Миллиондаған отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, керегесін сөккен сұм соғыстың жарасы әлі де жазыла қойған жоқ. Сексеннің сеңгіріне шықсам да, соғыс жылдары көрген қиыншылығымыз әлі де ұмытылмақ емес. Соғыс жылдары қатарластарым сияқты мен де ерте еңбекке араласып, балалықтың тәтті дәмін татпаған жандардың бірімін.
1941 жылы фашистік Германия КСРО-ға тұтқиылдан басып кіргенде отбасымыздың үш бірдей мүшесі қару асынып, қан майданға аттанған болатын. Соғыс басталғанда мен небәрі 10 жаста ғана болғаныма қарамастан, жұртпен бірге отбасымыздың тірегін, жан әкем Кәкімжанды қанды қырғынға қалай шығарып салғаным есімде. Балалықпен көп нәрсені түсінбесем де, тамағымды өксік қысып, егіліп жылағанмын. Себебі, анамнан 2 жасымда жетім қалғаным аздай, әкемнің майданға алынғаны маған ауыр тиген еді.
Майданда жүрген әкем үйге жазған алғашқы хаттарының бірінде Сталинград пен Ленинград қалаларының түбіндегі ұрысқа қатысқанын жазған. Кейін туған-туысқандарым әкемнің туған інісі Рақымжанды, ал одан кейін үйдің кенжесі Мәлғаждарды майданға шығарып салды.
Әкем соғыс басталмас бұрын орманшы болып қызмет атқарған. Сол кездері қазіргі Есіл ауданының Оседлое мен Сарман ауылының ортасында орманшыға арналған ағаш үйде тұрдық. Біз болсақ, соғыс басталысымен, отбасымызбен көрші Тауағаш ауылына көшіп, бар балалық шағым сонда өтті.
Адамның өмірі құнсызданып, қызыл қан судай аққан соғысқа қатыспасақ та, сол өрттің жалынына шарпылып жүрдік қой. Сол жылдардың ыстығы мен суығына төзіп, майдандағы жауынгерлер және ел игілігі үшін дала төсінде тер төккеніме жетпіс жылдан астам уақыт өтті.
Ауылдағы ер-азаматтар соғысқа кеткендіктен, сол кездегі еңбек еткен әйелдер мен балалардың бастан кешкен тауқыметі майдан даласындағы жауынгерлердікінен кем болған жоқ. Бала болсақ та, ер-азаматтарды жоқтатпадық. Себебі, тылдағы еңбеккерлер майдандағы әскерилерді жылы киіммен, азық-түлікпен қамтамасыз етудің маңыздылығын түсініп, Жеңіс үшін аянбай еңбек етті. Ол жылдары барлық жұмыс қолмен атқарылғандықтан, ауыл тұрғындарының еңбегі өте ауыр болған. Соғыс кезінде көзімізді жұмыспен ашқан ауыл балалары көктемде ат пен өгізге жегілген соқамен жер жыртсақ, шілде-тамыз айларында арамшөп жұлатынбыз. Кейін шыққан бидайды орып, оны Мамлютка қаласына жеткізуші едік. Бұл жерде үгілген бидай кейін майданға жөнелтілетін.
Сол күндері мен үшін ұмытылмас жайт орын алды. Жаздыгүні шошалада ата-әжем – Исағұл мен Қалиманың қойнында жатқан едім. Түсімде балшық үйдің терезесінен сыртқа қарап тұрғанымда далада бір фашист тізерлеп отыра кетіп, мылтығымен қақ маңдайымнан дәл көздеп, шүріппені басып қалды. Сол сәтте маңдайымнан қан саулай жөнелді. Шошып оянған мен көрген түсімді ата-әжеме айтып жатқанымда, үйге көрші Мереке ауылынан Еділ деген адам сүйінші сұрап кіріп келді. Оның айтуынша, сол ауылда тұратын әкемнің Биғайша деген әпкесінің үйіне майданнан хат келген екен. Онда әкем майдан даласында жараланып, әскери госпитальда емделіп жатқанын жазған. Бұл түсімді өмір бойы ұмытқан емеспін. Ұмытпаймын да.
Әкем мен Рақымжан ағам қан майданнан елге аман оралды. Ал Мәлғаждар Брест қамалы түбінде ерлікпен қаза тапты.
Жеңіс жолында қан төгіп, жараланып қайтқан майдангер соғыс аяқталған соң қол қусырып отырмады. Қос өгізбен Мамлютка қаласынан жанармай тасып, еңбек етті. Ауылды көтеруге атсалысты. Алайда, жан алысып, жан берісетін кескілескен ұрыстарда сан рет жаумен бетпе-бет соғысып, арпалысқан әкем майданда көрген қиындықтардан денсаулығы сыр берген болуы керек, 51 жасында дүниеден өтті.
Соғыс жылдары Тауағаштан 116 адам соғысқа аттанса, оның 32-сі аман оралып, 84-і майдан даласында оққа ұшқан екен. Сол соғыстың салдарынан 32 үйдің ошағы сөнді. Бүгінде ардагерлеріміздің қатары күн санап сиреп бара жатқанымен, Сапар Дүйсенов пен Қожатай Некібаев есімді ағаларым аман-сау жүр.
Бүгінде өмірдің талай аумалы-төкпелі кезеңін басымнан өткеріп, бала-шағамның ортасында бәйтеректей жайқалып отырған жайым бар. Бейбіт күндерге шүкіршілік етемін. Кеудемдегі жүрегімді дүрсілдетіп соқтыратын бір-ақ нәрсе бар. Ол – сұм соғыс ешқашан қайталанбасын, біз бастан кешкенді өскелең ұрпақ көрмесін деген асыл тілек қана.
Мағзұм ИСАҒҰЛОВ,
еңбек ардагері.
Петропавл қаласы.