Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Наурызды жаңару мен жаңғырудың символы ретінде атап, төл мерекеміздің мазмұнын байытып, барынша ерекшелікпен тойлауды ұсынса, Бурабай баурайында өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде төл мәдениетіміздегі алатын орнының бөлек екеніне тоқталды. Наурыз туралы жаңа тұжырымдама қабылданғалы еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал мерекесінен бастап, он күн бойы атап өтіп жүр. Әр күнге нақты атау берілді.
Наурыздың ЮНЕСКО-ның Адамзаттың рухани мәдени мұралар тізіміне енгізілуі халқымыздың ежелден келе жатқан ұлық мерекесі екенін әрі мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отырғанын айғақтайды. Бастапқы мән-мағынасы бес мың жылдық тарих қойнауынан бастау алса да, бүгінге дейін Ұлыстың ұлы күні ретіндегі сыр-сипатын жоғалтқан емес. Керісінше тарихи-мәдени атрибуттары жағынан толығып, жұртшылық асыға күтетін халықтық мейрамға айналды. Еліміз егемендік алғаннан бері рухани тазару, табиғат пен адамның байланысы, мейірімділік, имандылық, кешірімділік секілді адамгершілік қасиеттер барынша ұлықталып келеді.
2001 жылы мемлекеттік мәртебеге ие болып, заң жүзінде берік орнықты, мерекелік демалыстың ұзақтығы бес күнге дейін ұзартылды. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», «Қыдыр дарып, құт әкелсін!» деген ақжарма тілектердің айтылуы, ренжіскен жандардың бір- бірін кешіріп, төс қағысып, құшақтасуы, таза киініп, үй- ауылдарды аралауы, мерекелік дастарқан жаюы, былайша айтқанда, түптамырының қазақ халқы танымындағы, тұрмыс-салты мен тіршілігіндегі белгілермен үйлесім табуы– мұның бәрі ұмытыла бастаған ұлттық дәстүрлерімізді еске түсіреді, санаға сіңіп, тұрмысқа кіріккен ұлттық болмыс-бітіміміздің бөлінбес бір бөлшегі екенін растайды. Табиғатпен етене өмір сүрген, көшпелілікке бейімделген малсақ жұрттың тұрмысында Наурыз үлкен рөл атқарған. Қытымыр қыстың қыспағынан құтылғанына көңіл көтеріліп, жер аяғы кеңіп, аспандағы бұлт сөгіліп, күннің нұры шуағын төгетін, ағаш бүр жарып, қотан жас төлге толып, малдың аузы көкке тиетін мезгілді асыға тосқан. Жыл мезгілінің алмасуын табиғаттың оянуы деп түсініп, күн мен түннің теңескен сәтін жақсы ырымға балаған.
Әз-Наурыз түркі халықтарының ортақ мерекесі саналғанымен, қазақ халқының танымында бұл айдың маңызы зор, мәні айрықша, өзіндік сипаттары да жоқ емес. Әсіресе өзгелерге ұқсамайтын халықтық ойындармен, жөн-жоралғылармен ерекшеленетінін бөле-жара айтқан дұрыс. Тәуелсіздік алғаннан кейін Наурызға тән ұлттық дәстүрлеріміз барынша жандандырылып, кең ауқымда көрініс таба бастады. Өңірімізде де халқымыздың ең басты ұлттық мейрамына сәйкес өткізілуі құптарлық. Биыл тың идеялармен толықтырылып, мәдени шаралар барынша қамтылды. Көрісу күнінен бастап Жаңару күніне дейінгі аралықта жақсылықтың нышаны, келешекке деген кемел сенім, тоқшылық, молшылық көрініс тауып жатыр. Қоғамды ұйыстыратын бастамалар жалғасуда. Әсіресе ұлттық киімге қызығушылықтың арта түскені, бірқатар мемлекеттік мекемелерде қалыпты үрдіс ретінде орнығуы қуантады. Айта берсе адам жанын нұрландыратын, шаттыққа бөлейтін мұндай жағымды мысалдар аз емес.
Десек те Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік бағдарламалар әлі де бірізділік, таптаурындылық шеңберінен шыға алмай жүрген секілді. Көбіне жаттанды спорттық- мәдени шаралармен, аста-төк дастарқан жаюмен шектеліп, дәстүрлі қолданылу аясын тарылтып жібергендей әсер қалдырады. Ең маңыздысы – көне дәстүр сабақтастығы, мәселен, ұлттық таным бойынша әр отбасыға жыл бойы молшылық, ризық, сәттілік әкеледі деген сенім, жаңаруға, тазалыққа бет бұру мезіреті емес пе? Наурыз мейрамына қатысты түрлі наным-сенімдер қазіргі уақыт талабымен үндесіп жатса, қандай ғанибет! Осы тұрғыдан алғанда, әлі де жетілдіре түсуді қажет ететін тұстар баршылық. Петропавл қаласында Наурыз мейрамын мерекелеуге арналған іс-шаралар бағдарламасы бірсыдырғы жақсы жасалғанымен, ұлттық нақыш кемшін түсіп жатқаны бірден аңғарылады. 14 наурыздан 19 наурызға дейінгі аралықтағы бағдарламаға фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер мен шығармашылық ұжымдардың бірыңғай концерті ғана енгізілген. Әрі қарай парақтасақ, «Бауырсақ баттл», «Супер әже» байқаулары көзге ерсі көрініп, құлаққа түрпідей тиеді. Ұлық мейрамның басты атрибуттарының бірі – наурызкөженің қалай ұмыт қалғаны түсініксіз. Оны әзірлеуде ана- мынаны қосып, кейде ботқаға ұқсатып жіберетініміз жасырын емес. Құрамы жеті дәмнен тұратынын білмейтіндер қаншама? Сол сияқты селтеткізер, ұйқыашар, сүзбе, құрт, жент, ірімшік, шұжық секілді ұлттық тағамдарды дайындау мәзірі ұсынылып, ғылыми-танымдық тұрғыдан ақпарат берілсе, мереке ажарын аша түспей ме?
Осы күндері «Таза Қазақстан» жобасы аясында тазалық акциялары ұйымдастырылса, отбасылар үй-ішін ретке келтірумен қатар көрші-қолаңмен бірігіп, аулаларды, көшелерді тазаласа, «біткен істің басына – жақсы келер қасына» болып шықпай ма? Әлімсақтан тал егу, бастаудың көзін ашу, жастарға дәріптеу, мұның бәрі –тәлім, үлгі. Бұл базынамыз –берілетін 5 күн демалысты бос уақыт өткізу деп түсінетін ағайындарға құлаққағыс. Мұның өзі мерекеде адам үсті-басын таза ұстаса, жинақы жүрсе, тұрмысы төмен жандарға қайырымдылық қолын созса, жыл бойы уайымсыз, қиындықсыз өмір сүреді, молшылықа кенеледі, пәле-жаладан аулақ болады деген ырыммен үндес. Спорттың күрес, гір көтеру, дойбы, шахмат, тағы басқа түрлеріне басымдық беріліп, тоғызқұмалақ, орамал түю, ақсүйек, белбеу күрес, асық ату, жұмбақ жасыру, жаңылтпаш айту ойындарының шетқақпай қалатыны да көңілге қаяу түсіреді. Бұдан бөлек, «Наурыз жыры» мүлдем ескерілмей келеді. Тіпті орындалмайды десе де болады. Сонымен қатар фольклорлық-этнографиялық сипаттағы сахналық қойылымдарда Қыдыр ата образы өз дәрежесінде сомдалмай жүргенін талайлардан естідік, мифологиялық кейіпкер ретінде бейнелеудің орнына сақал таққызып, Аяз ата сияқты сыйлық таратқызып қояды деген пікірлеріне алып- қосарымыз жоқ. Ұмай ананың көзімізден бұлбұл ұшқаны қашан?! Кейбіреулердің «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», «Жаңа жылымыз жақсылықпен енсін!» деудің орнына «Мерекемен!» дей салуы қынжылтпай қоймайды. Осындай немкеттілікті көріп-біліп өскен бала қандай тәлім-тәрбие алмақ?
Қазақтың бағзы мәдениетіне көз жүгіртсек, Наурыз өзіндік мәнермен тойланып келген. Сондықтан дәстүрге құрмет көрсете отырып, оны негіз етіп алсақ, Мемлекет басшысы айтқандай, мазмұны жаңарып, ауқымы кеңейіп, тарихи, мәдени, әлеуметтік дүниетанымдық тұрғыдан сапалық қасиетке ие болып, шынайы ұлттық мерекеге айналары анық.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».