«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

Жамбыл ауданының Железное ауылындағы “Ван” шаруа қожалығы – бұған дейін егіншілікпен айналысып келсе, былтырдан бастап мал өсіруді қолға алған. Қожалықтың басшысы Ваган Назеян “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 9 миллион теңге қаржы алып, оған симменталь тұқымынан 36 бас сиыр мен қазақтың ақбас сиыры тұқымынан 2 бас бұқа сатып алыпты. Бүгінде оның қорасында 65 бас ірі қара бар.

– Маған симменталь тұқымын ет үшін де, сүт үшін де өсіруге болатыны ұнайды. Алдағы жылдан бастап сүт сатып та табыс таппақпыз. Ауылда өскен адам үшін мал шаруашылығы таңсық шаруа емес. 12 жыл қожалықта бір бағытта ғана жұмыс істетіп келдім. Шындығы керек, маусымдық жұмыстың табыс берер уақытын тосып отыру қиын. Оның үстіне бар-жоғы 668 гектардан түсетін пайда шамалы. Бүгінде мемлекет біз сияқты шағын шаруашылықтарға тиімді бағдарламалар ұсынуда. Неге оларды пайдаланбасқа?! – дейді Ваган Володянович.

Кәсіпкер алдағы екі-үш жылда сиыр басын жүзге жеткізбек. Рас, қиыншылықтар да жоқ емес.

– Мен биыл жазда сиырларды саумақ ойым болған еді. Бірақ ауыл тұрғындары ішінен осы жұмысты атқаратын адам таба алмадым. Оларға сүттен түскен пайданы тең бөлісіп отырайық деген ұсыныс та жасадым. Жұмыссыз жүрген адамға бұл аз да болса, табыс көзі емес пе? – дейді ол.

Аталмыш шаруашылықта мал бағып жүрген үш бақташының орташа айлығы – 50 мың теңге. Жұмыс жеңіл емес. Алайда, ауылдағы жұмыс тапшылығын білетін, еңбектің адал ақысын көксеген адамға бұл – табыс. Ваган Назеян болашақта шаруашылықтың жұмысы өрге басқан сайын ондағы еңбеккерлердің де жағдайы жақсара түсетініне сенімді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp