
Өңір басшысының сапары “Степноишим тәжірибе стансасы” ЖШС егістік алқабының басында жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілерімен кездесуден басталды.
Аталмыш серіктестіктің 21 мың гектар жері бар. Оның 16 мың гектарына – астық, қалған 5 мың гектарына майлы дақылдар себiлген. Бүгiнгi таңда оның 60 пайызы жиналып, 50 пайызы бастырылған.
Аудан ауыл шаруашылығы құрылымдары төртiншi жыл қатарынан жасымық егумен айналысып келедi. “Жаркүл” ЖШС-де бұл дақылға басымдық беріп отыр. Бас директоры Александр Кобзевтің айтуынша, жасымықтың жалпы аумағы 3,5 мың гектар болса, өнiмдiлiгi гектарына 14-15 центнердi құраған. Бүгiнгi таңда 60 пайызы жиналып үлгерілген.
– Облыс бойынша орта есеппен алғанда гектар басы 17,2 центнерден өнім алынуда. Бұл көрсеткiштi әлi өсіруге болады, – дедi шаруалармен кездесу барысында Ерiк Сұлтанов.
Тайынша аудандық ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң басшысы Руслан Көлбаевтың айтуынша, бүгiнгi таңда аудан бойынша егiннiң 70 пайызы орылып, 60 пайызы бастырылған. Ал орташа өнiмдiлiк 17 центнердi құрайды. Ауа райы қолайлы болса, астық ору қыркүйек айының соңына дейін аяқталады ал күнбағыс қазан айында жинап алынбақ. Барлық агроқұрылымдар қажетті жанар-жағармаймен қамтылған.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі “Әлiби-Астық” ЖШС-нің егістік алқабында және Ильичевка ауылындағы “Тайынша-Май” зауыты құрылысында болды. Аталмыш зауыт 10 гектар аумақта орналасқан. Жобаға сәйкес, мұнда май өңдейтін 2 негiзгi цех салынбақ. Сондай-ақ, 84 адам жұмыс істейтін нысанда қоймаларды жабдықтау жұмыстары мен өзге де қызмет көрсету нысандарын салу жоспарланған.
– Бүгiнгi таңда нөлдiк деңгей бойынша жұмыстар 90 пайызға орындалды, яғни бетон жұмыстары аяқталды. Технологиялық құралдар мен металл құрастырылымдар әкелiндi. Қазiр екi негiзгi цехтың құрастыру жұмыстары жүргiзiлуде. Жобалық қуаты жылына 300 мың тонна рапс өңдеуге жетеді, егер өнiм ретiнде есептейтiн болсақ, 120 мың тонна май мен 160 тонна күнжара алынады, дедi “Тайынша-Май” ЖШС-нің директоры Дәурен Тұрапбеков.
Салынып жатқан ғимараттарды аралаған өңiр басшысы ауа-райының қолайлылығын пайдаланып, жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, Ерiк Сұлтанов аталған аумақты абаттандыру қажеттiлiгiн атап өтті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.