Екінші дүниежүзілік соғыста қаншама адам жанын шүберекке түйіп, елі, жері, Отаны үшін етігімен су кешті. Жеңісті жақындатып, бейбіт өмірді қорғаған асыл азаматтардың арасында менің қайын атам Бағрам Сейітбаев та болғанын бүгінгі күні ұрпақтары, біздер, мақтан етеміз. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тойланған биылғы мерейлі жылы атам жайлы бір үзік сыр айтуды, оның жүріп өткен жолдарын асқан құрметпен еске алуды жөн көріп отырмын.
Атам Бағрам Сейітбаев 1924 жылы Есіл ауданындағы Александровка елді мекенінде дүниеге келген. 13 жасында әкесінен айрылып, еңбекке ерте араласып, шыңдалып өседі. Ол 18 жасында әскер қатарына шақыртылады. Белорус майданында неміс-фашист басқыншыларына қарсы тұрып, жаудың талай солдатын жер жастандырады. Осындай кескілескен ұрыста қолынан жараланып, 1944 жылы елге оралады. Оның майдандағы ерлігін дәріптейтін: І дәрежелі Отан соғысы ордені, “Майдандағы ерлігі үшін”, “Германияны жеңгені үшін”, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20, 30, 40 жылдық мерейтойлық медальдары, КСРО Қарулы Күштерінің 50-60 жылдығына орай берілген басқа да наградалары мен төсбелгілері – біздердің мақтанышпен тамашалайтын құнды жәдігерлеріміз.
Жараланып елге оралған атамыз көп ұзамай бейбіт еңбекке араласты. 1948 жылы Петропавлдағы педагогикалық училищеге түсіп, Есіл ауданындағы Амангелді ауылындағы бастауыш мектепте ұстаздық етті. Кейін Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп, жоғары білім алған. Аталмыш ауданның Бірлік ауылындағы жетіжылдық, одан кейін Жарғайыңдағы сегізжылдық мектептерде ұстаздық жолын жалғастырды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беріп, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жемісті еңбек етті.
Атам қоғамдық жұмыстарды да абыроймен атқарып, бастауыш партия ұйымының хатшысы, ауылдық кеңестің депутаты болды. Ол “Ерен еңбегі үшін”, “Еңбек ардагері” медальдарымен марапатталып, аудандық, облыстық партия комитеттерінің, білім бөлімдерінің мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтарын бірнеше мәрте алған. “Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі” төсбелгісі де атамыздың қажырлы ұстаздық еңбегінің жемісі деп білемін.
Еңбек еткен ортасында адалдығымен, ұстаздық болмысымен ерекшеленген атам отбасында мейірімді әке, сүйікті отағасы, ағайын арасында ақылшы – бауыр бола білді. Анамыз Райхан Қайнетқызымен екі қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірді. Өкінішке қарай, өмірдің бейнетін артқа тастап, зейнетін көрер шақта екеуі де өмірден ерте кетті. Бірақ олардың берген тәрбиесі, санаға құйған адами құндылықтары ұрпақтары үшін өмірлік азық, көңілге демеу.
Өзім үшін ол кісі тек қайын ата емес, кәсіби мамандыққа шыңдаған тәлімгерім де болды. Ұстаздық жолымда қол жеткізген жеңістерім мен жемістерім үшін осындай абзал жанның рухы алдында басымды иемін.
Ғалия ШОҚАТОВА,
Астана қаласындағы дарынды балаларға арналған №9 “Зерде” мектебінің мұғалімі, Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері.