Ауыл шаруашылығы министрлігі 2019 жылдың қазан айында шетке шығарылатын тірі мал экспортын шектеу жөніндегі шешімін өзгертіп, мал экспортына тыйым салды. Қазақстанның экономикалық саясаты экспортты арттыру керек деген талапты ұстанып отырғанда, бұл алғашында соған қарсы шешімдей болып көрінгені рас.
Алайда, министрлік бұл шешімге басқа амалы жоқтан барып отыр. Еліміздегі мал саны азайып барады. Былтыр ғана 150 мың қара мал және 250 мың қой сыртқа тірідей шығарылған. Олардың жартысынан астамы аналық малдар. Соның негізгі бөлігі Өзбекстан аумағына өткізіледі екен. Өзбек ағайындардың Қазақстаннан көбінесе жас әрі күйі нашар малдарды алып, аз уақытта семіртіп, дайын өнім түрінде нарыққа шығарып отырғаны белгілі болып отыр. Бұл қазақстандық шаруалардың мүддесіне, жалпы еліміздің экономикалық тиімділігін арттыруға кереғар. Шаруа қаншама азаппен күткен, асыраған малының толық пайдасын көруі керек. Қазір қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары шикізаттың аздығынан өзінің 30-40 пайыздық қуатында ғана жұмыс істеп тұр. Тірі малды сыртқа әкетуге тыйым салынбаса, олардың шикізатпен қамтамасыз етілуі тіпті төмендей түседі. Сайып келгенде бұл жұмыс орындарының азаюына, дайын өнімдер көлемінің қысқаруына, мемлекеттік бюджетке түсетін салық көлемінің кемуіне соқтырады.
Былтыр біздің облыстан сыртқа 15 мың тірі мал шығарылған. Соның ішінде үш мың басқа ветеринарлық анықтама беріліп, шекара асқан. Облыс аумағынан шығарылған малдың басым бөлігі оңтүстік облыстарға кеткен. Ал ол жақтан Өзбекстан аумағына өткізілгені де белгілі болып отыр. Өйткені, бұлар әзірге союға жарамайтын жас малдар болған. Осыған орай біз жергілікті шаруашылық басшыларымен хабарласып, министрліктің экспортқа тірі мал шығармау жөніндегі шешіміне қатысты пікірлерін білдік. Есіл ауданындағы “Заградовка” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Иван Фисенко министрліктің шешімін толық қолдайтынын айтты. Бұл – аудандағы етті тұқымды мал өсіретін ірі серіктестіктердің бірі. “Тірі малды сату бізге тиімсіз, біз ет түрінде өткізгенді қалаймыз. Қазір біз малымызды жергілікті ет комбинатына өткізудеміз. Сыртқа дайын өнім түрінде шыққаны бізге де, елге де пайдалы”, – деді Иван Феофанович.
Асқар Мәдиев басқаратын “Петерфельд АГРО” ЖШС-і – 4572 гектар жерге егін егіп, бірнеше мың бас мал өсіретін ірі шаруашылық. Қызылжар ауданында орналасқан агроқұрылым жылқы, қазақтың ақбас сиыры мен қой өсіреді. “Мен министрліктің шешімін қолдаймын. Біз малды өзіміз өсіріп, пайдасын көруіміз керек”, – деді Асқар Аманжолұлы. Үш жүзге жуық қара мал ұстап, етін өткізіп, сүтін сауып отырған “Большая Малышка” ЖШС-нің директоры Ерғали Ғабдуллин де бұл шешімді қолдайтынын жеткізді. Фермер малды тірідей шетелге сатуға қарсы.
Міне, осылайша, солтүстікқазақстандық шаруалардың басым бөлігі Ауыл шаруашылығы министрлігінің шешімін дұрыс санайтындықтарын жеткізді.
Жақсыбай САМРАТ.