Президенттің аграрлық саладағы өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Масло-Дел» ЖШС-ның майды экстракциялау зауыты іске қосылды. Зауыттың жалпы құны 34 млрд. теңгені құрайды және оның іске қосылуы өңір экономикасына елеулі серпін бермек. Жоба аясында 220 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар кәсіпорын бюджетке жыл сайын шамамен 3,2 млрд. теңге салық түсімдерін аударуды жоспарлап отыр, бұл аймақтың экономикалық тұрақтылығына оң әсерін тигізеді.
Облыс әкімі өндіріс орнына арнайы барып, жылына 400 мың тоннаға дейін күнбағыс, рапс, зығыр сияқты майлы дақылдарды өңдей алатын зауыттың жұмысымен танысты. Зауыт толықтай автоматтандырылған және қалдықсыз жұмыс істейді. Кәсіпорын заманауи еуропалық жабдықтармен қамтылған, бұл өндірістің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жоғары сапалы өнім өндіруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда кәсіпорында 10 мың тонна тазартылмаған күнбағыс майы өндіріледі. Алдағы көктемде экстракция желісі толық қуатына көшіп, тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылатын лецитин өңдеу цехы ашылады деп жоспарлануда.
Зауытты шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен тығыз әріптестік орнатылып, майлы дақылдар егілетін алқаптар көлемі ұлғайтылуда. Әртараптандыру аясында майлы дақылдар алқабы 760 мың гектарға дейін кеңейтілді.
Жаңа зауыттың әлеуеті өте жоғары. Өңірде майлы дақылдардың өндірісі қарқынды дамып келеді. Өткен жылы облыс бойынша 780 мың тонна майлы дақыл жиналса, өңдеу кәсіпорындарының жылдық қуаты 811 мың тоннаны құрайды. Бұл көрсеткіштер жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу арқылы майлы дақылдарды терең өңдеуге және экспорттық әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік береді.
«Масло-Дел» ЖШС-ның жаңа май экстракциялау зауыты – өңірдегі өңдеу өнеркәсібін дамытудағы маңызды жобалардың бірі. Сондықтан Қазақстанның агроөнеркәсіп-тік кешенінің дамуына серпін беретін қадамдардың бірі деуге болады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».