұлтан Қазыбай жеңіп алды.
– Мағжан Жұмабаев деген кезде ойымызға, ең алдымен, оның ақын, жазушы, ағартушы екені келеді. Көбіне оның саяси іс-әрекеттерге қатысып, алаш қозғалысының қайраткері болғанын ұмытып кетеміз. Мағжанның “Қазақ” газетінде жарияланған өлеңдерінен оның саяси көзқарасы алаштықтармен бағыттас екенін аңғаруға болады. Дегенмен, оның саяси қоғамға келуіне басты себеп – 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейінгі жағдайлар. Ол осыдан кейін Ақмола облысындағы алғашқы съезді ұйымдастыруға қатысып, кейін оның комитетіне мүше болады. Жалпы Мағжан – өмірінің соңына дейін өз саяси көзқарасынан, алаш идеясы мен сөз бостандығынан бас тартпаған қоғам қайраткері, – деді Бексұлтан. Екінші және үшінші орындарға Шыңғыс Айдынов пен Дина Түлекова лайық деп танылды.
Осыдан кейін Мағжан сенген жалынды жастар ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Қазылар алқасының шешімі бойынша Мағжанның абақтыда отырып жазған “Сағындым” өлеңін оқып, тыңдаушы қауымның көзіне жас үйірген Назерке Лес бірінші орынды иеленді. “Мені де өлім, әлдиле” өлеңін мәнерлеп оқып қана қоймай, әсем әуенмен әрлеген Мадина Өткелова – екінші, ақынның жұртшылыққа жақсы таныс туындыларының бірі – “Мен кім?” өлеңін оқыған Саян Қатренов үшінші орынды еншіледі.
Жалынды жастар арасында Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын насихаттауға бағытталған шара келесі күні Назарбаев Университетінің вице-президенті Хадиша Дайырованың, Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ғалиябану Кертаеваның, басқа да зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен конференциямен жалғасын тапты. Шарада алғашқы болып сөз алған Хадиша Нұрділдәқызы алыстан ат терлетіп келген қонақтар мен ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, Назарбаев Университетінде Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына орай өткен шараның қаншалықты маңызды екеніне тоқталды.
Осыдан кейін ұйымдастырушылардың бірі “Рухани жаңғыру” орталығының басшысы Гүлтас Сайынқызы жылы лебізін білдіріп: “Біз Назарбаев Университетінде келешекте еліміздің тізгінін ұстайтын көшбасшыларды даярлап жатырмыз. Біздің студенттерімізге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, барша ел сеніп отырғанда, олар сенімді ақтап, мемлекетіміздің атын әлемге танытуы тиіс. Жалпы елімізде білім алып, қызмет істеп жатқан әрбір жастың жүрегінде еліне, жеріне деген мақтаныш, сүйіспеншілік сезімі болғанда ғана еліміздің атын шығарады. Шараны “Мағжан рухы және XXI ғасыр жастары” деп атауымыз да сондықтан”, – дей отырып, жақында Мағжан ақынға арнап шығарған өзінің жүрекжарды туындысын оқып берді.
Ақынның 125 жылдық мерейтойы қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен “Мағжан Жұмабаев” энциклопедиясы жарық көрген болатын. Университетте салтанатты түрде энциклопедияның тұсауы кесілді.
– Мағжан Жұмабаев ұлы тұлға ретінде бүкіл әлемге танылып жатыр. Ақынның мерейтойына орай түрік елінің Кастамону қаласында бастау алып, Анкарадағы Гази университетінде ғылыми тәжірибелік конференция өткені есімізде. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, депутаттар Мағжан туралы тебірене сөйледі. Одан кейін Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласындағы алқалы жиынға қатыстық. Онда да ақынның шығармашылығы, өмірі керемет ойлармен өрнектеліп, халықтың жүрегіне нұр құйғандай болды. Мағжанның туған топырағы – Қызылжар өңірінде де конференция өтіп, сонау Америкадан Тимур Кожаоғлу тәрізді ғалымдар, Гази университетінің профессорлары, мемлекет қайраткерлері келді. Одан кейін Әзірбайжанда, Татарстанның астанасы – Қазан қаласында ауқымды жиындар ұйымдастырылды. Осындай шаралар арқылы, ең бастысы, Мағжанды жастарға танытып, өскелең ұрпақтың ақынға деген сүйіспеншілігін оятуымыз керек. Мағжанның шығармаларын басқа тілдерге аудару мәселесі де шешімін тауып келе жатыр. Түрік академиясының, “ТҮРКСОЙ” халықаралық ұйымының белсене араласуымен Мағжан шығармалары оннан астам тілге аударылды. Түрік академиясының өзі ғана оннан астам кітап шығарды, – деді Жарасбай Сүлейменов.
Шарада сөз алған Жанат Тұрарбекқызы мен Ғалиябану Махметқызы Мағжанның рухын осындай үлкен іс-шаралар арқылы асқақтату керек екенін айтып, жастардың ынта-ықыласына таңданыстары мен ризашылықтарын жеткізді.
Қазақ драма курсының студенттері конференция аясында “Мен жастарға сенемін” атты сахналық қойылым көрсетті. Жастар Алаштың бес арысы – Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатовты, Мағжанның жары Зылиха мен анасы Гүлсім апайларды сомдап, сол замандағы әділетсіздікті, олардың басына түскен ауыр кезеңді жоғары дәрежеде көрсете білді.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Петропавл – Астана – Петропавл.