Майдангер көршіміз Әміржан ағайдың кескін-келбеті әлі көз алдымда. Ол аласалау, төртпақ, қара торы, бетінде үлкен қара меңі бар кісі болатын.
Мен бес жасқа толғанда отбасымыз Ақтас ауылына қоныс аударды. Кеңшардың берген жаңа үйі Аманжоловтар отбасының үйіне қарама-қарсы, көшенің арғы бетіне салыныпты. Бастапқы бір-екі жыл бойы оның үйі мен біздің үй көшені шектеп тұрса, қарқынды жалғасқан құрылыстан кейін көшенің ортасында қалдық. Қораға барып, кейін қайтқан кезде көзіңе бірінші шалынатын Әміржан ағайдың үйі болатын. Ауылдың орталық тұсына бару үшін оның үйі мен огородының сол жақ қапталындағы жолмен өтетінбіз. Алайда, олардың үй орамына өтіп, одан әрі жақындай қоймаппын. Ол үйде менімен жасты қыз бала болмағандықтан ба, әлде ата-анамнан олардан жас айырмашылығы үлкендіктен бе, біз көрші тұрсақ та, бір-бірімізге алыс-берісіміз жоқ еді. Сондықтан Әміржан ағайды жақсы танимын деп айта алмаймын. Бірақ сол кісінің бейнесі менің бала көңілімде ерекше сақталып қалыпты. Неліктен? Осы сауалға жауап іздеп, қолыма қалам алғаным да сондықтан. Әміржан ағай маған мінезі қатты адамдай көрінетін. Үлкенге деген сыйластықтан, оның үстіне көршімнің қатқыл мінезінен қаймыққандықтан болар, оның алдынан кесе-көлденең өтіп көрмеппін. Тіпті, оған тіке қарап, сөйлеген де емеспін. Ол сөзге өте сараң адам болатын. Көршімнің ашылып бір сөйлегенін көрмегендіктен, оның дауыс ырғағы қандай болғанын да білмеймін.
Өткен балалық шақтың бақытты белестерінен өзімді шашы жалбыраған, беті-қолы күнге күйіп, орамда ойын қуып жүретін немесе шаруа тындырмақ ойы бар кейпімде елестетемін. Сол кезде міндетті түрде алыстан пошташы ағайдың келбеті сомдалады. Бұл бала күнімде Алматыдағы нағашым мен аға-апамды сағынып, солардан хат-хабарын күтетін күндердің елесі болар. Әміржан ағай жақсы хат-хабар әкеліп, шаңырағымызды ерекше бір шаттыққа бөлесе, бір-екі күн бойы оны сыртынан қатты жақсы көріп жүретінмін. Оның жолын тосып жүретін күндер естен кетпепті-ау. Әміржан ағайды дене тұрқынан, жүрісінен алыстан тануға болатын еді. Шапшаң қимылының өзі оны басқадан түбейгейлі ерекшелеп тұратын.
Күнде демей-ақ қояйын, бірақ күнара Әміржан ағай біздің үйдің орамынан өтеді. Теріден тігілген сұр қапшығының жалпақ бауын қолтығының астынан өткізіп, сөмкені бір қолымен астынан көтеріп алып жүретін. Газет-журнал, хат-хабарға толы сұр сөмке оның кәсібін танытқандай еді. Әйтпесе, ол ағайдың пошташының арнайы киімін киіп немесе төсбелгісін тағып жүргені тағы есімде жоқ. Біздің үйдің қасынан өткен кезде іші лық толы сұр сөмке ауылды толық аралап шыққаннан кейін салбыраған қапшық сияқты болып қалатын.
Үш көшеден тұратын ауылдың әрбір үйінің орамына кіріп-шығып, жұмыс атқару сырт көзге оңай болғанымен, үлкен еңбекті талап ететін жұмыс екенін бүгінде түсінемін. Сұр сөмкенің салмағы бастапқыда әжептәуір болатынын есептеп көріп, ағайдың шымырлығына таңырқаймын. Оның үстіне қора-қопсыны күзеткен иті немесе үйірін қорғаштаған ата қазы бар әр үйдің орамына кіру де оңай емес. Осындайды елемеген ол өз ісінің нағыз иесі еді. Пошташы ағайды қазір көшенің мына басынан көрсең, бірнеше минуттан соң ана басында жүргенін аңғарасың. Бүгінде пошта тасушы туралы әңгіме қозғалса, сол Әміржан ағайдың бейнесімен мамандықтың қыр-сырын ұғатындаймын. Шіркін, балалық шақта алған әсердің құдыретілігі-ай десеңші?!
Әміржан ағайдың сол жақ қолы шынтағынан бүгілмейтінін кейін аңғардым. Оған дейін сұр сөмкесінің белбеуін орта тұсынан қысып алатын сол қолымен газет-журналдарды, хаттарды шығарған кезде көз ілестірмейтін, мүгедек деп айта алмайсың. Әрдайым қолында бірдеңе ұстап жүретіндіктен, сол жақ шынтағын бүгулі ұстайтын шығар дейтінмін. Сөйтсем, ол Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретін өз көзімен көріп, қанды шайқастардың талайына қатысып, денсаулығын зақымдап, елге аман-есен оралғандардың бірі екен.
Мен мектеп табалдырығын аттап, 1-сыныпты бітірер жылы Ұлы Жеңістің 31 жылдығы тойланды. Бұл мен үшін Жеңіс мерекесін сапта тұрып, шабыттана қарсы алудың бірінші мүмкіндігі еді. Отан үшін қантөгіске аттанып, қаза тапқан ауылдастарға арналған ескерткіштің қасында қаптаған оқушының қызу әңгімесі таусылар емес. Бүгінгі олардың ортақ тақырыбы – соғыс. Әсіресе, ер балалар өздерінің Отан қорғауға дайын екендерін айтып, мақтанады. Көкірегімізді кернеген қуаныш мерекелік көңілкүйімізді асқақтатып, жанарымыз бал-бұл жанады. Өзіміз Отан қорғап, ерлік жасап келгендейміз. Баршамыздың қолымызда – бүршік жарып, қылтиған кішкентай жапырағы шығып қалған қайыңның бұтағы. Оған түрлі түсті қағаздан жасалған гүлдер мен шарлар байлап алғанбыз. Қолымыздағы мереке мәзірін жоғары көтеріп, сермеп қоямыз.
Мектеп жақтан бақтың ортасына қарай аяңдай басқан бір топ майдангер жақындай түсті. Бірі – солдаттың сары жейдесінде, енді біреулердің үстінде – қара костюм. Барлығының омырауында – ордендер мен медальдар. Бір кезде өзіме жақсы таныс бейнені көріп, қолымдағы бұтақты құшақтаған күйі тұрып қалдым. “Иә, сол, менің көрші ағайым. Ол да соғыста болған екен ғой. Омырауындағы медальдары қалай көп?! Ол менің бауырларымнан жақсы хабар тасып қана қоймай, біздің бақытты өміріміз үшін күрескен нағыз батыр екен”, – деп іштей күбірлеп, өз ойыммен арпалысып, ұзақ тұрып қалсам керек, қасымдағылар қолдарындағы бұйымдарын кеуделеріне тақай ұстап, майдангерлерге қарай жылжып барады. Мен де жүгіре басып, сол жаққа қарай адымдадым. Әміржан ағайдың қасына жетіп келіп, гүлге оранған бұтақты қысып ұстаған қолымды созған күйі оның көзіне тік қарап, қаттым да қалдым. Мені танып, жымия күлген кезде жүзі әрленіп кетті. Ол менің өзіне беріп тұрған сыйымды алып, сол жақ қолтығына қысты да, оң қолымен басымнан сипады. Сол күні майдангер көршімнің маған бірінші рет назар аударғанын көрген кездегі қуанышым балалық жүрек түкпірінде мәңгілік сақталып қалған болар. Сол естелік Әміржан ағайдың бейнесін ұмыттырмай келеді…
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.