«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛҒА ЕКПЕ ЕГУ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ

Петропавл қаласында бүгінгі күні 800-ге жуық ірі қара мен 1500-дей ұсақ мал бар. Сонымен қатар 260 жылқы және 250 шошқа тіркелген. Олардың тең жартысына биыл көктемде екпе егілген болатын. Қазір шаһарда күзгі екпе егу науқаны басталды. Ветеринар мамандар бруцеллез, туберкулез ауруларының алдын алу мақсатында үй жануарларынан қан алып, дәрі егуде. Биыл қала бойынша аса қауіпті ауруларды алдын-ала анықтап, малдарды егуге бюджеттен 2 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген.

Екпе егудің маңыздылығын қала тұрғындары да жете түсінеді. Мәселен, Жұмысшы кентінде тұратын Тамара Плотникова зейнет демалысына шыққан соң, бос отырмай сиыр бағуды қолға алыпты. Оның қазір Марта, Мая, Красуля деген үш сиыры бар. Әр маусым сайын зейнеткер оларға екпе егуден қалыс қалған емес. “Өйткені, уақтылы егілген екпенің малға ғана емес, өзіміз үшін де пайдасы зор. Себебі, осы малдың арқасында сүт, май, қаймақ, ірімшік, ет секілді азық-түлікті күнделікті тамағымызға тұтынып отырмыз”, – дейді зейнеткер.
 Қазір маусымдық жұмыстардың қызған шағы. Мал дәрігері сиырлардан қан алып, туберкулин дәрісін егуде. Екі күннен соң туберкулин егілген орында ісік болмауы керек, әйтпеген жағдайда ол малдың туберкулезге шалдыққанын білдіреді. Петропавл қаласы ветеринарлық станциясының ветеринар дәрігері
Ирина Гуськованың айтуынша, егер ірі қарада туберкулез белгісі байқалса, оған вакцина егілмейді, оны бірден сою қажет. Ал егіліп жатқан дәрілер малды қарасан, бруцеллез, листериоз сияқты көптеген аурулардан сақтайтын көрінеді. Малдан алынған қан зертханада сарапталады.
Күзгі екпе егу жұмыстарын ветеринар мамандар қазан айының соңында аяқтамақшы. Жалпы, мұндай жұмыстар әр жартыжылдық сайын жүргізіліп тұрады.

Сурет https://www.agroinvestor.ru сайтынан алынды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp