Әрбір саналы азамат өзінің төл тарихын зерттеп, қадір-қасиетін ұққанда, ата-бабаларының өткен жолын, қиындық-мехнатын, тар жол тайғақ кешулерін көз алдынан өткізіп, жанымен сезгенде, елдің басын біріктірген ұлы тұлғалардың жат жұрттан жерін, суын, даласын қанын төгіп қайсарлықпен қорғап қалған ерліктерін қастерлей білгенде ғана Отанға, халқына деген мақтаныш сезімі оянады. Осылайша, өзі басып жүрген топырақтың қадір-қасиетін жете түсініп ата-баба рухына бас иеді.
Өкінішке қарай, жас ұрпақтың туған жер тарихынан білімдерінің олқы қалып жатқаны жасырын емес. Сондықтан, тарихты оқыту өлкетанудан басталуы қажет. Оқушыға өзі тұрған ауыл-аймақтың тарихын оқып-үйретуден бастап, одан әрі мемлекетінің, халқының және әлемнің тыныс-тіршілігімен байланыстыра оқытуды мақсат еттім. Өлкеміздің елді мекендерінің атауларын да оқушылармен бірлесе отырып зерттейміз. Өзіміз тұрып жатқан Жамбыл ауданының қалыптасуында кеңес өкіметі өз қолтаңбасын қалдырды. 1928 жылы партияның ХV съезі елде ұжымдастыру бағытын жариялады. Әміршіл-әкімшіл жүйе мықтап орныққан партиялық басқару сатылары жоғарыдан келген нұсқауды жеделдете орындады. Соның нәтижесінде қазіргі Жамбыл ауданының аумағында отырықшылыққа негізделген қазақ ауылдары бой көтерді. Мысалы, 1928 жылы Майбалық, 1929 жылы Орталық ауылдары құрылды.
Майбалық елді мекені ұжымдастыру кезінде Көшебе мен Нұралы ауылдарынан құралған. Әуелі әр ру ауылдың өз жерінде құрылғанын қалап, біраз келіспеушіліктер болса керек. Кейіннен екі ауылдың ақсақалдары ақылдаса келіп, аралық жер болып есептелетін Майбалық көлінің жағалауына қоныстарын тұрғызады. Бұл елді мекен кейіннен Төңкеріс ауданының орталығы болады.
Е.Қойшыбаев құрастырған “Қазақстанның жерсу аттары” сөздігінде “Майбалық” сөзіне анықтама бере келе: “Майбалық – елді мекен атауы. Көне түркі май және балық сөздерінен қалыптасқан атаулар. “Киелі өзен” мәніндегі атау”, – деген тұжырым жасайды. Дей тұрғанмен, ауылдың көнекөз ақсақалдары көлдің бұлай аталу сырын басқаша түсіндіреді. Үлкендер бұл көлде ертеректе ерекше ірі балық болған екен дегенді айтады. Ірілігімен қатар, сыртқы май қабаты да қалың болған көрінеді. 1930 жылдардағы аштық және соғыс кезінде Мұздыбай, Молдахмет деген кісілер көлге ау салып, осы балықпен ауылды асырап шыққан. Кейіннен бұл балық түрі жойылып кетті, 1950 жылдардың орта кезінен бастап дәл сондай бірде-бір балық ауға ілікпеген. Жалпы аудан көлемінде 150-дей ірілі-ұсақты көл бар екенін айта кеткен жөн. Майбалық – соның ішіндегі ірілерінің бірі.
1970 жылы Преснов, Мамлют, Сергеев аудандарын ірілендіру кезінде Жамбыл ауданы құрылып, орталығы Благовещенка болған. 1997 жылы аумақтық реформалар жасау кезінде Жамбыл ауданы 1928 жылы құрылған Преснов ауданымен біріктірілген. Майбалық ауылы бүгінде Жамбыл ауданындағы іргесі сөгілмей, қаймағы бұзылмай отырған қазақ ауылдарының санатында.
Ауыл маңында селеу шөп, бетеге, жібекті жусан, өрмелеп өсетін бидайық, селбен, қылтанақсыз арпабас және басқа да көптеген шөптер өседі. Дәрілік өсімдіктер де бар. Көктемгі адонистің үш түрі, тәтті жапырақты таспашөп және таза ақ тұңғиық атты шөптер Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Ағаштардың арасында көп тарағандары – қайың, көктерек, терек, қылқанжапырақты ормандарда қарағайлар, ал шіліктілерден – тал, шие, итмұрындық және долана өседі. Ормандары мен жазық далаларында сүтқоректілерден: бұлан, елік, түлкі, қарсақ, ақ қояндар, құстардың ішінде: сұр қаз, үйректер, сұр және ақ көкқұтандар мекен етеді. Тұяқты жануарларды, бұланды және қылқанжапырақты ормандардағы түз аң-құстарын сақтау үшін ауданымызда 3980 гектар алқапты алып жатқан “Чернолесье”, “Жаңажол” және “Троицкое” сияқты шағын үш қорық құрылды.
Бұл аймақта тарихта аты мәңгіге қалған тарихи тұлғалар Толыбай сыншы, Сегіз сері, Қожаберген жырау, Тоқсан би, Сексен батыр, Нияз сері, Шағырай сал, Баймағамбет Ізтөлин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов, Игібай Әлібаев, Сафуан Шаймерденовтің табандарының ізі қалған. Г.Потанин мен В.Дьяченконың балалық шағы осы өңірде өткен.
Қазақ, ноғай, қарақалпақ, Сібір татарларының біріккен әскерін көп жыл бойы басқарып, ерлікпен даңқы шыққан, Ордабасы – Баһадүр атанған от ауызды, орақ тілді шешен Қожаберген жыраудың сүйегі Майбалық ауылынан 7 шақырым жердегі Гүлтөбе (Маманай) қонысында сол арадағы өз әкесінің есімімен аталатын Толыбай сыншы қорымына жерленген. 1994 жылы Гүлтөбеде Қожаберген жырауға ескерткіш-белгі орнатылды, оның аруағына ас берілді.
Мен тарих пәнін оқыту барысында ауылымыздың өткенін айта отырып, оқушының қызығушылығын оятуға, шы-ғармашылық белсенділікке, өз бетімен ізденуге баулуға тырысамын. Олардың ғасырлар сырын жасырған жеріміздің тарихын тереңірек түсінуіне жол ашып, ата-бабалары қалдырған кең-байтақ даланың лайықты мұрагері, ұлтжанды азаматы ретінде тәрбиелеуді өзімнің ұстаздық міндетім деп білемін.
Бүркіт УСИН,
Майбалық орта мектебі
тарих пәнінің мұғалімі.
Жамбыл ауданы.