Әкем Кәрім Жақияұлының отты жылдардағы ерлігі туралы өз аузынан естігенімнен және бейбіт уақыттағы өмірінен сыр шертпекпін. Өзім төрт қыз және төрт ұлдан кейін туыппын. Әкем мені қатты еркелететін. Есімде қалғаны – әкем мен бар жерде қатты дауыс шығарып, ұрысқан емес. Ұнатпаған сәттерде ақырын ғана жұмсақ, жылы дауыспен айтқанда бір түрлі күйге түсетінбіз. Яғни, ыңғайсыз жағдайда қалатынбыз.
Әкем ұстамды адам ретінде есімде қалды. Жас шағымызда қызуқандылыққа салынып, көп нәрсені түсіне бермедік. Осындай сәттерде әкем: “Өзіңді ұстай біл”, – деп ақылын айтатын.
Жоқ жерден дау-жанжал тудырып, ауылдың тыныштығын бұзатындар да бар ғой. Сондай уақытта әкем оларға жақындамай, бұрылып кетіп қалатын.
Жас ұлғая келе бұл ұстамдылықтың әкемізге өмірдің қиын өткелдерінен, қанды, қатерлі жылдарынан сіңген қасиет екенін түсіндік.
Енді әкемнің Ұлы Отан соғысындағы жорықты жолдары жайлы білгенімді айтып өтейін. Неміс-фашист басқыншылары Кеңес одағының шекарасына енген кезде ол Ресейдің Омбы облысындағы Называй ауданының әскери комиссариатының шақыруы бойынша 1941 жылғы шілде айының 16-сы күні соғысқа алынды.
Әкем соғыс туралы әңгімелеуді ұната қоймайтын. “Енді сол сұм заман қайталанбасын, балаларымызды Тәңірім осыдан сақтасын”, – деп отыратын. Ұлы Отан соғысы туралы кинофильмдерді көрмеуге тырысатын. Баламын ғой: “Неге?” – деп сұрағанымда, әкем: “Балам, соғыс – қасірет. Ашынған, қан жылаған адамдар”, – дегені есімде.
Ленинград қаласын қорғаған, Сталинград түбіндегі шайқастарға қатысқан, Еуропада Ұлы Отан соғысының аяқталған, яғни Жеңіс күнін қарсы алған әкемнің туыстарының жақсы бір дәстүрі болды. 9 мамыр күні бәрі жиналып, әкемді Жеңіс күнімен құттықтайтын еді. Сондай-ақ, 9 мамыр әкеміздің де туған күні болып саналатын. Өйткені, әкемнің құжаттарында туған күні көрсетілмеген. Сөйтіп, әкеміз екі тойды бір күнде қарсы алушы еді.
Әкем бізге бейбіт өмір, нанның қадірі туралы жиі-жиі айтатын. Себебі, өз өмірінде аштықтан қырылған халықты көрді. Бір күні сіріңкенің қорапшасын ұстап, Ленинград қаласында блокада кезінде адам басына берілетін нанның нормасы осындай болды, деді. Біз аң-таң болдық. Осылай біздерге өз өмірінде болған жайларды жеткізетін. Мұның тәлім-тәрбиелік мәні өте зор.
Өткен ғасырдың, яғни XX ғасырдың басында әкемнің ата-анасы туған-туыстарымен Ресейдің Омбы облысының Называй ауданына қоныс аударған. Содан 1964 жылы ата-бабасының, өзінің туған жеріне отбасын көшіріп, Ақжар ауданындағы бұрынғы “Кузбасс” кеңшарына келіп қоныстанған. Осы шаруашылықта 1973 жылы зейнеткерлікке шыққанша және шыққаннан кейін де жылқышы болып жұмыс істеді.
“Кузбасс” шаруашылығының әкімшілігі әкемізге Ұлы Отан соғысының ардагері және зейнеткері есебінде жеке тұрғын үй салып берді. Осы үйдің қабырғасында, көше жақ бетінде көзге көрінімді жерге қызыл жұлдызша ілінді, онда бұл үйде “Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады” деп жазылды. Осындай құрметтің арқасында “Запорожец” автокөлігін ақысыз алып, тегін мінді. Оған керекті жанармайын да алып тұрды.
Әкеме көрсетілген елдің құрметі осындай. Сол сияқты ол ұрпақтарының да құрметіне бөленді.
Әкем мен апамыз бізге берік болуды, тіліміз бен дінімізді сақтауды жүрегімізге құйды. Бұл тұрғыда үйреткен істері мен айтқан ақылдары әлі де көкірегімізде сайрап тұр.
Омбы облысынан Қазақстанға көшудің екінші бір себебі – балаларына жақсы білім беру. Біз тұрған “Сұлу терек” ауылында мектепте балаларды оқыту қазақ тілінде жүргізілді. Алайда, сол кездегі заман талабына сәйкес орыс тілін жетік білу қажет еді. Орыс тілін жақсы меңгермеген жағдайда жастардың келешекте өсіп-өнуі, өркендеуі қиыншылыққа апарып соғатын.
Біздің үйден қонақ үзілмейтін. Күнде кешке таман ауыл үлкендері жиналып, әңгіме айтып, бізге кітап оқытатын. Кейінгі жылдары Алматыдан күйтабаққа жазылған қиссаларды алдыртып, тыңдайтын. Апам Омбы облысында қалған туыстарға хат жазғызатын. Біздердің тіліміз бен дінімізді жоғалтпағанымыз әкем мен апамның арқасы.
Өкінішке қарай көшіп-қону кесірінен көптеген жәдігерлер жоғалып қалды. Өзім көрген, ағаштан жасалған, ешбір әшекейсіз домбырамыз болды. Апам әкемнің өз қолымен жасаған домбырасы деп айтатын. Кейде әкем домбыраны қолына алып шертетін. Өзі әзілқой, өте бауырмал адам еді.
“Кузбасс” егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысқан ұжымшар болатын. Шаруашылық табын-табын жылқы ұстады. Жылқы негізгі күш көлігі ретінде бағаланды. Әкеміз зейнеткерлікке шыққанша және одан кейін де жылқышы болып, жұмысты 76 жасында доғарды.
“Кузбасс” шаруашылығына қоныстануымыздың басты себебі, көрші Жаңа ауыл шаруашылығының Жеті үй деп аталған бөлімшесінен 5-6 шақырым жерде әкемнің ағалары және туыстарының жерленген ескі зираты бар. Өздерінің аманаты бойынша біздер әкемізді және анамызды осы зиратқа қойдық.
Мұхамедияр КӘРІМҰЛЫ.