
“Әбілов Рақымжан 19.01.1918 жылы туған. Октябрь ауданы, Ленин ауылы. 1940 жылы әскер қатарына шақырылып, 54-ші мотоатқыштар полкінде атқыш болып әскери міндетін атқарған. Соғыстың алғашқы күнінен шайқастарға қатысып, жаралануына байланысты Кемерово қаласындағы әскери госпитальда емделіп, алған жарақатына байланысты 1941 жылдың қысында елге қайтарылды. “Германияны жеңгені үшін” және мерейтойлық медальдармен марапатталған”.
Бұл дерек осыдан бес жыл бұрын жарық көрген “Жеңіс жауынгерлері” атты кітаптан алынды.
Рақаңмен бір ауылда тұрсам да, мен оның медальдарын жарқыратып тағып жүргенін немесе көптің алдына шығып, соғыс жайлы сөз сөйлегенін көрген де, естіген де емеспін. Қарапайым мінезіне орай көптің бірі болып күн кешкенінің куәсімін.
Әкесі және әулеті туралы толыққанды әңгімені оның ұлы, Қарағандыда жоғары оқу орнын бітіріп, Ақтау қаласында мұнай өнеркәсібінде еңбек етіп жүрген Қанат Рақымжанұлы айтып берді.
Оның айтуынша, атасы Әбіл айтарлықтай дәулетті адам екен. Қазақстанды жаппай жау іздеген науқан жайлаған кезде Әбіловтер әулеті “Бай тұқымы” деген желеумен көрсетіндіге ұшырап, Қорған облысының Петухово, Макушино төңірегіне қашып барып, жан сауғалапты. Сол кеткеннен 1937 жылы туған жерге оралады. Рақымжан Әбілұлы 1940 жылдың наурыз айында міндетті әскери қызметін өтеуге шақырылып, Мәскеу облысының Наро-Фоминск қаласындағы бөлімге алынады. 1940 жылы Қазан төңкерісінің жиырма үш жылдығының құрметіне Қызыл алаңда өткен әскери шеруге қатысады.
Соғыс басталысымен-ақ 54-ші мотоатқыштар полкінің сапында Белоруссияның Витебск қаласының маңында 1941 жылдың 24 маусымында күші орасан басым, бет қаратпайтын неміс басқыншыларымен қан майданға кіреді.
Мұздай қаруланған жау әскерінің күші мен қару-жарағы адам айтқысыз басым болғандықтан, қоршауға түсіп қалудың қаупі төнген біздің жауынгерлер сай-саланы, қалың орманды паналап, шегінуге мәжбүр болады. Бір полктан аман қалған небәрі жүз сексендей жауынгер біздің әскерлердің құрамына келіп қосылады.
Аз уақытта қайтадан жасақталған әскери бөлім Калинин майданының Тула бағытында фашистерге қарсы соққы береді. Осы қантөгісте Р. Әбілов оң қолынан жараланып, Кемерово қаласындағы госпитальда емделеді. Оны әскери комиссия “Соғысуға жарамсыз” деген сараппен елге қайтарады.
Ол елге оралғасын Ленин ұжымшарының төрағасы Ләмәли Қонарбаевтың (жазушы Ермек Қонарбаевтың әкесі – Қ.Ш.) хатшысы қызметін атқарып жүрген Қаратал ауылының бойжеткені Күлзипа Қоспановамен көңілдері жарасып, шаңырақ көтереді. 1944 жылы Алматы қаласындағы ұжымшар басқармаларын даярлайтын қысқамерзімді курсты тамамдап, “Өрнек” ұжымшарын басқаруға тағайындалады. “Қырсыққанда қымыран іриді” дегендей, Рақаң осы қызметті атқарып жүрген жылы қуаңшылық болып, егіннен болмашы ғана өнім алынады. Оған «Тұқымдық бидайды ысырап қылды» деген жала жабылып, жауапкершілікке тартылады. Екі жыл абақтының “дәмін” татуына тура келеді.
Осыдан соң 1946 жылы ол туған ауылына келіп, мал шаруашылығында бригадир болады. Бұл жайында Қызылжардағы “Асыл мұра” орталығын құрған марқұм ұстаз-қаламгер Ғалым Қадірәліұлы өзінің “Аңсаған менің ауылым” атты естелік кітабында жазып еді. Ғалекең Рақаңның еңбекқорлығын, жас адамдарға, ауыл тұрғындарына жанашырлығы мен қамқорлығын осы кітабында жақсы баяндағанды.
Бүгінде Рақаңды көзі көрген замандастары мен тұрғыластарының өзін кездестіру қиын. Солардың ілуде біреуі саналатын “Бадана би” мешітінің имамы Қайролла қажы Қасымұлын сөзге тартқанымда, ол өзі еңбекке араласқан 1958 жылдан былай Рақаңмен бірге жұмыс істегенін айтты. “Рақаң өте еңбекқор еді. Қырман меңгерушісі болды. Астықты желге қақтырып, кептіріп, сақтауда оның сіңірген еңбегі айтуға тұрарлық еді”, – деді.
Енді Рақаң жайында өзімнің көрген-білгенімді айтайын. 1974 жылдың қыркүйек айында, жиырма үш жасар кезім, Есілдің шығыс беткейінде орналасқан Ленин ауылына қоныс аударып, жүргізуші болып жұмысқа орналасқан едім. Сол кезде кеңшар директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Бірлестік Сүлейменов ағамыздың маған көңілі ауып, өзіне жүргізуші етіп алды. Көктемгі егістен бастап, егін орағы аяқталған соң мал қораға кіргенше кеңшарда тынымсыз, қайнаған қызу еңбек. Шаруашылықтың бес бірдей бөлімшесі бар. Ең шалғайлары Қарашоқ және Мектеп ауылдары.
Сол жылдары кеңшарда қыруар трактор, жүк машиналары, комбайндар болды. Орақ науқанында кеңшарға елу шақты жүк көлігімен жүргізушілер басқа республикалардан көмекке келетін. Және құрылыс жасақтарының құрамында студенттер тұрғын үйлерді, басқа да шаруашылық нысандарын салатын. Соларды жатын орынмен, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз ету Бірлестік пен Рақымжан ағамызға жүктеледі. Олар осы жауапты жұмыстарды ыңшыңсыз атқарушы еді.
Рақаңның бір қасиеті – асып-сасып, абдырамайтын орнықтылығы. Мені Бірлестік ағай таңертең: “Рақаңды алып кел. Бастық іздейді”, – деп жұмсап жібереді. Бастық деп отырғаны – кеңшар директоры Есенғали Керейбаев. Ол кісі мінезі тік, әй-шайға қарамайтын. Жұмысты таңғы сегіз болмай тұрып, лездеме өткізуден бастайды. Ал Рақаң аса саспайды. Бұл уақытта таңғы шайын ішіп отыратын. Мен тапсырма алғаң соң машинамды дүрілдетіп жетіп барамын ғой.
– Асықпа балам, жұмыс ешқайда қашпайды. Соғыста маршал Константин Рокоссовскийдің “Соғыстың аты соғыс қой. Алайда, тамақтану керек!” деген нақылға айналып кеткен сөзін жауынгерлер сүйсіне айтады дейтін. Сол айтқандай, дәм ауыз ти. Мына Күлзипа шешеңнің шайындай дәм қайда?! – деп, қою, күрең шайға толы кесені ұсынады.
Күлзипа шешеміз менің анам Бағи Шәниқызының құрбысы екені рас. Мектепте бір сыныпта оқыпты. Рақаң есеп-қисапқа өте жүйрік болды. Ауылға Гапоненко деген тексеруші келіп, есеп-қисап маңында жүрген қыз-келіншектер жандарын қоярға жер таппай қысылғанда Рақаң құтқарып жіберетін.
Ағамыз Құдай қосқан қосағымен қырық жылға жуық бақытты да баянды ғұмыр кешіп, он баланы – төрт ұл, алты қызды мәпелеп өсірді.
– Ағаңның адамгершілігін айтып жеткізе алмаймын, – дейтін Күлзипа анамыз. – Екі көзім көрмей қалғанда Петропавлға, Алматыға апарып емдетіп, жарық дүниені қайта көруіме мүмкіндік жасады!
Ағай 1979 жылы көлік апатына ұшырап, дүниеден озса, зайыбы да бақилық болды.
Осы шаңырақтан өрбіген ұрпақтары бүгінде бір қауым ел болып, Отанымыздың өркендеп, өрлеуіне өз үлестерін қосуда.
Қойшыбай ШӘНИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Шал ақын ауданы,
Ыбыраев ауылы.