
Өңіріміздегі егіншілікпен айналысатын агроқұрылымдар үшін биылғы орақ науқаны оңайға түсіп отырған жоқ. Алайда, маңдай тердің нәтижесі іскерлік пен ұйымшылдыққа байланысты екендігін жақсы білетін диқандар ашық күннің әр сәтін ұтымды пайдалануға ұмтылуда.
Осындай жауапкершілігі зор науқанның ортасында жүргендердің бірі – облысқа белгілі тұлға, шалақындық Николай Луговой. Ол басшылық ететін “Агро-Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 11 мың гектар егіс алқабы бар. Бүгінде шаруашылық оның 62 пайызын жинап үлгерген.
– Бидайдың 70 пайызы қырманға түсті. Осыған дейін майлы дақылдарды толық жинап алғанбыз. Бүгінгі таңда шаруашылықтың 7 комбайны тура бастыру қарқынын қыздыруда. Ауа райына байланысты орақтың тиімді жолы осы. Астықтың шығымдылығына келетін болсақ, майлы дақылдардың гектарынан 10 центнерден өнім алдық, ал бидайдың берекелігі 17 центнерден айналуда, – дейді Николай Луговой.
Аталмыш серіктестіктің егіншілігі мен мал шаруашылығында жергілікті 125 тұрғын еңбек етеді. Мұнда жұмыс қолы жеткілікті. Жұмысшылардың табыстары да жаман емес. Серіктестік басшысы науқан қорытындысы бойынша комбайншылардың орташа еңбекақылары жарты миллион теңгеден айналады деп отыр. Әрине, ол еңбеккердің атқарған жұмысына байланысты. Биыл егістіктегі арамшөппен күресу де оңай болған жоқ. Әсіресе, майлы дақылдарды жинаған кезде арамшөптің бейнеті көп байқалған.
Талғат ТӘНІБАЕВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген автор.