Облыстық ішкі істер департаментінің ақпараттық насихат тобы шалғай жатқан Ақжар және Уәлиханов аудандарына барып, көшпелі кеңестер өткізді.
Ақжар ауданында өткен облыстық ішкі істер департаменті жанынан құрылған консультативтік-кеңестік органның көшпелі отырысында мал ұрлауға қатысты қылмыстардың алдын алу және ашу жайы қаралды. Бұл мәселенің аталмыш ауданда талқылануының да өзіндік себебі бар. Соңғы бес жылда Ақжар ауданында мал ұрлығының 168 фактісі тіркелген. Криминогендік ахуал баяндалғаннан кейін аудан әкімі Серікбай Тұралинов жергілікті полиция қызметінің бастығына қызметтік автокөліктің кілтін табыстады. Ал облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов ауданның тәртіп сақшыларын марапаттады.
Бұл күні осындай шара Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылында да болды. Облыстық ішкі істер департаментінің көшпелі кеңесі барысында жедел-қызметтік жұмыстың өткен 8 айдағы қорытындысы шығарылды. Уәлиханов ауданының әкімі Аман Төрегелдин де аудандық ішкі істер бөлімінің басшысына қызметтік көліктің кілтін табыстап, бірқатар тәртіп сақшылары марапатталды.
(Өз тілшіміз).