
Талай мықты балуанның томағасын сыпырған майталман бапкер Диқанбай Биткөзов 80 жастың сеңгіріне шықты. Қазақ күресі мен самбо туралы әңгіме қозғалған жерде әйгілі жаттықтырушыны айналып өту мүмкін емес.
Кеңес одағы кезінде Қарағанды мен Жезқазған облыстарына кезек қараған Жаңаарқа ауданындағы “Жас сұңқар” спорт мектебі балуандарының атағы дүркіреп тұрды. Көпшілік аталмыш ауданды құдды бір кілең чемпиондар тұратын мекен тәрізді елестететін. Бұның бәрі әйгілі күрес бапкері, әлемдік дәрежедегі төреші, қазақтың айтулы азаматы, бәсі биік жарыстарда шеберлігімен танылған балуан Диқанбай Биткөзөвтің қажырлы еңбегінің жемісі болатын. Жарты ғасырлық бапкерлік ғұмырында ол әлем және құрлық чемпиондарын, жалпы саны жиырмадан астам халықаралық дәрежедегі және 200-ден астам еліміздің спорт шеберін баптады.
Диқанбай Дүржанұлы 1941 жылдың 14 мамырында Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы Жеңіс ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтының түлегі самбодан Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. “Еңбек Қызыл Ту” ордені мен “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері, КСРО дене шынықтыру және спорт ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, қазақ күресі мен самбодан халықаралық дәрежедегі төреші Диқанбай Дүржанұлының ел спортының дамуына қосқан үлесі зор. Оның ешкімге ұқсамайтын жолы, жарты ғасырды қамтитын асқаралы биігі бар.
Бапкердің атағы 1984 жылы шәкірті Қанат Байшолақов қазақ самбошылары арасынан тұңғыш әлем чемпионы атанғанда тіпті дәуірледі. Сол жылы Қазақстанның басты басылымдары, теледидары мен радиосы Қанат Байшолақовтың тамаша жеңісі жайлы жарыса жазып жатты. Қанатпен қатар бапкерлері Диқанбай Биткөзов пен Марат Жақыттардың есімдері қатар аталатын. Қанат Сайранұлы Мадридтегі әлем чемпионатына дейін, яғни 1981 және 1984 жылдары кеңес одағы чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атанды. 1981 жылы жастар арасында әлем чемпионы болса, 1982 жылы ересектер арасында Еуропа чемпионатында күміс тұғырға табан тіреді. 48 килограмм салмақта бірнеше жыл бойы одақ құрамасының бірінші нөмірлі балуаны болды. Ал 1987 жылы Болгарияда өткен Еуропа чемпионатында бас жүлдені қанжығаға байлады.
Құрлық чемпионатының финалында Диқанбай Дүржанұлының тағы бір шәкірті – Қанаттың туған бауыры Талғат Байшолақов 57 килограмм салмақта күрескенді. Шешуші айқаста Талғат болгар балуаны Юсевтің аяқ-қолын матап тастағандай дәрменсіз күйге түсірген. Бірақ жарыс иелерінің қабағын баққан төрешілер Байшолақовтың басымдығын көрмеген сыңай танытты. Бұйырғаны – күміс медаль. Талғат Еуропа чемпионатына дейін де бірнеше жарыста олжа салған еді. Атап айтқанда, ол 1984 және 1986 жылдары қатарынан екі рет одақ кубогының жеңімпазы атанса, 1985 жылы әлем кубогының иегері, кеңес одағы чемпионатының қола жүлдегері болды. Осылайша кеңес құрамасы сапында екі бірдей Байшолақов күресті. Бұл бұған дейін қазақ спортының тарихында болмаған жағдай еді.
Әйгілі бапкердің ағайынды Байшолақовтардан өзге де шәкірттері баршылық. Айбатыр Махмұт – самбо күресінен әлем кубогының жеңімпазы, Азия чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасы мен одақ чемпионатының күміс жүлдегері, кеңес одағы кубогының екі дүркін күміс медаль иегері. Сергей Волобуев – самбо күресінен әлем кубогының жеңімпазы, КСРО және Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, кеңес одағы кубогының 3 дүркін күміс жүлдегері. Жанат Байшолақов – самбо күресінен Азия чемпионы, әлем кубогының жеңімпазы, әлем чемпионатының екі рет қола жүлдегері. Қуат Омаров – самбо күресінен кеңес одағының жасөспірімдер біріншілігінің жеңімпазы.
Диқанбай Дүржанұлы алпыстан асқан шағында қазақ күресінен балуандарды баптауға кірісті. Төл өнердің өркен жаюына қызмет еткен ол ұлттық күрестен екі бірдей әлем чемпионын – Ерсін Мұхамеджанов пен Айдос Ғалымовты және сегіз Азия жеңімпазын баптап шығарды. Айдос дүниежүзінің чемпионы болған тұста Диқан Биткөзов 78-дегі ақсақал болатын. Тағы бір шәкірті – Ержан Шынкеев Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен өткен “Қазақстан барысы” республикалық турнирінде топ жарды. Иә, адал еңбектің өтеуі – абырой. Диқанбай Дүржанұлы қазір сексеннің сеңгіріне келсе де, әлі шәкірт баптап жүр.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.