
Қызылжар өңірінде көптеген тың жобалар қолға алынуда. Солардың қатарында дәнді және майлы дақылдарды тереңдете өңдейтін кәсіпорын да бар. “Масло-Дел” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаражатына облыс орталығында бой көтеретін май шығаратын зауыттың өнімі негізінен экспортқа жіберілмек.
Жаңа сала — жаңа мүмкіндік
Майлы дақылдарды тереңдете өңдеуде Солтүстік Қазақстан облысының мүмкіндігі жоғары. Соңғы жылдары егістік алқаптарын әртараптандыруға және майлы дақылдар өндірісін субсидиялауға бағытталған мемлекеттік саясат отандық өңдеу саласын дамытуға негіз болды. Жалпы, Қазақстан майлы дақылдар өсіруден әлем бойынша үздік ондыққа кіреді. Жыл өткен сайын өнімділік те артып келеді. Ал біздің облыс бұл көрсеткіш бойынша республикада алдыңғы қатарда екенін біреу білсе, біреу білмес. Өткен жылы ел қамбасына құйылған дәнді дақылдардың төрттен бір бөлігі, ал майлы дақылдардың үштен бірі солтүстікқазақстандық диқандарға тиесілі. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 779 млрд. теңгеге жетті. Егіншілікті әртараптандыру аясында соңғы үш жылда майлы дақылдар алаңы 1,3 есеге ұлғайып, 2020-шы жылы 922,6 мың гектарды құрады.
Бұл деректерден нарықта өсімдік майына деген сұраныстың арта түскенін аңғарамыз. Алдағы уақытта май өндіру агро-өнеркәсіптік кешеннің негізгі және тез дамитын салаларының біріне айналары сөзсіз. Себебі, өсімдік майы тағам дайындау мен бояу өнеркәсібін айтпағанда, сабын жасау, косметологияда да кеңінен қолданылады. “Масло-Дел” компаниясының Петропавл қаласында салып жатқан май экстракциялық зауыты бұл саланың дамуына өзіндік үлесін қоспақ.
“Масло-Дел” – азық-түлік өнімдерін өндіретін Қазақстандағы ең ірі кәсіпорындардың бірі. 100-ден астам өнім түрін шығарады. Соның ішінде сарымай және өсімдік майлары, өнеркәсіптік мақсаттағы майлар, маргарин, майонез, кетчуп, томат пастасы, ұзақ сақталатын сүт, қоюландырылған сүт өнімдері бар. Петропавл қаласында аталмыш серіктестіктің алғашқы зауыты – сүт өңдейтін кәсіпорын 2004 жылы іске қосылған болатын. Содан бері еліміздің барлық өңірлерін сапалы сүтпен қамтамасыз етуде.
Енді майлы дақылдарды өңдеуді мықтап қолға алмақшы. Жаңа кәсіпорынның директоры Қанат Нұрпейісовтың айтуынша, май шығаратын зауыт 2022 жылы пайдалануға берілмек. Қазір тың жобаның құжаттары әзірленіп, инвестиция тартылуда.
– Майлы дақыл өңдеуде бәсекелестік бар. Біздің өңірде бұл іспен “Тайынша Май” және “Династия агро” атты екі компания айналысады. Алайда, бұл кәсіпорындарда өңделетін майлы дақылдардың көлемі аз. Яғни, өңірдегі екі кәсіпорын нарық сұранысын толық қанағаттандырып отырған жоқ. Сондықтан біз тиімділігі мол жаңа бағытты иегеруді жөн санадық. Бүгіндері құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, қаржыландыру мәселесі шешілуде. Бірер аптадан кейін болашақ зауыттың қадасы қағылады, – дейді Қанат Елубайұлы.
Аталмыш жобаны жүзеге асыруда мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отырғанын атап айтқан жөн. Жобаның жалпы құны 15 млрд. теңгені құрайды. Оның 50 пайызын мемлекет қаржыландырса, қалғаны – серіктестіктің өз қаражаты. Жергілікті әкімдік те қол ұшын созып, инженерлік желілер тартуға көмектеспек. Кәсіпорында әкімшілік кеңсе, дақылдарды қабылдайтын және өңдейтін цехтар мен қойма бар. Бұған қосымша майлы дақылдарды сығу, экстракциялау цехтары, май қоймасы, май құю станциясы, күнжараны буып-түйетін цех іске қосылып, темір жол тартылады. Сондай-ақ, дақылдарды сақтайтын бөшке тектес 8 қойма салу жоспарланған. Олардың әрқайсысының сыйымдылығы 10 мың тоннаны құрайды.
Майлы дақылдан сапалы өнім алу үшін заманауи техниканың көмегіне жүгінген абзал. Бұл ретте басшылық дүние жүзінде танымалдыққа ие компаниялардың көмегіне жүгінбекші. Атап айтқанда, қажетті құрал-жабдықтар негізінен Германия мен Түркия елдерінен жеткізіледі. Зауыт толық іске қосылған кезде тәулігіне 1200, ал жылына 370-400 мың тонна дақылды өңдейді деп күтілуде. Бұдан бөлек, қосымша 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Қазірдің өзінде құрылыс алаңында 30 жұмысшы еңбек етуде.
Бүгінде қажетті шикізат жергілікті шаруашылықтар мен көршілес облыстардан жеткізілуде. Жаңа зауытта шикізаттан дайын өнім шығаруға дейінгі өндірістің барлық циклі толық атқарылады. Атап айтқанда, шикізат алдымен зертханалық талдаудан өтіп, кейін сұрыпталады әрі тазартылып, кептіріледі. Содан соң ол жалпы аумағы 18 мың шаршы метрді құрайтын қоймаға түседі. Әзірге қоймадағы өнім Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы филиалға жөнелтілуде. Болашақта ол Петропавлдағы жаңа зауытта өңделетін болады.
Экспорттық әлеуеті жоғары
Он алты жылдан бері тек сүт өнімдерін өндірумен айналысып келген серіктестік үшін майлы дақылдарды терең өңдеу көп қиындық тудырмауы тиіс. Бұл бағытта азды-көпті тәжірибе де бар. Алда тұрған міндет – өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнім көлемін ұлғайту.
– Солтүстік – аграрлы өңір. Облыста бірнеше май өңдеу зауыты болса да артықтық етпейді. Новоишимка ауылында жұмыс істейтін зауытымыз шағын, өңірдің қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан Петропавлда май өңдеу зауытын ашуды ұйғардық. Одан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Өйткені, қалада инфрақұрылым жақсы дамыған. Яғни, шикізатты жеткізу, дайын өнімді жөнелтуде кедергілер болмайды. Зауыт іске қосылса, біраз мәселе шешімін табар еді. Бастысы, ел нарығын қажетті өнімдермен қамтамасыз етіп, көршілес Ресеймен экспорттық байланысты дамытуға мүмкіндік ашылады. Жаңа зауыттың өңір экономикасына да оң әсер берері сөзсіз, – дейді Қанат Нұрпейісов.
Облыс диқандары биылғы көктемгі егісте 4,2 млн. гектар алқаптың бір миллион гектарына майлы дақыл сеппек. Соның ішінде 787,5 мың гектарға зығыр, 82,3 мың гектарға рапс, 36,8 мың гектарға күнбағыс пен тағы басқа өсімдік түрлері егіледі. Нарықтағы жағдай майлы дақылдарды шикізат ретінде өсіріп қана қоймай, оны қайта өңдеуден өткізіп, дайын өнімді экспортқа шығару әлдеқайда тиімді екенін көрсетіп отыр. Сондықтан Петропавлда салынатын май экстракциялық зауытына артылар үміт зор. Облыс әкімдігінде өткен жиындардың бірінде өңір басшысы Құмар Ақсақалов аталмыш жобаның маңыздылығына тоқталып, жаңа зауыттың бәсекеге қабілетті өнім шығарып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы қадау-қадау әлеуметтік проблемаларды шешуге де атсалысуы тиіс екенін ескертті.
Биыл елдің шетіндегі, желдің өтіндегі Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары жасалып, тың бастамалар қолға алынғанын айта кеткен жөн. Негізгі басымдық – ауыл шаруашылығында. Маңызды құжатта бұл салада өндірілетін өнім көлемін – 1,2 трлн. теңгеге, еңбек өнімділігін 2,5 есеге ұлғайту, 1,6 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Кешенді жоспарды жүзеге асыру арқылы облыста майлы дақылдар алаңын 1 млн. гектарға, ал оны өңдеу үлесін 30 пайызға арттыру көзделуде. Статистика департаменті мен мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сүйенсек, 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 96,3 мың тонна майлы дақыл немесе бір жылда облыста өндірілген өнімнің 11 пайызы экспортталды. Негізінен Австрия, Ауғанстан, Бельгия, Венгрия, Германия, Италия, Литва сынды елдерге жөнелтілген екен. Май сығымдау зауытының директоры Қанат Елубайұлы жергілікті жерде өндеуден өткен дайын өнімдерді Еуропа елдерінен бөлек, көрші Қытай мен Ресейге экспорттау көзделіп отырғанын айтады. Қазақстанда да бұл өнімге деген сұраныс жоғары. Мәселен, Павлодар мен Қостанайда тұрақты тұтынушылары бар.
Әр жұмыстың өз қиындығы болатыны секілді, майлы дақылдарды өңдеу саласында да түйткілді мәселелер баршылық. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жаңа зауытта жылына 370-400 мың тонна майлы дақыл өңделетінін ескерсек, кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету аса маңызды. Бірақ бұл елімізде шикізат тапшы дегенді білдірмейді. Бүгінде егістік алқаптарын әртараптандыру майлы дақылдарды өсіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бергенін айта кеткен жөн, алайда меншік иелері шикізатты негізінен шетелге сатуда. Бұл сала да реттеуді қажет етеді.
Қалдықсыз өндіріс
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандары өңірімізде өсірілетін зығырдың әр тоннасы 274,3 мың, ал рапстың тоннасы 228,1 мың теңгеден сатылып жатқанын жеткізді. Өткен жылы күнбағыстың тоннасы 100-110 мың теңге ғана болған. Шикізат құнының шарықтауы өндірілген өнім бағасына, оның нарықта бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді. Соңғы уақытта елімізде өсімдік майы күрт қымбаттағанын көріп отырмыз. Қазір азық-түлік дүкендерінде 1 литр күнбағыс майы 650-800 теңгеден саудалануда. Бір жыл бұрын оның бағасы әлдеқайда төмен болатын. Бұл елде өсірілетін майлы дақылдың дені шетке сатылып, отандық өңдеу өнеркәсібі бірқатар қиындықтарға тап болғанын аңғартады. Бірақ шетелге астықты шикізат ретінде емес, өңдеп дайын өнім қалпында сату тиімді екенін түсінетін уақыт жетті. Ол үшін май өңдеу саласында отандық өндірісті дамыту қажет. Ал Қызылжардағы кәсіпорын толық қуатында жұмыс істесе, шикізатқа сұраныс, тіпті, көбеймек. Сондықтан шикізат тапшылығы отандық диқандарды майлы дақылдардың егістік алқаптарын ұлғайтуға ынталандыруы тиіс. Өңірдегі ірі шаруашылық құрылымдар да май өңдеуге баса көңіл бөлсе, артық емес. Бұл нарықта өсімдік майын өндіруде бәсекелестік орта қалыптастырып қана қоймай, бағаны тұрақтандыруға, сапалы өнім шығаруға негіз болар еді. Одан шаруалар ұтпаса, ұтылмасы анық.
Май зауытының тағы бір ерекшелігі – қалдықсыз жұмыс істейді. Алдағы уақытта жаңа зауытта өсімдік майы ғана емес, күнжара да өндірілетін болады. Күнжара – дақылдың майы сығылып алынғаннан кейінгі қалдығы. Ол құнарлы мал азығы ретінде пайдаланылады. Бір тонна дақылдан 35 пайыз май шығарылса, қалғаны – күнжара. Бүгінгі таңда агроқұрылымдар тарапынан күнжараға деген сұраныс жоғары.
Өңіріміздегі белді шаруашылықтардың бірі – “Петерфельд-Агро” ЖШС-нің басшысы Асқар Мәдиев құнарлы азықты Павлодар мен Қостанай облыстарынан сатып алатынын айтты. Жаңа зауыт ашылса алғашқы тұтынушысы болуға әзір.
– Бүгінде жылқы, қазақтың ақбас сиыры мен қой өсіреміз. Мал өсіру, одан мол өнім алу үшін азығын қамдау маңызды. Төрт түлікті азықтандыруда күнжараны пайдаланамыз. Өңірімізде осындай тың жоба қолға алынып, жаңа зауыт салынатынына қуаныштымын. Себебі, алыстан арқалағанша жақыннан дорбалаған әлдеқайда тиімді, – деген кәсіпкер майлы дақылдарды өңдейтін зауыт іске қосылатын күнді тағатсыздана күтіп отырғанын жасырмайды. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің облыстағы май экстракциялық зауытынан шығарылатын өнімдерді сатып алуға дайын отырған шаруашылықтар баршылық.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.