Биыл облысымызда мал ұрлаудың 75 фактісі тіркелді. Бұл соңғы екі жылда осы қылмыс түрінің 40 пайызға төмендегенін көрсеткенмен, полицейлер ауыл тұрғындарына үнемі сақ болуға кеңес береді.
Сақтық шаралары туралы облыстық полиция ведомствосының криминалдық полиция қызметкерлерінің Тайынша ауданының Абай ауылдық округі тұрғындарымен өткізген кездесуі барысында да сөз болды. Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климов ауылдықтарға мал ұрлығы проблемасының өзектілігін түсіндіре отырып, үй жануарларынан айырылып қалмаудың пәрменді шараларының бірі оларды таңбалау екенін айтты.
Осындай кездесу Аққайың ауданында да өтті. Степное ауылы тұрғынының қорасынан жылқылары ұрланып, тәртіп сақшылары олардың белгі салынған терісін тауып алған. Бұл ұрыларды анықтап, күдіктілерді ұстау кезінде бұлтартпас айғақ зат болды. Қаскөйлер бір миллион теңгеге жуық мал шығынын төледі.
Полицейлер Айыртау ауданында да 46 бас ірі қараны ұрлаған бір топ ауыл тұрғынын ұстады. Олар малдың бір бөлігін сатып үлгерген екен. Қалғандары иесіне қайтарылды.
Жуырда өңірімізде “Мал ұрлығы” жедел-алдын алу іс-шарасы өтті. Оның негізгі мақсаты мал ұрлығына жол бермеу және ұрлық фактілерін ашу жұмысын жандандыру болып табылады.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы.