Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында Ленинград қаласының құрсаудан босатылғанына 71 жыл толуына арналған шара өтті. Оған соғыс ардагерлері мен кезінде Ленинград құрсауында болған Петропавл қаласының 10 тұрғыны да шақырылыпты. Бірақ түрлі себептерге байланысты олардың біреуінің ғана кездесуге қатысуға мүмкіндігі болды.
Кездесуге келген мектеп оқушылары мен жастар сол кездегі қиын жағдайды Ленинград құрсауында қалып, басынан өткерген Ирина Седельникованың өз аузынан естіді. Әкесі соғысқа аттанғанда Ирина Васильевна бес жаста ғана болса да, Ленинград қаласын жер бетінен құртып жіберуді көздеген басқыншылардың оны қоршап алып, көктен де, жерден де тынымсыз атқылап, бомбалағаны сәби жүрегінде өшпес із қалдырған. Әсіресе, құрсаудағы алғашқы қыс өте ауыр болған. Азық-түлік қоймаларының тас-талқаны шығып, ленинградтықтар аштықтың қасіретін тартқанда қала тұрғындары аштықтан, тынымсыз жарылған бомбалардан азып-тозып, қираған үйлердің үйінділері арасында өлместің күйін кешкен.
Ленинград қаласының қоршауда қалған тұрғындары үшін, әсіресе, алғашқы қыс ерекше қиын болған. Жылусыз, электр қуатынсыз қалған суық үйлерде ішерге тамақ, киерге киім таппай, қаншама адам аштан қырылған. “Соғыс біткеніне 70 жыл өтсе де, басымнан кешкен осынау қиын кезді әлі ұмыта алмаймын”, – деген Ирина Васильевна: “Мен сіздерге көрсету үшін 125 грамм нан ала келдім. Сол кезде бізге күніне берілетін нанның мөлшері осындай болатын, бірақ ол жұп-жұқа және шикітін. Біз аштығымызды басу үшін қолымызға түскенді таңдамастан жей беретінбіз. Әке-шешесінен айрылып қалған көптеген балалар аштан өліп жатты. Анам өзіне тиесілі нанның бір бөлігімен ғана жүрегін жалғап, қалғанын інім екеумізге жегізуші еді”, – дейді.
Ирина Седельникова анасының айтуы бойынша есінде қалған біраз жайттардан да хабардар етті. Қала құрсауда болған кезде Ладога көлі арқылы “Өмір жолы” ашылып, азық-түлік жеткізілгенде тамақты көп жеп қойған талай адам өліп кеткен. Ересектер арғы беттен жеткізілген тамақты таратқан кезде: “Аз-аздап жеңдер, бірден көп жеуге болмайды”, – деп ескертетіндері де Ирина Васильевнаның есінде еміс-еміс сақталған екен. Бұл жол талай адамдардың өмірін қиды, өйткені көл арқылы өткен машиналарға фашистер бомба тастап, тас-талқан етіп, машиналар жүргізушілерімен бірге суға батып кететін”, – дейді ол анасының әңгімесін есіне алып.
– Біз соғыстың не екенін өз басымыздан өткердік. Бүгінгі Донецк қаласының қирап жатқанын теледидардан көрген сайын Ленинград есіме түседі. Сондықтан ондай күн енді қайтып келмесін, оған сіздер жол бермеңіздер, – деді.
Ирина Васильевна Петропавлға 1956 жылы келіп, зауытта жұмыс істеген. Ол өмірден өз орнын тауып, адал еңбек етті, екі бала тәрбиелеп өсірді.
Облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов та өткен жылдарды еске түсірді. Ол: “Бүгінгі таңда Қазақстан тұрақтылықтың аралы іспетті. Бұл – көптеген елдерде болмай жатқан құбылыс, өзге елдер бізге қызыға қарайды. Сондықтан осы тыныштығымызды, осы татулығымызды сақтауымыз керек. Ол әрқайсымызға байланысты”, – деді.
“Өткенді еске алу өлілерге емес, тірілерге керек, сіздің жастарға айтқан өмірлік естелігіңіз үшін алғыс білдіреміз”, – деген “Қазақстанның орыс қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Николай Авдеев Ирина Седельниковаға тарту-таралғы жасады.
Шараға қатысқан Петропавлдағы №43 орта мектептің оқушылары соғыс жайлы әзірлеген слайдтарын көрсетті.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.