«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЙДАНГЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өңір басшысы Ерік Сұлтанов Петропавл қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Валентина Устименконың үйіне барып, мерекемен құттықтады.

Соғыс басталғанда 19 жаста болған Валентина Петровнаның өмірі өнегеге толы. Сын сағатта қатарластарынан қалмай, майдан шебіне аттанып, қолына қару алған бойжеткен соғыс жолымен Мәскеуден Берлинге дейін өткен. Майданға шақырылған соң жас жауынгер арнайы дайындықтан өтіп, медициналық білім алған. Талапты, ұмтылысы мол Валентина Петровна ұрыс даласында оқ тиген жауынгерлерге көмектесіп, қан майданда шыңдалған.

Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагерді облыс әкімі Ерік Сұлтанов көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, сый-сияпат жасады. Әдемі әңгіме барысында тоқсанға аяқ басқан қария өзінің өмірі, отбасы, бала-шағасы жайлы сөз қозғады.

Валентина Петровна жұбайы Василий Стротоновичпен майдан даласында танысқан. Жұптары жарасқан жастар 1945 жылы отбасын құрып, Жеңіс күнін Германияда қарсы алған. Соғыс аяқталған соң да медицина саласында жалпы 40 жылдай еңбек еткен асыл жар, аяулы ана, ардақты әже бүгінде бауырынан тараған екі ұлынан немере, шөбере көріп отыр. Кеудесі орден, медальға толы қария атаулы күн қарсаңында көңіл бөліп, құттықтауға келген құрметті қонақтарға өз ризашылығын білдіріп, “Еліміздегі тыныштық мәңгілік болсын!” деген тілегін айтты.

Бұл күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов облыс орталығында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Анастасия Потапованың да үйінде болып, қарияны мерекемен құттықтады.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp