«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЙДАН ШЕБІНДЕ ШЫҢДАЛҒАН

Өмірден өтсе де, көңілден өшпейтін жандар болады. Асыл адами қасиеттерімен, адамды ұршықша үйіріп әкететін мінезімен, өнегелі істерімен кейінгі ұрпаққа ұмытылмастай мирас қалдырып кеткен аға буын өкілдерінің бірі–Қожатай Некібаев ақсақал еді.

Әрине, өткен шақпен сөйлеу өте ауыр. Дегенмен екінші дүниежүзілік соғыс арда­герінің балалық шақтан бастап қарттыққа дейін жүріп өткен ғұмырына көз жүгір­тетін болсақ, тарихтың жаңа парағы ашылғандай небір тылсым сырларға қа­нығып, ғибрат алып, көңіліміздің тоғаяры анық. Қожатай Сейдахметұлының сүйегі асыл-тұғын, жарық дүниемен қоштасқан­ға дейін еңсесін тік ұстады, жүрісінен жа­ңылмады. Жадының мықтылығын айт­саңшы! Майданның қақ ортасынан орал­ған ол қанды қасаптың әр сәтін ұмытпаға­ны, қолмен қойғандай етіп мүдірмей жат­қа айтатыны таңдандырмай қоймайтын. Зейнетке шықса да, қоғамдық жұмыстар­дан қол үзген жоқ. Кәсіподақ саласында да белсенділік танытып, содан тонның ішкі бауындай араласып кеттік.

Тауағаш деген түкпірдегі таза қазақ ауылында 1925 жылы 12 желтоқсанда дү­ниеге келген ол 1943 жылдың сақылдаған сары аязында, 17 жастан енді ғана асқан шағында әскер қатарына алынады. Түбіт мұртты бозбала Украина, Венгрия, Че­хословакия, Австрия сияқты елдерді азат ету жорығының, шешуші шайқастардың бел ортасынан табылады. Талайлар ар­ман еткен жеңісті Вена қаласында қарсы алады. Ерен ерліктерінің куәсі іспеттес өңіріне тағылған екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені, басқа да мемлекеттік наградалардың қай-қайсысы болсын ерекше ыстық, қымбат. Әр марапаттың өз бұйырған несібесі бар.

«Қиыр Шығыста Чита деген қала бар екен. Көрмек түгіл естімеппін. Соның бер жағында, 30 шақырымдай жерде орна­ласқан әскери қалашыққа әкелді. Суық казармада жатып, әскери борышымызды өтеуге кірісіп кеттік. Ешкім де бір-бірін жыға танымайды. Өзім бір қазақты көруге зар болдым. Сөйтіп жүргенде екінші Ук­раина майданы 91-ші полкқа ауыстырып, Қазақстаннан келген ағайындармен қуа­на қауыштым. Әйелді сүйген жарынан, баланы асқар тау әкесінен айыратын сұм соғысты ешкімнің басына бермесін. Күні-түні атыс, шабыс, қырғын… Шыбын жа­ныңды шүберекке түйіп жүргенің», – де­ген еді бір естелігінде.

Пенде емес пе, жан-жақтан оқ қарша борап, дүниенің астаң-кестеңі шығып жатқанда топырақ жат мекеннен бұйыра­тын шығар деген ойларға да беріліпті. 1944 жылы Чехословакияны азат ету кезінде жау қатты қарсылық көрсетеді. 3,5 ай өткенде 7 танкілі дивизиясымен берілуге мәжбүр болыпты. Осындай шы­бын жанын шүберекке түйген тұстарды басынан сан рет өткеріпті.

Соғыстан кейін елге ораламын деген қуанышы су сепкендей басылып қалады. Үш жыл танкист болып қызмет етуіне тура келеді. Жатса да, тұрса да, туған-туыстары, ауылдастары, құлын-тайдай тебісіп өскен құрдастары есінен кет­пейді. Сағыныштан жүрегі өрекпи соғып, туған жерге табаны тиген сәтте ғана со­ғыста көрген бар қиындығы ұмытылып, өзгеше сезімге бөленеді. Әдемілігі көздің жауын алатын, тал шыбықтай бұралған бойжеткен Айшамен жүрек жарастырып, отау құрады. Петропавл педагогикалық училищесін бітіріп, ұстаздыққа біржола бет бұрады. Еңбек жолын 1953 жылы Жамбыл ауданындағы Орталық мек­тебінде бастайды. Бала тәрбиесіне сана­лы ғұмырының 32 жылын арнайды. Некі­баевтар әулетінің осы саладағы жалпы жұмыс өтілі 200 жылға жуық. «Алтын алқа» иегері Айша әжей екеуі 10 ұл-қыз, 25 немере, 15 шөбере өсіріп, құтты орны­на қондырады. Әжем де жастайынан ең­бекке араласқан жан. Жалғыз сиырды сауып, сүт-майын бала-шаға нәпақасына жаратқан күндері де болған.

Жоғарыда тоқталғанымыздай қарт майдангер кәсіподақ ардагері ретінде жас­тардың ақылшысына, қамқоршысына ай­налды. Қайда жүрсе де, аузынан Алласын тастамады, өзгелерді ұлттық құндылық­тарға сүттей ұйытты. «Әдемі қартая білу де – бақыт» деп текке айтылмаған. 97 жасқа жетіп, ақтық демі таусылғанша қайратын да, қадірін де жоғалтпады. Даналық ке­ңестерін беріп отырды. Бір сұхбаттасқан­нан-ақ ішкі жан-дүниесінің байлығын, болмысының бекзаттылығын, салиқалы ой-өрісін байқауға болатын.

Бір ғасырды еңсерген марқұмның игі істері, үлгі-өнегелері ұрпақ жадында сақ­талары күмәнсіз.

Ерік НҰРАҚАЕВ,

облыстық кәсіподақтар

орталығының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp