Облыстық статистика департаментінде өткен баспасөз мәслихатында қаңтар-қыркүйек айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы әңгіме өрбіді.
Департамент басшысының орынбасары Қуанышбек Қалижановтың айтуынша, үстіміздегі жылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша облысымыз республиканың 16 өңірі арасында өнеркәсіп көлемінің өсу қарқыны бойынша бесінші орында, тұрғын үй құрылысын жүргізуде алтыншы орында, инвестиция және ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі жөнінен жетінші орында тұрақтаған. Машина жасау өндірісінің көлемі 2,2 есе, жеңіл өнеркәсіп 1,6 есе, ал пластмасса бұйымдары өнімдері 22,6 пайызға өскен.
Статистикалық дерек бойынша, былтыр өңір экономикасына тартылған инвестиция 122,7 миллиард теңгені құраған. Дегенмен, аталған мерзім ішінде облыста тұтыну бағаларының өсу қарқыны орын алған. Биылғы жылдың басынан бері инфляция ел бойынша 4,2 пайыз болса, біздің өңірде бұл көрсеткіш 5 пайызды құрап отыр. Атап айтқанда, азық-түлік тауарлары мен қызметтердің бағасы қымбаттаған.
– Инфляцияның қалыптасуына халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтері тарифтерінің өсуі әсерін тигізіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, қаңтар-сәуір айларында ыстық судың бағасы – 28,4 пайызға, орталықтан жылыту – 21,6 пайызға, суық су мен кәріз – 8,5 пайызға, тамыз айында газ 14,1 пайызға көтерілді. Осы кезеңде қоғамдық автокөлік қызметтерінің 9,5 пайызға қымбаттауы да тұрғындардың қалтасына салмақ түсірді, – деді Қуанышбек Серікұлы.
Тұрғындар үшін сүт өнімдері – 6,3 пайызға, ет және еттен жасалған өнімдер, балық және теңіз өнімдері – 5 пайызға, нан өнімдері мен жарма – 3,4 пайызға, ал жемістер мен көкөністер 1,4 пайызға қымбатқа түскен. Киім және аяқкиімнің жекеленген түрлерінде – 3,7 пайыз, дизель отынында – 13,9 пайыз, бензинде 9,8 пайыз өсім тіркелген. Бұдан бөлек, биылғы жылғы қаңтар-қыркүйек айларында медициналық қызметтер – 5,9 пайызға, ал білім беру қызметтері 3,3 пайызға қымбаттады.
Баяндамашының келтірген есебіне назар салсақ, облыс экономикасында оң нәтижелер де баршылық. Мәселен, күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы өскен. Тұрғындардың орташа жан басына шаққандағы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 23681 теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 20,1 пайызға артық.
Өңір экономикасының күретамыры болып табылатын ауыл шаруашылығында да алға басушылық бар. Облыс экономикасын айқындайтын бұл салада 368,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Соңғы дерек бойынша, өңірімізде мал басының өсуі байқалған. Мәселен, қара малдың саны – 3 пайызға, қой мен ешкі – 2,7 пайызға, жылқы – 4,1 пайызға, құс 5,6 пайызға өскен.
Облыс бойынша құрылыс саласының қарқыны көңілге қонымды. Тоғыз айдың ішінде өңірде 32 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілген. Тұрғын үй құрылысы бойынша 10 млрд. теңге игерілсе, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 103,8 пайызды құрайды. Биыл өңір аумағында 81 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Өсім 133,5 пайыз болған. Жеке құрылыс салушылар есебінен жалпы көлемнің 52,2 пайызы, яғни 42,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.