«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Майдангерлер тізімі – бір базада

Мемлекеттік архивтің директоры Сәуле Мәлікованың жетекшілік етуімен облыс аумағынан 1939-1945 жылдары әскерге шақырылғандардың “Сіздер біздің есіміз­десіздер!” деген атпен толық электронды тізімі құрастырылды. Игілікті шара елімізде алғаш рет қолға алынып, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналды.

Электронды тізімге қызыл армия қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын атқарған боздақтардың есімдері енгізіліп, архивтерге түскен барлық деректер жүйеленген. Сонымен бірге қан майданнан аман келгендері, қайтыс болғандары және хабарсыз кеткендері қоса қамтылған. 
Қолдағы мәліметтер бойынша майданға Қазақстаннан барлығы 1 млн. 196 мың 164 адам аттанған екен. Майдан даласында қаза болғандар мен хабарсыз кеткендердің саны – 630 мың. Бұл – әскерге алынғандардың тең жартысы.
Ал Солтүстік Қазақстан облысынан 1939 жылдан бастап ұзынырғасы 91 мың 5 адам әскерге шақырылған екен. Оның да тең жартысы оралмаған. Электронды деректер базасында олардың қаншасы қай ауданнан және Петропавл қаласынан шақырылғаны бөлініп көрсетілген. Бұл деректер де 13 ауданның архивтерінен тірнектеп жиналған. 
Қазақстанда жасақталған барлық әске-ри құрамаларға солтүстікқазақстандықтар көптеп алынған. Брест қорғаны үшін шайқастарға 1939-1940 жылдары әскерге алынған жерлестеріміз қатысыпты. Атап айтқанда, солтүстікқазақстандық шекарашылар Қ.Абдрахманов пен В.Лобановтың, атқыш Қ.Иманқұловтың, пулеметші Е.Качановтың, минометші В.Фурсовтың, зеңбірекші Ғ.Жұматовтың және тағы басқаларының сүйектері Брест қамалында жерленген. Бір атап өтерлігі, 314-ші атқыштар дивизиясы негізінен Петропавл қаласының тұрғындарынан құралған. Өңір аумағында жасақталған ең ірі әскери құрама Ленинград, Балтық бойы, Польша мен Чехославакия жерлеріндегі шайқастарға қатысқан. Электронды базада оның барлық жауынгерлері туралы деректер толық жинақталған.
Солтүстікқазақстандықтар кейін “Генерал Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия” атағын алған 316-шы атқыштар дивизиясының құрамына да алынған. Олардың саны төрт мыңнан асып жығылады. Крюково мен Волокаламск бағытындағы соғыстарға қатысып, ерен ерлік көрсеткендердің қатарында Е.Фейге, С.Юдин, Е.Хрущев, Г.Кабардин, тағы басқалары болған. Ақмола қаласында құрылған 29-шы атқыштар дивизиясының қатарында басқалармен қатар Есіл ауданының Жекекөл ауылының тумасы Мәжкен Ғаббасов ағамыз да болған. Бұл кісі соғыста капитан шенін алып, кеудесіне бірнеше орден-медаль тағып оралған. Бейбіт өмірге белсене араласып, ірі қызметтер атқарған. Осы атқыштар дивизиясы Сталинград майданында көрсеткен ерлігі үшін “72-ші гвардиялық” деген атақ алған. 
Электронды деректер базасында облыстан шыққан Кеңес Одағының Батыры мен “Даңқ” орденінің толық иегері атағына ие болғандардың да тізімі бар. Жерлестеріміздің арасынан 55 батыр және 11 Даңқ орденінің толық кавалері шыққан. Т.Позолотин танк полкының командирі, Ә.Досмұхамбетов рота командирі, Ж.Қизатов взвод командирі болған. 
 
Жақсыбай САМРАТ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp