«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЛИЦЕНЗИЯ АЛУДЫҢ ТӘРТІБІ

Адвокаттық қызмет түрімен айналысу үшін лицензияға қалай қол жеткізуге болады?

Азамат СӘРСЕКЕЕВ.

Уәлиханов ауданы.

Оқырман сауалына облыстық әділет департаментінің жетекші маманы Әсем Тілегенова жауап береді:

– Адвокат қылмыстық, азаматтық істерде қызмет көрсетеді. Бұл лауазымды қызмет түрін еліміздің жоғары білімді заңгер мамандығына ие азаматтары атқара алады. Лицензия алу үшін алдымен тағылымдамадан өту қажет. Тағылымдама бес жылдан артық қызмет өтілі бар адвокаттың басшылығымен жүзеге асырылады. Тек “Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы” заңында көзделген негіздер бойынша судья өкілеттіктерін тоқтатқан азаматтар тағылымдамадан өтпейді. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астана қаласының аумақтық органдарында құрылатын әділет комиссияларында аттестаттаудан өтеді.

Аттестаттаудан өту үшін өтініш үміткердің тұрғылықты жері бойынша аумақтық әділет органының мекенжайына немесе “Электрондық үкімет” веб-порталы арқылы жолданады.

Егер үміткер еліміздің “Адвокаттық қызмет туралы” Заңымен белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, ол аттестаттауға жіберілмейді. Аумақтық әділет органдары өтінішті он бес күн ішінде қарап, аттестаттауға жіберу немесе жібермеу туралы шешім шығарады. Бұдан кейін аттестаттауға жіберілген үміткерге оның өтетін орны, күні, уақыты туралы он күн бұрын жазбаша түрде хабарланады.

Аттестаттау екі кезеңнен тұрады: 1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуіне компьютерлік тест беру; 2) емтихан билеттері бойынша үміткердің білімін тексеру. Үміткер өз таңдауы бойынша аттестаттаудан мемлекеттік немесе орыс тілінде өтуге құқылы.

Тестке енгізілетін сұрақтар тізімі Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен бекітіледі. Үміткерлердің білімдерін бағалауға арналған сұрақтарды білу адвокаттық қызметті іске асыру үшін қажет.

Тестілеу компьютерлік техниканы пайдалану арқылы жүргізіледі. Тестілеуге тоқсан минут уақыт бөлінеді. Егер қойылған сауалдардың кемінде 70-іне дұрыс жауап қайтарылса, үміткер тестілеуден өтті деп есептеледі және екінші кезеңге жіберіледі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp