Соңғы жылдары магистратурада оқуға ниет танытушылар саны артуда. Солардың бәрі бірдей ғылым саласына бет бұрғандар ма, әлде диплом мен шәкіртақы үшін білім алып жатыр ма?
Кейбіреулер магистратураны ғылыми-педагогикалық, зерттеушілік білімін жетілдіру үшін оқығысы келеді. Білім қуып жүргендер үшін магистратура, шынымен де, ғылым саласына жол ашады. Мәселен, дамыған батыс елдерінде магистратураға алдына қойған мақсаты айқын, 3035 жастағылар барады. Яғни, олар шынайы білім алуға деген ниетпен келеді. Көп жерде студент жеке жоспар бойынша оқытылады. Еуропа елдерінде магистрлік деңгейді бір жыл ғана оқиды. Канада, Австралия, АҚШ-та магистратура екі жылға созылса, Түркияның бірқатар университеттерінде оқу мерзімі тіпті үш жылға дейін барады. Ал Қазақстанда қалай? Өкінішке қарай, бізде магистратураға ешбір мақсатсыз барып жатқандар бар. Жасына да шектеу қойылмаған. Кейбіреулер қызмет бабында өсу үшін, яғни магистр дәрежесін беретін диплом алу мақсатымен ғана оқитын сияқты.
Биылғы оқу жылында елімізде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс 69256 грантты құрады. Соның 13159-ы магистратураға және 2312-сі PhD докторантураға бөлінді. Айта кетейік, магистратураға бөлінген 13 мың грантқа 30 мың үміткер таласқан. Тест нәтижелері бойынша 9701-іне грант тағайындалып, иесін таппаған 3108 гранттың қаржысы бюджетке кері қайтарылды.
Өткен оқу жылында облыстағы жалғыз жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен 161 түлек магистр дәрежесін алып шықты. Ал биыл магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуді тапсыруға 336 талапкер өтініш білдірген. Нәтижесінде жаңа оқу жылында жергілікті университетте оқуға 159 магистрант қабылданды. Олардың 111-і грантқа түссе, 48-і ақылы негізде білім алуда.
Яғни, жастар жоғары білім алып, магистратурада оқуы үшін мемлекет қомақты қаржы жұмсап отыр. Осы орайда магистратураның маңыздылығын арттыру мәселесі ойландырмай қоймайды. Бакалавриатты тамамдағаннан кейін бірден жұмысқа орналасқандар араға бірнеше жыл салып барып магистратураға түседі. Бірақ диплом алғаннан кейін ешқандай өзгеріссіз жұмысын жалғастыра береді. Жалақысы да көтерілмейді, қызметі де өспейді. “Сонда не үшін магистратурада оқыды?” деген заңды сұрақ туындайды. Осы сауалды М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі Жанбай Қадыровқа қойған едік.
– Филология факультеті бойынша магистратураны тамамдап, диплом алғандардың ұтары көп. Ең алдымен, олар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторантурасына түсуге мүмкіндік алады. Келісімге сәйкес екі жыл сонда білім алып, үшінші жылы шетелде тәжірибеден өтеді. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де экономика, машина жасау, электр энергетикасы, тағы басқа мамандықтар бойынша докторантура бар. Алдағы жылдары осындай мүмкіндік филология факультетінде де қарастырылады, – деді Жанбай Тұрарұлы.
Сонымен қатар магистратураның дипломы арқылы жоғары оқу орнына жұмысқа орналасуға болатынын көпшілік біледі. Жыл сайын кафедрада білім алған 23 магистр университетте қалады екен. Өткен оқу жылында диплом алған тоғыз магистранттың үшеуі қазір осы жоғары оқу орнында жұмыс істеп жүр. Тағы бір тиімді тұсы – олардың еңбекақысына магистр дәрежесі үшін қосымша 20 мың теңгедей ақша қосылады.
Университет басшыларының айтуынша, мектептер мен колледж оқытушыларының магистратурада оқығаны жөн. Өйткені, қазір магистратураның дипломы жоқ адам жоғары санатты мұғалім бола алмайды. Әрі мектеп, колледж директорлары лауазымына орналасу үшін конкурс кезінде магистрлік дәреже ескеріледі.
Қолданысқа енуін барша ұстаздар қауымы асыға күтіп жүрген “Педагог мәртебесі туралы” Заңда да магистр дәрежесін иеленген оқытушылар үшін жағымды жаңалықтар бар. “Мектептерде ұстаздардың сапалық әлеуетін арттыруды ынталандыру мақсатында магистр дәрежесі барларға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қосымша ақы қарастырылған. Бұл норма 5 мыңнан астам педагогымызға қатысты болады, сондайақ, аталған академиялық дәрежесі бар жаңа мамандарды тартуға бағытталмақ”, – деп мәлімдеген болатын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Бірақ көп уақыт өтпей тиісті ведомстволар қолдамағандықтан, ғылыми атақ үшін қосымша қаржы берілмейтінін жеткізді.
Магистр дәрежесі мемлекеттік қызметке орналасу кезінде де ескеріледі. Өңірлік мемлекеттік қызмет істері департаментінің басқарма басшысы Рамиль Бахриразиев жұмысқа қабылдау кезінде магистр дәрежесі бар азаматтарға қосымша ұпай қосылатынын айтты. Алайда, академиялық дәреже үшін олардың айлығына қосымша ақы төленбейді екен.
Өткен жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де машина жасау мамандығы бойынша магистр дәрежесін алғандардың бірі Есләмбек Бейсембин: “Мен бакалавриатты аяқтағаннан кейін бірден жұмысқа орналасып, магистратураға араға бірнеше жыл салып түстім. Бірақ диплом алғаннан кейін де баяғыша өз қызметімде жүрмін. Бұл үшін еңбекақым да, қызметім де өскен жоқ”, – дейді.
Біреуге ғылымның, өзгеге қызметтің есігін ашатын магистрлік білімге деген сұраныстың артуы “болашақта бір пайдаға жарап қалар” деген ойдан туындағандай. Бұған соңғы жылдары магистратураны келешекте тек ұлттық унивеситеттерде ғана оқытады деген алып-қашпа әңгіменің де әсері болуы мүмкін. Көпке ортақ білім түгіл, екінің біріне бұйырмауы тиіс ғылымның да иленген тулақтай болуы алаңдаушылық туғызады. Сахнаға шығып ән айту үшін магистр дәрежесінің аса көп қажеттілігі болмаса да, Мейрамбек Бесбаев, Қайрат Нұртас және Жанар Дұғаловалар грантқа оқуға түсіп, біраз сөзге қалған болатын. Соған қарап, магистр атану білімді толықтыру емес, мақтан үшін қажет пе деген ой туады.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.