«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛ ТҰҚЫМЫН ҚАЛАЙ АСЫЛДАНДЫРУҒА БОЛАДЫ?

“Ауылдағы малымыз ұсақталып бара жатыр. Әсіресе, ірі қара. Мұның себебі ұрықтандыруда екені түсінікті. Ақпарат көздерінен жалпы табынға асылтұқымды бұқа қосу мәселесін жергілікті биліктің көмегімен шешіп жатқандарды естіп жүрміз. Сол шара қалай жүргізіледі?” – деген Шал ақын ауданындағы Жаңаталап ауылының тұрғыны Дамир Есімсейітовтің сауалына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров жауап береді:

– Үкіметтің қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту жоспары бар. Малды асылдандырмайынша, бұл бағдарламаны жүзеге асыру мүмкін емес. Сондай-ақ, қосалқы шаруашылықтардағы малдың тұқымын жақсартпай, ет экспортын ұлғайту мәселесін тағы шеше алмаймыз. Осыны ескеріп, мал тұқымын жақсарту бойынша кешенді бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық қордан облыстық бюджетке қомақты қаражат бөлінеді.

Асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру бағытында демеуқаржы беру қағидалары бекітілген. Бұл шараны Ауыл шаруашылығы министрлігі 2014 жылғы 19 қарашадағы бұйрығымен қолға алған болатын. Жыл сайын 20 қаңтардан кешіктірмей субсидия көлемінің нормативтері мен өлшемдері облыс әкімдігінің қаулысымен бекітіледі. Оқырман сауалы асылтұқымды және селекциялық қара малды сатып алу бағытына негізделген. Бұл үдерістің қалай жүргізілетінін тарқатып айтар болсақ, біріншіден, бұл жеке кәсіпкер немесе шаруа қожалығы бар адамның құзырымен оңай шешіледі. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары өндірістік кооператив құру арқылы табынға бұқа сатып ала алады. Әр жағдайда құжат толтыру және субсидия алу көрсеткіштері әртүрлі. Сондықтан бұл мәселені жүзеге асыруға ниетті адам өзі тұратын ауданның ауыл шаруашылығы бөліміне барып, жағдайына байланысты ақпаратты дұрыс алғаны жөн. Мәселен, кооператив құрғандар сатып алынған бұқаларына жыл сайын – 154 мың теңге, ал табындағы әр бас сиырға 18 мың теңге демеуқаржы ала алады. Мұндағы ең басты талап – бұқаның асылтұқымдылығы мен жас мөлшері. Жалпы селекциялық ірі қараның асылтұқымдылығы сақталған кезде ғана жалпы табындағы малдың қаны жаңарады. Бұл бағдарлама ауыл тұрғындары үшін өте тиімді.

Үстіміздегі жылдың 1 қарашасына дейін өңірімізде “Селекциялау-асылдандыру жұмыстары” бағыты бойынша 19,5 бас малға демеуқаржы алу туралы өтініш түсіп, оларға 351,0 миллион теңге берілді. Ал асылтұқымды ірі қараның әрқайсысына 20 мың теңге демеуқаржы, 24,2 мың басқа 484,0 миллион теңге бөлінді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp