«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЙДАНГЕРЛЕРГЕ – МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ СЫЙ-СИЯПАТЫ

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында еліміздегі барлық ардагерлер Мемлекет басшысының атынан сый-құрметке бөленуде. Арнайы сый-сияпат өңіріміздегі 288 майдангерге де тапсырылатын болды. Елбасының ыстық ықыласын бірнеше ардагерге өңір басшысы Ерік Сұлтанов жеткізді.

Желтоқсан айында 94 жасқа аяқ басқан ардагер Анна Васянованың үйіне барған облыс әкімі қарияға Елбасының ашық хатын оқып, азық-түлік салынған себет пен гүл шоғын табыстады.

– Бүгінгі бейбіт өмір, егемен елдігіміз – сіздердің қайтпас қайсарлықтарыңыздың, туған жерді қастерлеп, жау шебінен азат етудегі ерліктеріңіздің жемісі. Ұрпаққа үлгі болып, арамызда жүре беріңіз! – дей келе, өңір басшысы келер жылы айтулы мереке қарсаңында ардагерлерге бұдан да зор ілтипаттың көрсетілетінін жеткізді.

Өңірімізге тың игеру жылдары келіп, кейін облыстың денсаулық сақтау саласында көп жылдар бойы еңбек еткенін айтқан Анна Акимовна қашанда мемлекет тарапынан қолдауды сезініп келе жатқанын айтты.

Сый-сияпат пен жылы тілектер 9 мамырда туған майдангер Мұқатай Айтбаевқа да арналды. Амандық болса, ақсақал Жеңістің 70 жылдығында 90 жасқа келген туған күнін де атап өтпек. Абыз ақсақалды алдағы айтулы мерекемен және Жаңа жылмен құттықтаған Ерік Хамзаұлы Мемлекет басшысының сый-сияпатын тарту етті. Ардагерлерге жасалып отырған қамқорлыққа алғысын жеткізген ақсақал: “Соғыс кезінде көрген қиындығымызды ұрпағымыз көрмесін! Бейбітшілікке, халықтар достығына жететін ештеңе жоқ”, – деді.

Өңір басшысы бұл күні облыс орталығында тұратын майдангерлер: Анатолий Гершуновтың, Қуанышбай Баймановтың, Бронислава Голованьның да амандықтарын біліп, Елбасы атынан сыйлықтар табыс етті.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

  Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp