Биыл Ұлы Отан соғысының 71 жылдығына орай облысымызда түрлі деңгейде іс-шаралар ұйымдастырылып, ардагерлерімізге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, аудандық ардагерлер кеңесінің және аудандық қорғаныс бөлімінің қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Сопконың шаңырағында болып, 90 жылдық мерейтойымен құттықтады. Майдангерге жылы лебіздерін арнай келген меймандар аудан әкімі Владимир Дудовтың құттықтау хатын оқып, туған күн иесіне естелік сыйлықты тапсырды. Николай Васильевич, әсіресе, мерейтойлық көңіл-күйді бөлісе келген мектеп оқушыларын қуанышпен қарсы алды.
Туған күн қарсаңында аудандық ардагерлер кеңесінің қаржысына майдангер тұратын үйдің кіреберісіне пандус орнатылды. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері қартқа мүгедектер арбасын сыйға тартқан болатын.
Николай Васильевич ұзақ жылдар бойы майданда болып, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеді. Ол 1-ші Прибалтика майданындағы 938 атқыштар полкінің 1-інші минометті ротасының ұрыстарына қатысып, “Маршал Жуковтың медалі”, “Ерлігі үшін”, “Германияны жеңгені үшін” медальдарымен марапатталған.
Гүлбаршын САТЫБАЛДИНА.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.