«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЛӘЙЛІМ ШЫРАҚ”

Қазақ ән-жырының шамшырағы Біржан сал Қожағұлұлы – халық музыкасын жаңа белеске көтерген өнерпаздардың бірі әрі бірегейі. Көкшенің аспанын ғана емес, кең-байтақ қазақ даласын ән-жырға бөлеген ол артына өшпес өлең, өлмес мұра қалдырды.

Адам жанының нәзік сезім күйлерін лирикалық әсем сазға бөлеген оның әндері адамгершілік асыл қасиет пен ізгілік мәселелеріне арналған алуан оқиғаларға негізделген. Әндері әрбір адамның жан дүниесіне нәрлі азық болары ақиқат. Әсіресе, жастық шақтың от-жалыны көрініс тапқан оның алғашқы туындыларының бірі – “Біржан сал” әні. “Айтбай”, “Ақтентек”, “Алтын балдақ”, “Бірлен”, “Ғашығым”, “Мәті-Дәулен” сияқты әндері шоқтығы биік шығармалар екені даусыз. Әсіресе, “Ләйлім шырақ” әніне ерекше тоқталып өткен жөн болар.

Кәкімбек Салықов құрастырған “Біржан сал” жинағында “Ләйлім шырақ” әні туралы жазылған аңыз бар. Автор Еңбекшілдер ауданының тұрғыны Мұқан қарттан естігенін қағаз бетіне түсірген. Кітапта ақсақал авторға Біржанның қырық шақты әнін білетінін, бірақ бәрінен қымбатты да қасиеттісі – “Ләйлім шырақ” екенін айтады. Бұл әнді Біржан Қожағұлұлы бозбала күнінде Жолдыөзек бойындағы Қарауыл елінде салдық құрып жүрген жас шағында бір қызға ғашық болып шығарған екен. Кітапта: “Сол қызбен көңіл қосқан Біржан қолға түсіп, аяқ-қолы байлаулы байдың ас-суы тұратын қараша үйіне қамалады. Кеше ғана оның айналасын қоршаған жігіт-желең, қыз-келіншектерден қадірменді құрбысына жан тартқан біреулері қолын шешіп, босатып жібергенде атына барса, бұрынғы шідері жоқ, атының аяғы тұсаулы екен. Қара түнде ауылдың сыртында атын ерттеп, шылбырынан ұстап отырып, осы әнге басқан екен.

Ән шыққан жаққа жүгірген жастар Біржанды көріп, ауылға шақырады. Ол сол ауылдағы қадірлі бір адамдарына, қыздың жақын ағалары Көлбай мен Жанбайға апаруын өтінеді. Есіктен кіргенде “дат” дейді.

– Айт, не датың бар? – дейді Көлбай.

Сонда Біржан:

– Атымның аяғынан алтын шідерім ұрланды, оны сенің қарындасың Ләйлі алды. Шідерім қымбат еді, ең кем қойғанда қырық қысырақ еді, деп тұспалдайды” делінген.

Мұқан қарттың айтуынша, “Ләйлім шырақ” әні осылай туған. Қызға ғашық болса да айтатын сөз таба алмай, шідерді сылтау еткенін түсінген, жастық емтиханынан өткен жігітке қыздың ағалары:

– Осы жігіт бір қызға татиды, теңі келсе, тегін бер деген емес пе, – деп Ләйліні Біржанға береді.

Бұл кітапта Біржан мен Ләйлі Шағалалы (Степняктан 18 шақырым жер) басында отырған ауылға келеді. Жақындау жерге Ләйліні түсіріп, өзі ауылға келіп, қуанышты хабарды жеткізген. Жеңгелері мен жастар Ләйліні келін түсіру дәстүрі бойынша ауылға әкелгені айтылады. Сондай-ақ, “Ләйлім шырақ” әнін Біржанның өзі үшке бөліп, үш түрлі әнмен айтатын еді”, – деп әнді орындауға қатысты Мұқан қарттың пікірі келтірілген.

Ләйлім шырақ”әні

Ләйлім шырақ дегенде, Ләйлім шырақ,

Таудан аққан құм қайрақ, сен бір бұлақ.

Қайыс болсын, жіп болсын неге керек,

Шідерімнің бағасы қырық қысырақ.

Қайырмасы:

А, қалқатай, қырық қысырақ.

 

Өзіме бер шідерімді тауып алсаң,

Елу теңге берер ем сүйінші алсаң.

Жерде шіріп қалса да өзіме бер,

Қыршын жаным қыйылсын бітім алсам.

Қайырмасы.  

 

 Дайындаған Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ, күйші.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp