«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАКЕТТЕР КӨМЕКТЕСПЕК

Облысымыздың маңызды тас жолдарында патрульдік машиналардың макеттері пайда болды. Алыстан патрульдік машинадан аумайтын бұл макеттер жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.

Алғашқы макет М.Жұмабаев ауданындағы республикалық маңызы бар «Челябі-Новосібір» тас жолы бойында қойылды. Көшпелі макеттер тас жолдың апат жиі болатын қауіпті аймақтарына орнатылады. Алдын-алу шарасының нәтижесі бар. Көлік жүргізушілері патрульдік машинаны көріп, алыстан жылдамдықты түсіре бастайды екен.
-Тас жолдарда жылдамдықты шектен тыс асыру жиі кездеседі. Оның салдары жол-көлік апатына апарады. Сараптама республикалық маңызы бар жолдарда жол-көлік апатының азайғанын көрсеткенімен, қайғылы жағдайларға жол бермес үшін барлық тиімді іс-шараларды қолдану қажет, — дейді облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Жыл басынан бері облыстан өтетін республикалық жолдарда 26 апат тіркеліп, 9 адам қаза тапты, 45-і жарақат алды. Былтыр 38 көлік жол-көлік апатында 26 адам мерт болса, 60-ына дәрігерлердің көмегі қажет болған. Облыстық патрульдік полиция батальонының 15 экипажы күн сайын 1347 шақырымға созылып жатқан республикалық маңызы бар жолдарда кезекшілік атқарады. Енді оларға жолдағы тәртіпті сақтауға арнайы макеттер көмектеспек.


Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp