Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Василий Макиенко ойда-жоқта жарақат алып, ауруханаға түсті. Майдангердің туыстарының айтуынша, ол күнде саябаққа барып, құстарға жем шашуды әдет қылған. Ал кеше жолда оны 9 жасар қыз бала қағып кеткен. Ардагер «Жедел жәрдем» көлігімен ауруханаға жеткізілді.
– Василий Макиенко көпсалалы қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының травматология бөліміне жатқызылды. Медициналық тексеруден кейін оған «жамбас сүйектерінің сынуы» диагнозы қойылды. Жағдайы орташа деңгейде ауыр. Сынған сүйектер орнынан қозғалмаған, яғни хирургиялық емдеуді қажет етпейді. Жағдайын бақылауда ұстап, емдеу үшін стационарға жатқызылды, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға туралы хабар полицияға 20 сәуір күні түсті. Сол күні күндіз Н.Назарбаев пен Ғ.Мүсірепов көшелерінің қиылысында ардагер бағдаршамның рұқсат етілген жасыл түсіне жолды кесіп өтпек болған. Сол сәтте қала мектептерінің бірінің 9 жасар оқушысы жүгіріп өтіп бара жатып, зейнеткерді байқамай қағып кеткен. 99 жастағы соғыс ардагері Василий Макиенконың ауыр жарақат алу фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар барлық адамды және куәгерлерді анықтады. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр, оқиғаның мән-жайына құқықтық баға берілетін болады.
Василий Макиенко – өңірдегі көзі тірі үш майдангердің бірі. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ауруханаға барып, соғыс ардагерінің хал-жағдайын сұрап білді.
– Василий Васильевич егде тартқан жасына қарамастан белсенді өмір салтын ұстанып келді. Былтыр Жеңіс күніне орай Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Келесі жылы ардагер өзінің ғасырлық мерейтойын атап өтпек. Ардагерге тезірек сауығып кетуін тілеп, Жеңістің 80 жылдығын отбасымен, жақындарының ортасында қарсы алатынына үміт білдірдім. Ардагерлер – біздің мақтанышымыз, тарихтың куәсі. Оларға қамқорлық жасау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршамыздың міндетіміз. Жастар аға буынға құрметпен қарап, қиын сәтте оларға көмек көрсетулері керек, – деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».