Маусымның 25-і мен 27-і аралығында Нұр-Сұлтан қаласында аяэроғарыш тақырыбында «Nazarbayev Fund Schools Challenge-2019» байқауының ақтық кезеңі өткен болатын. Конкурсқа қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен 20 команда ниет білдіріп, өз білімдерін сарапқа салды. Олардың арасында өңіріміздегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары да бар.
Балалар өз жобаларын сәтті қорғап, нәтижесінде екі оқушы Лондондағы Крэнфилд университетіне жолдама алып, бір апта бойы оқу курстарынан өтті. Жас дарындарды облыстық әділет департаментінің өкілдері марапаттады.
«Nazarbayev Fund Schools Challenge-2019» байқауын жылдағы дәстүрмен ҚР Әділет министрлігі ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қорымен бірлесе отырып ұйымдастырды. Басты мақсат – оқушылардың зияткерлік әлеуетін ынталандыру. Сайыс екі кезеңнен тұрды. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары болашақ тікұшақтың тиімділігін зерттеді.
“Байқауға наурыз айынан бастап дайындалдық. Жобалар тек ағылшын тілінде қорғалды. Осы байқау арқылы мол тәжірибе жинадық. Жобамыз комиссия мүшелерінің көңілінен шықты. Жалпы, аталмыш байқауға 80-нен астам оқушы қатысты”, – деді химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пәні мұғалімі Василий Крючков.
Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Әмір Сайынжанға жарыс өте ұнапты. “Онда мен білімімді тереңдетіп, тәжірибе жинақтадым”, – дейді ол.
Байқау 16-18 жас аралығындағы, ағылшын тілін еркін меңгерген, физика-математика және жаратылыстану ғылымдары саласындағы жетістіктері мен өзіндік жобалық тәжірибесі бар оқушылар арасында өткізілді. Мұндай байқауларға енді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары жыл сайын қатысуды мақсат етіп отыр.