Облыстық полиция департаментінде онлайн режімде жедел кеңес өтіп, тәртіп сақшыларының жарты жылда атқарған жұмысы сараланды. Өткен алты айдың қорытындысына сүйенсек, өңірімізде қылмыс саны төмендепті. Әсіресе, жиі жасалатын пәтер тонау, ұялы телефон, мал ұрлығы саябырлаған.
Өңірімізде бірінші жартыжылдықта 2620 қылмыс тіркелсе, бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 24 пайызға төмен. Оның ішінде тәртіп сақшыларының жүйелі түрде жүргізген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде тұрғындардың малды еркін жайылымға жіберуі азайып, қылмыс үш пайызға төмендеді.
– Бүгінгі таңда сандық технологиялар саласында жасалатын қылмыс саны артты. Осы орайда біз бұл саланы қатаң бақылауға алдық. Қоғамда цифрландыру дамыған сайын оны теріс мақсатта пайдаланатындар да көбейеді. Көпшілік бұл жағдайдан бейхабар болғандықтан, алаяқтар жиі қолданатын айла-шарғылар жайлы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуіміз қажет, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев.
Құқықтық тәртіпті сақтауда материалдық-техникалық базаны нығайтудың маңызы зор. Өңірімізде қоғамдық тәртіпті сақтау үшін автопаркті жаңарту, патрульдік машиналарды стационарлық бейнекамералармен жабдықтау қарқынды жүргізілуде. Әсіресе, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзектілігін жойған жоқ. Өткен алты айда облыс жолдарында 20 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркеліп, 477 мас жүргізуші ұсталды.
Кеңес барысында пандемияның салдарынан жұмыс жоспарына енгізілген өзгерістер жайы да сөз болды. Алайда, оның барлығы қоғамдық тәртіпті сақтап, адамдардың өмірін, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев жеке құрамға тұрғындармен тығыз байланыс орната отыра, алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар қызметінің бас маманы.