Жақында Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады. Сауалды Мәжіліс депутаты, аграрлық саланы бес саусағындай білетін маман Еркебұлан Мәмбетов оқып берді. Депутаттық сауалда былай делінген:
«Бүгінде республика бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы көлемі 23,3 млн. гектарға жуық, оның 72 пайызын дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар құрайды. Қазіргі таңда өсімдік шаруашылығы саласын әртараптандыру, яғни дәнді дақылдар алқабын қысқарту, жоғары рентабельді, оның ішінде майлы дақылдарды көптеп өсіру өте маңызды. Былтыр майлы дақылдар егуге 2,9 млн. гектар егістік жер босатылды.
Қазақстанда күнбағыс өндірісі ұзақ уақыт бойы тек Шығыс Қазақстан өңірімен ғана шектеліп келсе, жаңа сұрыптардың аудандастырылып, озық технологиялардың енгізілуіне байланысты Павлодар, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары түбегейлі айналыса бастады. Жергілікті май өндірушілер отандық өніммен ішкі нарықтың 50 пайызын ғана қамтамасыз етеді, аздап экспортқа жөнелтеді. Соңғы жылдары өсімдік майы өндірісі айтарлықтай өскенімен, өңдеу жайы кенже қалып тұр. Өсімдік майын тазартумен айналысатын екі-үш кәсіпорын жергілікті жерде күнбағыс дақылын қалдықсыз өңдегеннен гөрі Ресей Федерациясынан дайын өнім күйінде сатып алуды әлдеқайда тиімді санайды. Өйткені көрші ел өндірушілері жоғары технологиялық әлеуетке ие. Қазақстанмен салыстырғанда онда шикізат арзан болғандықтан бәсекелестік жағдайында қолжетімділік мүмкіндіктері мол. Сондықтан майлы дақылдар өсірумен шұғылданатын шаруашылықтардың әлеуетін жоғары деңгейге жеткізу үшін белгілі бір инвестициялық қолдау қажет. Атап айтқанда, технологиялық процестерді дәл, мүлтіксіз жүзеге асыратын егу агрегаттары, өсімдік аурулары мен зиянкестерге қарсы дәрі-дәрмектерді қолдану, майлы дақылдарды жинау техникалары, қабылдау, кептіру және сақтау қоймалары мен жабдықтары қажет. Бұдан бөлек, астық жинау кезінде өндірілген өнімді жедел қабылдау, өңдеу және кептіру мүмкіндіктері талапқа сай емес. Былтыр осы мәселелер бойынша Ақмола, Қостанай облыстарында бірқатар қиындықтар туындап, салдарынан өнім толық жинап алынбады. Өнім өндіруге жұмсалатын және технологияларды жаңартуға құйылатын қаржы көлемі шамадан көп.
Мемлекет тарапынан жеңілдетілген кредиттер, субсидиялар түрінде майлы дақылдарды қайта өңдеуді дамытуға қолдау көрсетіліп келеді. Алайда күнбағыс тұқымын экспорттауға баж салығының енгізілуі бағаның өсуіне әкеп соқты, жалпы экспортқа кедергі келтіріп отыр. Кейбір өңірлерде, мәселен, Павлодар, Ақмола, Абай облыстарында өңдеуші кәсіпорындардың болмауынан шаруашылықтар маңдай термен өсірілген өнімді басқа жақтарға тасымалдауға мәжбүр.
Негізгі дақылдар бойынша субсидиялар бөлуді жүйелеу мәселесі де қайта реттеуді қажет етеді. Субсидияның бұл түрімен жергілікті атқарушы органдар айналысқанымен, дотациялы өңірлер қаражат бөлуге мүдделілік таныта бермейді. Оны шаруашылықтардан келіп түскен шағымдар растайды.
Жоғарыда айтылған ұсыныстарды қорытындылай келіп, май өңдеу кәсіпорындарына инвентаризация жасау, элеваторлардың техникалық жай-күйі мен қабылдау әлеуетін тексеру, астық қабылдау пункттерін жаңғырту, өңірлерде майлы дақылдарды қабылдау, толық емес өңдеу және кептіру цехтарын ашу, қабылдау орындарын салу, жеңілдікті кредиттік ресурстар мен субсидиялаумен көмектесу, уақтылы бөлу мәселелерін назарға алуыңызды, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен, «AMANAT» фракциясының депутаттары Е.Мамбетов, Қ.Әлішев Н.Әшімбетов, А.Әлтай, П.Казанцев, аграрлық мәселелер комитетінің мүшелері Ж.Дайрабаев, Д.Қасқарауов, И.Сұңқар, А.Қожаназаров».