«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЛАҢКЕСТІК – ҚОҒАМҒА ҚАУІП

Бейбітшілік пен татулықты арқау еткен мемлекеттің басты қаупі – терроризм. Қазіргі уақытта, терроризм мен экстремизм кез келген елге төнетін басты қауіпке айналып отыр. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес терроризм – күш қолдану және халықты үрейлендіруге байланысты жеке адамға, қоғам мен мемлекетке залал келтіруге бағытталған қылмыстық әрекеттерді жасау немесе жасаймын деп қорқыту жолымен мемлекеттік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына әсер ету.

Терроризм мен экстремизм үшін қылмыстық жауапкершілік еліміздің Қылмыстық кодексінің 255-260 баптарында көзделген. Соның ішінде терроризм актісін жасау, оны насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру, террористік топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу, экстремистік немесе террористік әрекетті қаржыландыру яки террористік, экстремистік әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау, қаруландыру, террористік яки экстремистік даярлықтан өту үшін қылмыстық жауапкершілік заңмен қудаланады.

 

Біздің облыста терроризм актісін жасауға қауіпті бес жүзден астам нысан бар. Оларға ерекше маңызды мемлекеттік, стратегиялық, нысандар мен халық көп жиналатын орындар жатады. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі осындай нысандардың басшылары мен қызметкерлері үшін терроризм актісінен қорғануды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері туралы әдістемелік нұсқамалар дайындады. Еліміздің қолданыстағы заңнамаларының талаптарын сақтау мәселесі уәкілетті органдардың басты назарында.

Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері ұлттық қауіпсіздік органдарының, кәсіпкерлер палатасының мамандарымен бірлесіп оқу орындарының, әртүрлі мекемелер мен ұйымдардың басшыларымен, кәсіпкерлермен терроризммен күрес тақырыбында кездесулер өткізді. Бір жыл ішінде облыс полицейлері өңір аумағында орналасқан 481 нысанды терроризм қаупінен сақтау мақсатында тексерді. Осындай тексерістер нәтижесінде анықталған кемшіліктерді түзету үшін 192 ұйғарым шығарылды. Терроризмге қарсы заңнамалардың талаптарын сақтамаған 34 нысанның басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық кодекстің тиісті бабына сәйкес меншік түріне байланысты ондай лауазымды тұлғаларға 100-500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Анықталған кемшіліктер қолданыстағы заңнамаға сай отыз күн ішінде түзетілмесе, ондай нысандарды жабуға дейін шара қолданылады. Мұндай қатаң талаптар адамдардың қауіпсіздігі үшін қолданылатыны сөзсіз.

Руслан МҰХАМБЕТЖАНОВ, облыстық полиция департаментінің басқарма бастығы.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp